Шымкентте жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша соңғы 7 жылдағы ең жоғары өсім тіркелді
2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 5,7 трлн теңгені құрап, өсім 11%-ға жетті.

Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен (6,5%) едәуір жоғары. Нәтижесінде мегаполис өңірлер арасында Астана қаласынан кейін 2-ші орында.
Бұл – соңғы жеті жылдағы ең жоғары өсім қарқыны. Экономикалық өсімге өнеркәсіп өндірісінің артуы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы, өңдеу өнеркәсібіндегі жобалардың жүзеге асырылуы және инвестиция тарту жұмысының күшеюі оң серпін берді.
Сонымен қатар құрылыс саласындағы жоғары қарқын, тұрғын үй көлемінің ұлғаюы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және сауда айналымының кеңеюі өңір экономикасының кешенді дамуына ықпал етті.
Қазір жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіп саласының үлесі 20%, ал сауда саласының үлесі 25,5%-ды құрап отыр.
Соңғы үш жылда өңір экономикасы қарқынды дамып, жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылғы 3,3 трлн теңгеден 2025 жылы 5,7 трлн теңгеге дейін өсіп, шамамен екі есеге ұлғайды.
Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40,5%-дан 56%-ға дейін артты.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі


