«Американдық арманы» орындалған қазақ дәрігері

Oinet.kz 22-12-2017 768

Кәсіби дәрігер атану бізде оңай емес, ал  шетелде білім алып,  медик болып жұмыс істеу тіптен қиын. Шыны керек, медицинаны таңдаған жастардың көпшілігі мұндай тәуекелге баруға сескенеді. Дегенмен, түрлі қиындықтардың барын біле тұра, өзге елге ұмтылғандар да жоқ емес. Солардың бірі - Оңала Рақышева.  Ол бүгінгі таңда Америкадағы ең танымал медициналық университеттердің бірінде қызмет етіп жүр. Бұл жетістікке О.Рақышева қалай жетті?  Ендеше, сөз кезегін кейіпкеріміздің өзіне берейік: 

Screenshot_6.jpg

«Менің күнделікті өмірім таңғы сағат 5-тен басталады. Әдетте бір шыныаяқ кофе ішкен соң осы күні менің қабылдауыма келетін пациенттер ауруларының тарихын зерттеуге көшемін. Ауруханаға келгенге дейін әр пациент жайлы неғұрлым көп ақпарат алуға тырысамын. Яғни, оның қандай медициналық тексеруден өткені, денсаулығының жағдайы, емдеу шараларының барысы, оған өзгеріс енгізу қажеттілігі деген мәселелерді қарастырамын. Екі сағаттан соң ауруханада пациенттерді қабылдау ісін бастаймын.Емдеу бойынша профессорлармен жиі ақылдасып тұрамын. Жұмыс күнім кешкі 5-терде аяқталады. Кейде түнгі кезекшілікке шығамын.    

Бұған дейін Вашингтон штатында тұрғанмын. Бірнеше жыл бұрын Fellowship in Endocrinology, Metabolism and Nutrition  бойынша докторлық дәрежеге құжат тапсырдым. Ол адамның ағзасындағы гормоналдық өзгерістерді зерттеуге арналады. Дьюк университеті - әлемдегі ең танымал ғылыми орталықтардың бірі. «Форбс» журналы құрастырған американдық ЖОО-лар тізімінде үздік 15 оқу орнының бірі ретінде танылған университеттің беделі өте жоғары. Тарихы сонау 1838 жылдан басталған университетте өте мықты профессорлық-оқытушылық құрам жұмыс істеуде. Сәйкесінше, осында  оқуға түсуге ең білімді магистранттар мен докторанттар құжат тапсырады. әсіресе оның жанындағы медициналық мектеп элиталық оқу орынның қатарына жатады. Негізі, АҚШ-та арнайы медициналық университет жоқ. Тек беделді университеттердің құрамындағы факультеттер мен медициналық колледждер, сонымен қатар клиникасы жұмыс істейді. 

Дәрігер қызметі Америкада аса жоғары бағаланатын мамандық. Табысы да, мүмкіндіктері де мол. Алайда, бұл мамандық иелеріне қойылатын талаптар да өте күрделі. Біз әрдайым өте қатал емтихандардан өтеміз. Тұрақты түрде өз біліміңді толықтырып тұруың қажет, осы саладағы ең соңғы жаңалықтар мен әдістерді меңгеріп отыруың керек. Студенттердің арасындағы бәсекелестік те жоғары. Мәселен, бір жылда медициналық мектептерге шамамен 50 мыңға жуық талапкер құжат тапсырса, олардың жартысынан астамы емтиханнан өте алмайды. Қабылданғандардың ішіндегі біразы оқу барысында емтихан тапсыра алмай құлап жатады.  

Дьюк университетінің ғылыми-техникалық  базасы өте мықты, кітапхана  түрлі  ғылыми кітаптарға бай. Мұнда атақты ғалымдар келіп лекция оқиды. Өзге академиялық жоғары оқу орындары секілді, Дьюк госпиталі  де түрлі салалардағы ғылыми ізденістерге атсалысады. Жүрек, өкпе, бауыр, ұйқы безі мен бүйрек операцияларын алмастыру жөнінде көптеген операциялар жүргізіледі. Сонымен қатар гормоналдық ауытқушылықтарды емдеуде үлкен тәжірибе жинақтауға толық мүмкіндік бар.  Әр дүйсенбіде мен эндокринолог-хирургтардың мықты командасымен бас қосып, ортақ кәсіби тақырыптарды талқылаймыз. 

«Ата-анам менің Қазақстанға оралуымды қалаған еді»

12 жасқа толғанымда-ақ «Америкада оқимын» деген шешім қабылдап қойғанмын. Ол кезде Әлем корпусы секілді түрлі ұйымдар көп еді. Мен барлық тілдік байқауларға қатысуға тырысқаныммен, әрдайым 2-3 орындардан аса алмадым. Ал Америкаға жолдама тек жеңімпазға берілетін. Менің нәтижесіз қадамдарымды көрген ата-анам «мектеп бағдарламасын ертерек аяқтай алсаң Америкаға оқуға кетуіңе рұқсатымызды береміз» деген шарт қойды. Осылайша, 10-14 сыныптардың бағдарламасын бір жыл ішінде ойдағыдай аяқтай алдым. Ата-анамның кеңесі бойынша «Бизнесті басқару» мамандығына оқуға түскеніммен, көп ұзамай бұл бағыттың мен үшін қызық еместігін түсіндім. Оқуымды жалғастырмайтынымды айтқанымда анам елге қайтуым қажеттігін айтты. Алайда, оған бой бермей, қалаған мамандығымды табуым керектігін айттым. Қаржылай қолдаусыз қалғандықтан, өмір сүру үшін жұмыс істеуге тура келді. Сall-орталыққа қабылдандым, онда күн сайын 12 сағаттық кезекшілікті атқарып жүрдім. Ал кешкісін оқу курстарына жазылдым. Бірақ, мұндай ауыртпалыққа шыдай алмағандықтан, оқуды тастауға тура келді.  

Жалпы, Америкада  білім алудың мүмкіндіктері көп. Тек табандылық танытып, білім алуға барыңды салуың тиіс. Көп ұзамай Батыс Вирджиниядағы шағын университетте тегін білім алуға шақыру келді. Мен қуана келістім, себебі кез-келген мүмкіндікті пайдалануым қажет еді. Оқып жүріп, университетте қосымша жұмыс істедім. Жергілікті американдық жігітке тұрмысқа шығып, Дамир атты ұлдың анасы атандым. Алайда, екі жылдан кейін жұбайыммен арада түсініспеушілік туындап, ажырасуға шешім қабылдадық. Әрине, әрі оқып, әрі бүлдіршінді тәрбиелеу аса қиын ғой. Әлі де Дамирге жеткілікті уақыт бөле алмағаным үшін өзімді кінәлі сезінемін.  Әйткенмен, не болса да тоқтамай, тек алға қарай нық қадам басуым керек еді.  

Оқып жүргенімде микробиология саласына деген қызығушылығым оянды. Жергілікті бірнеше профессор менің ұмтылысымды байқап, биология саласына ауысуға ұсынып, менің бойымда биология ғылымдарының докторы бола алатын әлеуетімнің барын айтты. 

 Дамир дүниеге келгенде менің медициналық сақтандыру полисім болмағандықтан, көп уақыт бойы дәрігердің қызметіне жүгіне алмай жүрдім. Әупірімдеп жүріп шетелдіктерге тегін қызметтер көрсету жөніндегі бағдарламаға іліктім. Сонда байқағаным, шетелдік екенімді білген дәрігерлер дұрыстап қарамай, мұрнын шүйіретін. Мұндайды көргенде болашақта дәрігер боламын» деген біржола шешім қабылдадым.  Себебі, менің түсінігімде, пациент – бірінші кезекте медициналық көмекке зәру адам. Ал оның ұлты, азаматтығы кейінгі мәселе. Әбден дайындық жүргізіп, медициналық университетке оқуға түстім.  Бірінші рет тапсырғаннан-ақ  емтиханнан сүрінбей өткеніме өзім де алғашында сене алмадым. Қуанышымда шек жоқ еді. 

«Оқы, оқы және оқы»

Алайда, медициналық университетке дәріске   барғанымда қиындықтар керісінше, көбейе түсті. Ол жердегі сабақтың ауыртпалығы өзге мамандықтарға қарағанда он есе көп болып шықты. Әр айда  барлық пәндер бойынша том-том кітаптарды оқып, үш апта сайын емтихан тапсырып отырдық. Лекциялардан бөлек үйде де сабақ оқыдым.  Бастапқыда дәріске күніне 8 сағат арнап едім, кейін бұл уақыт 10 сағатқа дейін ұзарды. Тіпті Дамир екеуміз мынадай жоспар құрдық: мен сағаттың қоңырауын 45 минутқа қоямын. Осы сәттен бастап ұлым мені мүлдем мазаламайды. Уақыт біткен соң екеуміз 15 минут бойы ойнап аламыз. Осы сценарий бойынша  қатарынан 3  сағат жұмсап отырдық. Төртінші сағатта өзіме үзілі  жариялап, толықтай ұлыма арнаймын.  Бұдан кейін тағы да бірнеше сағат сабақ оқимын. Түннің бір уағына дейін кітап оқумен жүріп алатынмын. Осылайша төрт жылымды өткізіп, медициналық университетті аяқтаған соң  мен енді кез-келген қиындыққа  төтеп бере алатынымды түсіндім.  

Оқуды аяқтағанмен іс бітпейді. Мамандықты таңдау үшін ауруханада үш жыл бойы терапевт ретінде міндетті тәжірибеден өту қажет. Алғашқы жылда қатты қиналдым. Аптасына 80 сағаттан жұмыс істеуге тура келді. Әр төртінші күні үзіліссіз 30 сағат бойы кезекшілікті атқардым. Осы кезде анам Америкаға келіп, Дамирді тәрбиелеуге жәрдем берді. Екінші жылы анама визаны ұзарта алмағандықтан, тағы да қиын жағдайға қалдым. Тек университеттегі құрбым Ританың  оқуын жалғастыра алмай қалып, ұлыма сол қарап жүрді. 

Жалпы, Америкадағы денсаулық сақтау саласы біздің елдегіге мүлдем ұқсамайды. Мұнда ауруханада апталап жатып емделу тек миллионерлердің қолынан келетін тірлік, себебі мұндай қызмет өте қымбат. Көпшілік емханаларға келіп, тиісті ем-дом шараларын қабылдайды да жөніне кете береді. Мәселен, ауруханаға пневмониямен түскен пациент үш күннен соң оңала бастаса, бірден үйіне қайтарылады. Кейінгі емдеу процедураларын мейірбике үйіне барып жасайды. 

Өзім эндокринология саласын таңдадым. Біздің халіміз көбіне гормондарға байланысты. Олар адам ағзасының температурасын реттейді, салмағына, көңіл-күйіне әсер етеді.  Кейін академиялық білім алу ісін жалғастыру түсу қажет деп таптым да Америкадағы ең ірі ғылыми орталықтардың бірі – Солтүстік Каролинадағы Дьюк университетіне құжат тапсырдым. Қазір өзімді американдық ретінде сезінгеніммен, туған еліме пайдам тисе деймін.  Болашақта Қазақстанда маңызды медициналық зерттеулерді жүргізіп, жергілікті ауруханалардың бірінде жұмыс істеп көргім келеді».   

Балалар дәрігері
Кеннет Әлібек. Атышулы профессордың Америкаға екінші рет қашқаны ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу