Батыр Бауыржан

Oinet.kz 22-05-2020

Теңіздің тамшыдан құралатыны сияқты, кез-келген қауым да, халық та жеке тұлғалардың жиынтығынан тұрады. Тұлғалардың мінезі, қасиеті, ар-намысы мен ұяты – бәрі-бәрі жыйылып келіп ұлттың рухын құрайды. Сондықтан, ұлт ретінде ұйысқан, халық ретінде қалыптасқан елдердің көзге көрінбейтін өзіндік «рухы» болады. Рухы биік тұлғалар тұрғанда халықтың жасампаздығы да арта бермек.

Screenshot_5.jpg

Ұлт тағдыры шешілер тұста, «қарағай басын шортан шалған» қиын-қыстау кезеңде немесе «буыршын мұздан тайған күні» халықтың «адал сүт емген» перзенттері «толарсақтан саз кешіп» сынға түседі. Сөйтіп аласапыран алмағайып уақыттың өзі алыпты дүниеге әкеледі. Өмір мен өлім арпалысып, сын сағаты соққан кезде елдің еңсесін тіктеп, оны жауға қарсы жұдырық болып жұмылдырған сардарлар мен батырлар әркезде болған. Елі үшін басын бәйгеге тіккен батырдың соңынан елі де ерген. Сондай сардарлардың сарқыты, батырлардың тұяғы болған Бауыржан Момышұлы дүрбелең дәуірде дүниеге келіп, қанды қырғындардың арасында жүріп шыныққан тұлға. Аласапыран кезеңді бастан өткере жүріп шыңдалған батыр Бауыржан, жаппай қуғыннан жігері жасып, қанды қырғыннан қаймығып қалған елді соғыс кезінде бір сілкіндіріп тастады. Бас көтерер сұңғыла ұлдары мен серкелерінен айрылып, қанаты қайрылған халық батыр Бауыржанның бойынан Қабанбай мен Бөгенбайдың, Наурызбай мен Махамбеттің бейнелерін көргендей болды.

Бұл тұрғыдан алғанда, соғыс өрті халқымызға алапат апат ала келгенімен, қанды отыз жетіден кейін өшуге айналған ұлттық рухымыздың қайта түлеуіне себеп болды. Қан майданның өтінде қас батырлардай шайқасқан Мәлік пен Төлеген, Нүркен мен Талғат, Қасым мен Рахымжан сынды жүздеген ерлер елдің еңсесін бір көтерді. Осылайша, есеңгіреген елдің қалғып бара жатқан рухы қайта оянды. Ертеңге деген үміті еселеп артты. Сең бұзылып, керуен қозғалды. «Қан кешіп қайтқан» майдангерлер соғыстан кейін қарудың орнына қолдарына қалам алып, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізге тың серпіліс әкелді. Жауды жеңіп қайтқан олардың бетінен ешкім қаға қоймады. Ал бұл өз кезегінде «жылымық жылдары» жаңа буын өкілдерінің лек-легімен әдебиетке келуіне және Алаш рухының қайта бой көтеруіне жағдай туғызды. Осылайша, еліміз елдігін жоғалтпай, тәуелсіздікке қол жеткізді.

Мұнда әрине, ұлттың намысын қамшылап, ұран шақырған батыр Бауыржанның ерлігі мен еңбегі де ересен еді. Сондықтан, елін сүйген ерге деген елінің сүйіспеншілігі де ерекше болды. Бұл орайда 1942 жылдың 15 қыркүйек күні майдан даласында жазған хатында: «Егер жазушы, не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар едім» – деген Мәлік Ғабдуллиннің сөзі көп жайтты аңғартады. Біз де мақаламыздың тақырыбын осылай етіп алдық.

Молда әкесінен сауат ашқан бала Бауыржан алашшыл ұстаздардың алдын көріп, дәріс алды. Мәселен, Баукеңнің алғашқы ұстаздарының бірі Сыдық Абланов – мұсылман түркі жұртының ұлағатты ағартушылары дәріс берген атақты жәдит мектебі «Хұсаиние» медресесінде білім алған азамат еді. Баукең ұстазын кейінірек «Ұшқан ұя» романында ілтипатпен еске алады. Сонымен қатар, әкесінің бағыт-бағдар беруімен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш азаматтарының шығармаларымен ерте танысып, көп ойды көңілге түйген Баукең, оларды жастайынан басына жастап жатып, көбісін жаттап алады. Міржақып Дулатовтың елді бірлікке, тірлікке шақырған өлең жолдарын жиі еске алып, өзінің де «айды алқа ғып берейін» деп Мағжанның үлгісінде өлең жазуға талпыныс жасауы сөзімізге дәлел болады. Сондықтан, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде атын атауға болмайтын осы арыстарды өзіне ұстаз тұтты. Тіпті, майданның өтінде жүргенде алаш қайраткерлерінің кітаптарын жанына серік етуі – үлкен ерлік. Сондықтан 1942 жылы «ұлтшыл» деп айыпталып, үстінен тексеріс жүрген. Тек Мәскеу түбінде аты аңызға айналғандықтан, орталық жазалауға қаймыққан. Бұл орайда, оның «современный Бөкейханов» деп аталуы да тегін емес. Осыған байланысты Баукеңнің 1971 жылы 21 мамыр күні Сәбит Мұқановпен телефон арқылы сөйлескен сөзінен көп жайтты аңғаруға болады. Қағазға түскен бұл әңгімеде Баукең қазақтың бірінші классигі ретінде Ахмет Байтұрсыновты, одан кейін Мағжан мен Жүсіпбек Аймауытовтың аттарын айрықша атайды. Мағжанның поэзиясына өте жоғары баға беріп, Жүсіпбекті «қазақтың бірінші гимнінің авторы» деп атап, Міржақып Дулатовты «қазақтың алғашқы романының авторы» ретінде мақтағаннан кейін өзін Сәбеңе «современный Дулатов» деп таныстырады.

Баукеңнің ұстаздары жайында сөз болған кезде Ораз Жандосовың атын атамай кете алмаймыз. Жандосовтың көзіне түсіп, оның хатшы-көмекшісі болған алғыр жас ұлт тұлғаларын көріп, олардан тағылым алады. Кейін Мәскеудегі Қаржы академиясының шәкіртақысына іліге алмаған Бауыржан әкесінің жөн сілтеуімен Тұрар Рысқұловтың алдына барады. Сол тұста Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары болып тұрған Рысқұлов ауылдан келген жас жігітті мұқият тыңдап, елдің жай-күйін сұрап, оған Қазақстанмен бірге Ресейдің де шәкіртақысын бергізеді. Білім іздеп, Орынборға оқуға түскенде оқу орнының басшысы, Түркістан автономиясы құрылғанда Шоқайдың серігі болған Иса Тоқтыбаевтың да шарапатын көрген. Бәлкім содан да болса керек, Баукең Мұстафа Шоқай жөнінде өте жоғары пікірде болған екен. Соғыста қан кешіп, қанды көйлек майдандас жолдастарының біразынан айрылған жанның кеңестік идеологияның біржақты үгітіне сенбей, ұлты үшін шетел асқан Шоқайды түсіне білуі, біле білгенге үлкен парасаттылық! Өйткені, ол кезде Шоқай туралы «фашистермен ауыз жаласқан», «сатқын», «Түркістан легионын құрушы» деген сөзден басқа пікір айтылмайтын еді. Тіпті, кейбір газеттер Шоқайдың фашистік генералдардың арасында түскен «суретін» де жариялаған болатын. Міне, осындай ақпараттарға және Шоқайдың өзімен де, еңбектерімен де таныс болмағанына қарамастан, оны құрмет тұтуы – Баукеңнің Алаш қайраткерлерінің күресі мен мақсат-мүддесіне етене жақын болғанын көрсетсе керек.

Әр жылдары ауыл мұғалімі, қаржы қызметкері болып қызмет істеген Бауыржан Момышұлы аудандық милиция бөлімін де басқарған. Бұл – жаппай кәмпескелеу мен қуғын-сүргін жылдарының бас кезі болатын. Оның сол қызметте жүріп жазықсыз қамалғандарды босатып жіберген мәрттігін ауданның қарттары әлі күнге ұмытқан емес. Дегенмен, әділетсіз, мейірімсіз істерді көзі көрген Момышұлы одан тез кетіп, сосын іргесін мүлдем аулақ ұстады. Ол әскери қызметті қалады. Осылайша, байтақ елдің бір түкпіріне, Қиыр шығысқа аттанып кете барды. Бұл шешім бәлкім, Баукеңнің болашағына жаңа бетбұрыс қана болып қойған жоқ, сонымен қатар оның жанын да алып қалған сияқты. Өйткені, ауданның шолақ белсенділерімен, партияның сойылын соғар кейбір әпербақандармен сөзге келіп, ілігісіп қалған Баукең егер елде қалғанда отыз жетінің қанды қырғынына ілігіп кетуі әбден мүмкін еді. Ал Қиыр Шығыста мұндай «саяси науқанның» үлкен белсенділікпен жүрмегені белгілі.

Тұтқиылдан басталған соғыс өрті Баукеңнің өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ол көптің бірі ретінде майданға аттанғанымен, батырлығымен тез танылып, көп ұзамай атағы шартарапқа жайыла бастады. Батыр Бауыржан байырғы жорық жырауларындай, қолына қаруы мен қаламын қатар алып жүріп соғысты. Оның майданның өтінен жазған хаттары отызыншы жылдардағы қанды қырғыннан кейін қатары селдіреп қалған елдегі қазақ зиялыларына үлкен ой салып, сеңнің қозғалуына түрткі болды. Сондай хаттардың бірі – батырдың 1942 жылы 18 қазанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі М.Әбдіхалықовқа жазған әйгілі хаты еді.

Момышұлының елге жазған хаттары толастамады. Қолы қалт етіп, қапысын тапқан сәтте ол ойға алған жайттарды қағазға түсіріп, елдегі есті азаматтарға жолдайтын еді. Бұл хаттар негізінде ұлттық құндылықтар төңірегінде болып келетін. Мәселен, Баукең 1943 жылы 10 тамызда Есмағамбет Ысмайыловқа жазған хатында: «Басқалар бабаларының мінез-құлқына, өсиет, ақылына, әдет-ғұрпына жаңа өспірім балаларды тәрбиелегенде, біз халық қасиетін, тарихын, әдебиетін елден жасырып, архив пен фелиялға тығып сүрі еткеніміздің жөні қайдан шыққан әдепсіздік?.. Тағы осы қалыпта 10-20 жыл өмір сүрсек қазақты қазақ тарихы, әдебиеті, т.б. жақсы халық қасиеттеріне түсіндіру үшін тілмаш, переводчиктер керек болып, барлық тіл байлығынан айрылып, жап-жалаңаш шыға келмейміз бе?» – деп, тереңнен толғайды.

Белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов 1943 жылы 12 желтоқсан күні Бауыржан Момышұлына жазған хатында: «Мен сіздің қазақ әдебиеті туралы хатыңызбен жақсы таныспын. Онан соң Оңдасынов жолдасқа жазған қазақ халқының ескі әдет салты туралы хатыңыздың нендей мәнмен жазылғанын сырттай естіп, ұқтым. Мұнда елінің келешегі, бүгінгі игілігі үшін шын жаны ашыған адамның сөзі айтылған. Қуанып, сүйсініп қабыл алмасқа шара бар ма мұндай батыл, әділ, тура сөздерді? Бұл жалтақ емес, жағымпаздықты білмейтін қайрат иесі адамның сөзі ғой...»

Е.Ысмайыловтың мұнда меңзеп отырған хаты – Бауыржанның 1943 жылы 18 сәуірде Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған хаты болатын. Бұл хатта Баукең жастарды ерлік пен елдікке тәрбиелеу жолында ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыптың, дәстүрдің атқарар жүгін жіліктеп айтып берген еді.

Баукеңнің майданда от пен оқтың астында жүріп жазған хаттары Оңдасыновқа да ой салса керек. Олай дейтініміз, Е.Ысмайылов Бауыржанға жазған бір хатында «Оңдасынов жолдастың приемында осы өткен қыста екі-үш рет болғанымызда ол кісі қазақтың ескі әдет-ғұрпының, салттарының жақсы қасиеттерін қалпына келтіру, жаңарту жөнінде жақсы пікірлер айтып отырды. Оның негізі сізден айтылып жеткенін кейін білдім» – деп, ағынан жарылған болатын.

Қағынан жерінген құландай өз тілі мен дәстүрінен, ата салтынан қол үзіп, мәңгүрт ене бастаған ұлтына қабырғасы қайысқан Баукең, майданнан жараланып, елге емделуге келген 1943 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І хатшысы Н.А. Скворцовқа кіріп, өзегіне өрт болып жабысқан ойларын ортаға салып, оны бүкпесіз ашып айтқан екен. Жазушы-журналист Мамытбек Қалдыбайдың естеліктеріне жүгінсек, қабылдауда Баукең қазақ халқының барлық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қайта жаңғырту қажеттігін баса айтады. Қаймығып, қайту дегенді білмейтін, оның үстіне қан майданның өтінен жақында ғана оралған даңқты ер намыстанып, қызбалана келе азуы алты қарыс бірінші хатшыға: «Өткен тарихымызды бірыңғай қара бояумен бояп «біз надан, қараңғы едік» деген кейбір шолақ белсенділердің аузына құм құйып, жастарымызды барлық жақсы дәстүрлерімізді қастерлеп, сүюге, сөйтіп ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинаған білімі мен тәжірибесі негізінде, яғни ұлттық ерлік рухында шыңдалып өсуіне жағдай жасауымыз керек. Бұл сіз бен біздің тікелей азаматтық парызымыз. Хандарымыз бен билеріміз өз заманында халық қамқоры, халық көсемі болғаны тарихи шындық. Ал шолақ белсенділердің ойынша, кім хан, кім би болса – сол антұрған. Маркстің көзқарасымен неге сәйкес келмейді деп кінәлау әділеттілік пе?» деп, шамырқана сөйлейді.Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тағдырына араша сұрап, оны қайта жандандыру үшін арпалысқан Баукеңді толғандырған тағы бір мәселе – ана тілінің, қазақ тілінің жай-күйі еді. Міне, осы мәселе жайында Баукең 1944 жылы ақпан айында ҚК(б)П ОК хатшысы М. Әбдіхалықовқа хат жазды. Бұл жайында Баукең майдандағы қандыкөйлек досы Құрманбек Сағындықовқа жазған хатында: «...қазақ тілінің қазіргі кезеңдегі даму жайы туралы 20 беттей мақала жаздым. Мұхаметжан кеңес шақырды. Көптеген шаралар белгіленіп отыр, тамаша документ болып шықты...» деп, қуанышын жасырмай, келешекке үмітпен қарайды.

Майданда жүргеніне қарамастан туған тіліне қабырғасы қайысып, қолына қалам алған Баукең елге барғандағы көрген, білгенін және қазақ тілінің мүшкіл жағдайын баяндай отырып, ана тілінің жарқын болашағы үшін нақты ұсыныстар жасайды. Ол қазіргі күннің өзінде айтуға батылдығымыз жете бермейтін мынадай ұсыныстар айтады: «1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі бұрмалана, бүлдіріле бұзыла бастағанын сөзсіз айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталсын. Қазақстанда, қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына – төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары тезден қолға алынып, тіл бұзу ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескеріп отырып, іс жүзіне қатал төңкеріс түрінде асырылсын. Аяқ асты, елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық өкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп, қолға алынсын».

Баукеңнің хаттары сөз болғанда, оның Әуезовпен жазысқан сырға толы хаттары еске түседі. Өкініштісі, әлденеден секемденген Әуезов оларды жойып жіберген сияқты. Бәлкім, бір күні табылып та қалар...

Батырдың майданнан жазған хаттары қазақ зиялыларына үлкен қозғау салғанымен, басшыларға ұнамағаны анық. Сондықтан майданда жүрген кезінің өзінде «ұлтшыл» атанған оны әскери қызметтен босап келгенде бірде-бір мекеме қызметке алмаған. Былай бағындыра алмасын білген Мәскеу енді оның рухын сындырудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Дегенмен, қайсар тұлға қайтпады. Бұл жолы ол қарудан босаған қолына қалам алды. Ендігі жерде оның қаламы тіпті қауіпті қаруға айналған еді. Ойын бүкпесіз айтып, ашық жазды. Ұлты үшін аянып қалмады...

Осы ретте Баукеңнің Мәскеуде 1971 жылы қыркүйек айында өткен әскерилердің бір бас қосуындағы сөйлеген сөзін айта кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл жиында генерал-лейтенант Покытин қазақтарды кемсітіп, «көшпелілер әскерге жарамайды» деген сияқты дәйексіз, негізсіз сөздер айтады. Ойланбай айтылған оспадарсыз сөз әрине, сол мәжіліске қатысып отырған Бауыржан Момышұлының намысына тиіп, шымбайына батады. Әлгіндей сөздерден кейін байыз тауып отыра алмай, сөз сұрап мінберге көтерілген Баукеңнің айтқан сөздеріне құлақ түрейік: «Біздің халық – тамырын тереңге тартқан көне мәдениеттің иесі. Біздің ел әу бастан сәйгүлік баптап, аттың құлағында ойнаған шабандоз халық. Бұған тарихи деректер куәлік ете алады. Александр Македонскийдің атты әскері әлі ердің, үзеңгінің не екенін білмей, жылқыға жайдақ мініп жүрген кезде, біздің арғы тегіміз сақтар ердің қасын біліп, атты әбзелдеп мінген. Міне, осыдан-ақ кімнің көнеден бері жауынгер халық екені белгілі болады. Менің сөзіме күдік келтіретіндер болса, онда барыңыз, мұрағатты ақтарыңыз. Егер менің сөзімде жалғандық болса – дарға асыңыздар. Рас, біздің халық алапат апатқа ұшырады. Есеңгіреп қалған біздің халықты әлдекімдер қолдан жабайы қырғызға айналдырды. Надан орыс княздігі бізді кемсітіп «қырғыз» деп атады. Ал біз – қазақпыз! Ғасырлар бойы біз өз-өзімізге келе алмадық, ес жиып, етек жаба алмадық. Кесе-көлденеңді жайпап өте шыққан моңғол шапқыншылығы, одан кейін қалмақтың салған әлегі, орыс отаршылдығы, сосын Қазан төңкерісі орнады... Ақыр аяғында біз қазақ аталып, Қазақстан деген ел болдық. Қазақстан – бұл ұлы, байтақ ел. Көкжиегі мен шетсіз-шексіз даласына көз талатын оның аумағы үш миллион шаршы километрді алып жатыр. Қазіргі қазақ елінің халық саны 13 миллион, оның шамамен алғанда 6 миллионы жердің иесі, байырғы ұлт өкілі – қазақтар. Ал, жалпы жер шарында барша қазақтың саны он миллионнан асып жығылады.

Қазақтар Иранда, Үндістанда, тіпті Алжирде де өмір сүреді. Біздің өзіндік ұлықтаған ұлттық құндылықтарымыз бар. Тарихи алапат апаттарға қарамастан біз халық ретінде сақталып қалдық. Біз Тұрпан ойпатынан Еділ өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр аймақта өзіміздің тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалдық. Бұл аймақты күн алты сағатта айналып өтеді! Біздің халқымыз осы аймақтың иесі, қожайыны болған. Қазір де осы аймақтың иесі қазақтар. Мен жаңа Қазақстанда 13 миллион халық тұрады деп айттым. Оның 5-6 миллионы қазақтар өз отанында, ата жұртында өмір сүріп отыр, қалғаны шеттен келген келімсектер. Бірақ, біз оларды шеттетпей, төзімділік көрсетіп отырмыз. Мен мұны бас штабтың полковнигі ретінде ресми түрде мәлімдеймін. Менің сөзіме кімде-кім сенімсіздік танытар болса, барып мұрағатты ақтарсын». Бұдан артық қалай айтуға болады?!

Баукең көзі тірісінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров сынды қазақтың маңдайына біткен қайсар да қайраткер ұлдарымен сыйласып өтті. Бұл сыйластық – «елім» деп соққан жүректердің үндестігінен туған шынайы сезім еді. Мәскеудің қаһарынан қаймықпай, солақай саясатқа қарсы шыққаны үшін орталықтан аластатылған Жұмабек Тәшеновті құрметтеген Баукеңнің оған сый-сыяпат жасауы – тәуелсіздіктің ұстыны болатын бүгінгі зиялы қауымға үлкен ой салса керек. Бұқпантайламай, өмірден озғаннан кейін мәймөңкелемей, батырдың басын барында сыйлау деген осы! Оның үстіне, мінезі адуын батырдың бойындағы «мен» сезімі «пенделік эгодан» айырылып, «ұлттық менге» айналып кеткен еді. Басқаша айтқанда, Баукең «өзім» деп өзеуремей, кеудесін керіп, төске ұрмай, ұлттық мүдде үшін отқа түскен азаматтармен үндесіп кетеді.

«Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық» деген сөзді өмірлік ұстаным ретінде қабылдаған Баукең бұғаулық қамытын кимей өтті. Тіпті, оның «стандартсыз, тентек» болып көрінуінің өзі – оның стандартты, сірескен жүйені мойындамай өткенінің бір белгісі сияқты. Ол кісінің майданда от пен оқтың ортасында жүріп жазған:

«Пойми, мои хорошие,

«Улы» это не форма.

Не редкость,

«Улы» не «ев» и не «ов»,

«Улы» – это символ непримеримости» –

деген жыр жолдарында қайтпас қайсар мінез бен өршіл рух атойлап тұр. «Мен ешқашанда халқымның игілігі үшін, бар мүмкіндігінше еңбек етуден артық, өзім үшін еш нәрсе істемедім» деп, бүкіл ғұмырын халқына арнаған батыр тәуелсіздікпен бірге тұғырына қонды. Осылайша ол алаш аңсары мен азаттық арасындағы алтын көпірге айналды...

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

Егемен Қазақстан

«4 кедергіден арылуымыз керек». Бейсен Құранбектің кеңесі
Түркістан – Қазақстан руханиятының алтын бесігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×