Боралдай петроглифтері көне заманнан сыр шертеді

Oinet.kz 22-11-2022 709

Боралдай петроглиф.jpg

Әрбір адам тарихқа қызығады. Әсіресе әлі күнге дейін құпиясы ашылмаған тарихи мекендер мен нысандарға әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы ат арылтып келетін туристер көп. Оларға заманауи ғимараттар қызық емес. Олар тұла бойы сырға толы тарихи мекендерге сапар шегіп, көне дәуірдің атмосферасын сезінгісі келеді. 

Туристердің қызығушылығын оятатын мекен – Бәйдібек ауданында бар. Солардың ішінде Бәйдібек ауданындағы Боралдай өзені ағысының жоғарғы тұсындағы петроглифтердің алар орны ерекше. Тарихы терең петроглифтер - ең кең тараған археологиялық көне ескерткіштерге жатады. Ежелден бізге жеткен бағалы қазына  Теректі ауылынан 6 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Таңбалы тастар шатқалы  тау етегінен басталып, Боралдай өзенінің жағасына дейін созылып жатыр.

Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жай әшейін суреттер емес. Қола дәуірінің петроглифтері діни нанымдарды, аңшылық сахналарын, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық сюжеттерді бейнелейді. Ертедегі көшпенділер заманында ежелгі тайпалардың мифологиялық сюжеттері мен аңыз әңгімелерінің негізінде жасалған көп пішінді композициялар пайда болған.

Петроглифтерді «тастағы кітап» деп бекер айтпайды. Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы – көне заман жайында дерек беретін жәдігер. Өнердің көне ескерткіштері  саналатын петроглифтер түрлі құрлықтардан табылып жатыр.  Қырғызстандағы Саймалуу-Таш, Әзірбайжандағы Гобустан, Испаниядағы Альтамира үңгірі, Ресейдегі Залавруга, Франциядағы Фон-де-Гом және Монтеспан үңгірлері, Намибиядағы твифелфонтейннің тас жануарлары, Аргентинадағы Куэва-де-лас-Маностың патагондық “қол үңгірі”  секілді ең танымал ескерткіштердің қатарына  Қазақстандағы  петроглифтерді де жатқызуға болады. Еліміздегі Жетісу, Баянауыл, Қарқаралы, Маңғыстау, Қаратау, Шыңғыстау, Іле Алатауы, Тарбағатай мен  Алтай өңірлерінде   жартас гравюралар жиі кездеседі.    

Тарихқа үңілсек, Боралдай өзенінің жоғарғы ағысындағы жартас бетіндегі суреттер жайлы алғашқы хабарлама «Туркестанские ведомости» газетінде 1905 жылы жарияланды.  Орыстың белгілі зерттеушісі Петр Комаров 1924 жылы  петроглифтерді жан-жақты зерттеді.  Боралдай петроглифтерінің шоғырын зерттеуге 1980-жылдары ерекше ден қойылды. Археологтар М.Қ Қадырбаев пен А.Н. Марьяшев,   А.С. Мырзабеков  Қаратау петроглифтерінің  негізгі хронологиялық межелерді бөлді, ежелгі суреттер семантикасының кейбір сұрақтарын қарастырды. 1995 және  1997 жылдары петроглифтерді «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығының, Оңтүстік қазақстан тарихи-өлкетанушылық музейі мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері зерттеді. 2002 жылы «Оңтүстік Қазақстанның мәдени мұрасы» жинағында А. Мырзабаев пен Д. Әбесеметованың Боралдай өзенінің жоғарғы ағысындағы петроглифтер жайлы хабарламасы жарияланды.  Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007 жылы Боралдай петроглифтерін Қазақстан республикасы БҒМ Археология Институты мен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірлескен экпедициясы зерттеді.

   Тарихшылардың пікірінше, тастағы гравюралары төрт хронологиялық  кезеңді қамтиды. Олар: 

1. Қола дәуірі (біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдық).  

2. Ерте темір дәуірі ( біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдық). Бұл кездегі петроглифтер  өзінің ою-өрнегімен, сәнділігімен және скиф-сақ тайпаларына тән “аң стилімен” ерекшеленеді. 

3. Түркі қабаты – тек тамға тәрізді ешкілер немесе тамғалар (VI-IX ғасырлар).

4. Сопылық циклдар (ХV-XIX ғасырлар). “Сопылық” сюжеттерді қазақ хандықтарының дәуіріне, тіпті одан кейінгі уақытқа исламның қазақ даласына енуіне байланысты жатқызуға болады.  

Боралдай өзенінің жоғарғы тұсындағы петроглифтер Теректі шатқалының беткейлері мен шоқы ұштарындағы беттері тегістегіс жартастарда орналасқан. Боралдайдың сол жағасында басқа да археологиялық нысандар табылды. 

Ежелгі көшпенділер Теректі шатқалын жетік игергенін обалы қорымдар растайды. Эколог әрі өлкетанушы Қ.Ағабеков тапқан тас мүсін кездесоқ табылған олжа болып саналады. Тас мүсіннің дене бітімі жоғары шеберлікпен өңделгендігі таң қалдырмай қоймайды. Тарихшылардың пайымынша, мүсіннің аталмыш бөлігі Тянь-Шаньда, Жетісуда сондай-ақ Еуразияның далалық аймақтарының басқа да аудандарында өз уақытында кең тараған көнетүркі мүсіндерге жатады. Я.А. Шер ұсынған классификация бойынша ол мүсіндер біздің заманымыздың VI-VII ғасырларда қашалған бірінші типіне жатады.

Жылға маңынан табылған тегіс әрі үлкен жартас шығысында қашалған құрбандық шұңқырлары ерекше қызығушылық тудырады. Мұндай шұңқырлар жын-перілердің көңілін аулауға және үй жануарларын қорғауға бағышталған салтқа орай ойылған екен. Мұндай салт алғаш рет қола дәуірінде тіркелген, бірақ оның ең кең таралуы ерте темір ғасырында мал шаруашылығының көшпелі түрге өтуімен байланыстырылады. 

 Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған тағы бір көне жәдігер – ортағасырлық құмыра ыдыс. Ол жер бетінен шамамен бір метр тереңдікте, кірпіш қалағының ортасында сынған күйінде, бүйірімен жатқан екен. Ыдыстың доғал дене бітімінің диаметрдегі өлшемі 30 см. Құмыраның биіктігі 40 см. Бүйірінде жетіұшты жұлдыз түрінде өрнектелген үш жапсырмалы медальон бар. Олар бұйым шикі кезінде жапсырылған деген болжам бар.  

Осы кездейсоқ табылған заттар мен осы күнге дейін қастерленіп келе жатқан бұлақтар тау табанының маңындағы жердің ұзақ уақыт бойы қасиетті болып келгенін дәлелдейді. Мұны қола дәуірі, ерте темір ғасыры, ортағасырлар мен жаңа заман сынды тарихи кезеңдерге жататын Боралдай петроглифтері де растайды. 

Ежелгі заман суретшілері нүктелі әдіспен қашап, бояу, сызу арқылы көшпелі тұрмысты, шабандоздарды, жабайы аңдардың бейнелерін – құлан, барыс, бұқа-тұр, қасқыр, жабайы жылқы тағы басқаларды анықтап көрсеткен. Жануарлар жанды қимыл үстінде көрсетілген. Ертедегі шеберлер қос өркешті түйенің тәкаппар келбетін, тұлпарлардың сымдай сымбатын, бұғы мен киіктің әсемдігін, барыстың серіппеше атылуға әзір тұлғасын көрсете алған

Көнеден, яғни қола дәуірінен бізге жеткен тастағы суреттерде күн таңбасы, салт аттылы адамдар, садақ, бейнеленген. Ежелгі суретшілер қару-жараққа көп көңіл бөлгені аңғарылады. Тастағы суреттерде садақ құрылысының ерекшеліктерін, ежелгі заманда ең мықты соғыс құралы болған екі доңғалақты арбаны көбірек кездестіруге болады.

Бәйдібек би мен Домалақ ана кесенелері қыз-келіншектер көп барады
Қала жастарына кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасалмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу