ОҚМПУ-Іскер басшыға мүмкіндік беру қажет

Oinet.kz 10-01-2024 2302

     1704459187.jpeg           

Жаңа жылдан бастап Шымкенттегі іргелі оқу орындарының бірі, мұғалімдерді дарялайтын қара шаңырақ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаеваның аталған қызметті атқарудағы келісім-шарты аяқталды. Ол бұл орынға 2020 жылы тағайындалған болатын. Қазіргі уақытта аталған оқу ордасының ұжымы келісім-шарттың ұзартылуын қалап отыр. Себебі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Дәулетбекқызы жетекшілік еткен төрт жылға жуық уақыт ішінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде  көптеген игі істер жүзеге асты.

Мәселен, былтыр оқу орнына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілді. Бұл былтырғы жылдың елеулі жаңалығының бірі болды.  Өзбекәлі Жәнібековтің қайраткерлік өнегесі, ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесі – педагог мамандардың бағдар алар шамшырағы іспеттес. Дәуір дарабозы елдік мұрат жолында халықтық танымның, ұлттық тағылымның, мәдени мұраның, тарихи дәстүрдің қайта түлеп жаңғыруына айтулы еңбек сіңірді.

Сонау 1937 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан оқу орнын бүгінгі күнге дейін 70 мыңнан астам адам бітіріп шықты. Заман талабына сай білім саласындағы үздік тәжірибелер негізінде адами капитал сапасын арттыру бағытында оқу орны 8 мыңға жуық білім алушысын еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман етіп шығаруды басты міндет етіп отыр. ОҚМПУ 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты.

Университетте педагогикалық білім беруді дамыту аясындағы іс-шаралар бәсекеге қабілетті, заманауи құзыреттерді меңгерген, жоғары кәсіби біліктілікке ие, цифрлық дағдыларды игерген педагоги­калық мамандарды даярлауға бағытталған. Гүлжан Дәулетбекқызының жетекшілігімен оқу ордасында  «Өзбекәлі Жәнібеков орта­лығы» жұмысын бастап, ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұра­сын зерттеуге қызмет етіп, ұлттық мәдени танымды, тәрбие құндылықтарын, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісін, даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйек­теуге, педагог мамандардың білімі мен тәжірибесін кеңейтуге үлесін қосып отыр.  Ұлттық танымның өрісін кеңейтуде университет қабырғасында бірнеше ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренциялар болып өтті. Оның ішінде қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына, ағартушы және түркітанушы, қазақтың алғашқы әліп­биінің авторы Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығына арналған ғылыми жиындарда ұлттық мәдени танымның, ғылым-білімнің өрістері жөнінде тың ғы­лыми ізденістер жарияланды. Сондай-ақ ОҚМПУ ғалымдарының ұйытқы болуымен республикада алғашқы «Әкелер мектебі» құрылды. Бүгінде оқу орнында «Қазына», «Шаңырақ», «Тұмар» ғимараттары жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде студенттердің мейлінше еркін, өздерін қолайлы сезінуге жасалған жағдай.

ОҚМПУ – 1926-1929 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық техникумы деп аталатын. Осы уақыт аралығында оқу орнын алғашқы болып басқарғандар қатарында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың да есімі бар. Осы орайда биыл қазан айында ұлтты сүюдің ұлағатты жолын көрсеткен ұлы жазушы, ғалым-педагог Жүсіпбек Аймауытұлына арналған тағылымы мол, тағзымды іс-шара өтті. Жүсіпбек Аймауытұлына оқу орнының бас ғимаратының қасбетінде тағзымтақта ашылды. Ал университеттің бас ғимаратының ішінде екінші қабатта Жүсіпбек Аймауытұлының бюст-ескерткіші ашылды. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда оқу орнының басшысы Гүлжан Дәулетбекқызы ресми түрде биыл университет құрамында ашылған педагогикалық колледжге Жүсіпбек Аймауытұлының есімін беруге шешім қабылданғандығын хабарлады. Жүсіпбек Аймауытұлының қазіргі оқырманға лайықтап жаңа нұсқада қайта басылып шыққан «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» атты оқулықтары таратылды.

 

загруженное.jpg

 


Жаңа мәртебе –жоғары рейтинг. Д.Қожамжарова жетекшілік еткен ОҚУ жоғары жетістіктерге жетті
Сайлаулардың саны жөнінен рекорд орнайтын жыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу