«Эпштейн файлдары»: Оның Мәсімов және Келімбетовпен не байланысы бар?

Oinet.kz 03-03-2026

_108277241_gettyimages-587969096.jpg 

Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары және депутат Абзал Құспан әлемдік саясат сахнасында үлкен дау тудырған «Эпштейн файлдары» деп аталып кеткен құжаттарға байланысты Бас прокурор Б.Асылов пен ҰҚК төрағасы Е.Сағымбаевтың атына  депутаттық сауал жолдады.

Әңгіме америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн туралы болып отыр. Ол кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа тартатын халықаралық желіні ұйымдастырды деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2019 жылы Нью-Йорктегі тергеу абақтысында қайтыс болды. Оның ісі мен байланыстары қазір  әлемнің саяси және қаржылық элитасын қамтыған ауқымды жанжалға айналды.

Соңғы жылдары жария болған сот материалдары мен тергеу құжаттары Эпштейннің ықпалды саясаткерлермен, банкирлермен, кәсіпкерлермен және қауіпсіздік құрылымдарына қатысы бар тұлғалармен байланыста болғанын көрсетті. Бірқатар елдерде осы деректерге байланысты парламенттік тыңдаулар басталып, құқық қорғау органдары тексеру жүргізуде.

«Әлемдік саяси аренаны “Эпштейн файлдары” төңірегіндегі жанжал әлі де дүр сілкіндіріп отыр. Жетекші демократиялық мемлекеттер бұл іске қатысты парламенттік тергеулер мен қылмыстық қудалауларды бастап кетті. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайды. Қазақстан азаматтары ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және оның күмәнді беделі бар жабық клубтарда сауда нысанына айналмағанын білуге құқылы», – деген мәжілісмендер депутаттық сауалда.

Депутаттардың мәлімдеуінше, жарияланған құжаттарда «Ескі Қазақстан» кезеңінде жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған бірқатар тұлғалардың есімдері кездеседі. Атап айтқанда, бұрынғы Премьер-Министр, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовтің аты жазбаларда кемінде сегіз рет аталады.

 «Жазбалардан Эпштейн мен Масимовтің жеке таныс болғаны анық байқалады. Неге қазақстандық жоғары лауазымды шенеунік Эпштейнмен кездесуді өзі бастамашылық етті? Бұл кездесулер қай жерде өтті? Сол атышулы аралда болған жоқ па?» – дейді сауалда.

Сонымен қатар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары Эпштейннің Нью-Йоркте бұрын Премьер-Министрдің орынбасары және Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған Кайрат Келімбетовпен бірге болғанын жазған. Депутаттар: «Келімбетовке бұл кездесулер не үшін қажет болды? Әлде кездесулерді өз мүддесі үшін Эпштейннің өзі ұйымдастырды ма?» – деп сұрайды.

Сауалда хат алмасуларда Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланыстары, түрлі кездесулер мен іс-шаралар талқыланғаны, жеке сәлем жолданғаны айтылатыны көрсетілген. Бұдан бөлек, құжаттарда мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты белгісіз жоғары шенді генерал туралы да ишара бар екені атап өтіледі. «Бұл кім? Мүмкін, бұл да сол Мәсімов пе?» деген сауал да жолданған.

Депутаттардың айтуынша, жария құжаттардан Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені байқалады. Алайда файлдарда оның еліміздегі барлық байланыстары толық көрсетілмеуі мүмкін. Осы орайда олар: «Эпштейн Қазақстанға қандай мақсатпен тұрақты түрде келіп отырды? Ол сол кезеңдегі қай жоғары лауазымды тұлғалармен байланыс орнатты?» – деген мәселелерді көтереді.

Сондай-ақ халықаралық жарияланымдарда қазақстандық модель Руслан Коршуновтың есімі аталады. Ол АҚШ-та қайғылы жағдайда көз жұмған. Депутаттар бұл деректер де мұқият зерделенуі тиіс деп есептейді.

Сауалда ұлттық қауіпсіздік мәселесі айрықша атап көрсетілген. Онда: «Қызметтік қолжетімділігі шектеулі ақпараттың сыртқа шығуына жол берілген жоқ па? Мемлекеттік шешімдер қабылдайтын тұлғаларға сыртқы ықпал ету арналары қалыптасты ма? Оларға қатысты әшкерелейтін материалдар жиналмады ма? Қазақстандық шенеуніктердің Эпштейнмен байланыстары сол кезеңдегі ел басшылығы тарапынан санкцияланды ма?» – деген нақты сұрақтар қойылған.

Депутаттар құзырлы органдардан «Эпштейн файлдарында» аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен аффилирленген адамдарға қатысты ақпаратты тексеруді сұрайды. Сонымен қатар басқа да қазақстандық саясаткерлердің, кәсіпкерлердің немесе шоу-бизнес өкілдерінің Эпштейнмен ел ішінде не шетелде бейресми кездесулері, жабық келіссөздері немесе өзге де байланыстары болған-болмағанын анықтауды талап етеді.

Сауал авторлары ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға беруді, лауазымды тұлғалардың беделіне нұқсан келтіру немесе мемлекеттік құпиялардың жария болу тәуекелі бар-жоғын айқындауды, сондай-ақ тексеру нәтижелерін Парламент пен қоғамға ашық жариялауды сұрайды.


Мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін қымбаттайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу