Бала құқығы - басты назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек», – деп атап өткен болатын.

Президент бұл мәселені Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімі аясында көтеріп, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мен балалардың құқығын қорғауға баса мән берген.
Осы бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан әкімінің орынбасары С. Дүйсебаевтің төрағалығымен Сайрам ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және олардың арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды.
Комиссия отырысының алғашқы мәселесі бойынша жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет жасаған кәмелетке толмағандарға медициналық көмек көрсету және оларды әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу жұмыстарының қазіргі жағдайы талқыланды.
Жауапты сала өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, балаларға дер кезінде психологиялық және медициналық көмек көрсету, қауіп факторларын ерте анықтау және профилактикалық шараларды күшейту мәселелеріне тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Сайрам аудандық білім бөлімінің ұсынысына сәйкес қаралды. Арыс ауылдық округіндегі №12 Т. Рүстемов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысына қатысты орын алған жағдай комиссия отырысында жан-жақты талқыланды.
Отырыс барысында жауапты мекеме өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ


