Икрамжан Хашимжанов: «Қоғам мені қазақ тілін меңгеруге, құрметтеуге үйретті»

Oinet.kz 01-08-2019 1030

Screenshot_12.jpg

Икрамжан ХАШИМЖАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек мәдени орталығының төрағасы, облыстық өзбек драма театрының директоры

      Ұлысымның ұйытқысы болған Оңтүстік әр түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жиып, бірлікте өмір сүруге жағдай жасап отырған киелі шаңырақ. Осындай киелі шаңырақта менің балдай тәтті балалық шағым өтті. Шымкент қаласындағы Ескі шаһар шағынауданы сол балалығымның куәсі болған жер. Ол заманда Ескі шаһар қаланың орталықтағы ірі көшелерінің бірі болып есептелетін. Көшенің бойы толған шайхана, мейрамхана еді. Бәрінен де көшені жағалай аққан Қошқарта өзенін айтсаңшы! Жаз шықса болды бүкіл бала сол өзеннің суынан шықпаушы еді. Үйдің жанында стадион болатын. Қолымыз қит етсе болды сонда футбол ойнап, кешті батырдық. Алайда біздің заманның жеткіншектері ойынның  соңына түсіп кетті дей алмаймын. Өз басым алдымен үй шаруасын тындырып алатын едім. Мал бағып, ұсақ-түйекке жәрдемдесіп, әке-шешеме қолқанат болдым. Отбасындағы жастайымыздан көрген тәрбиеміз – еңбек ету. Темірдей тәртіптің арқасында бала күнімнен кірпіш, бетон да құйдым. Бүгінгі ғасырдың балалары смартфон, компьютермен дос болса, біздер шашка, шахмат үйірмесінен шықпадық. 

    Мектепте сабақты жақсы оқыдым. Менің екі, үштік бағамен оқуға хақым жоқ еді. Себебі әкем де, анам да мектепте ұстаздық еткен жандар. Білімді өзбек тілінде алғаныммен, қоршаған ортам, қоғам мені қазақ тілін меңгеруге, құрметтеуге  үйретті. Ес білгеннен қазақ балаларымен бірге ойнап өстім. Құрдастар арасындағы әңгіме –дүкен, өзара түсіністік, қалжың, бәрі-бәрі мемлекеттік тілді еркін меңгеруге жол ашты. Сондай-ақ, қазақ газеттерін оқуға құмар болдым.  Жалпы алғанда көркем, бай қазақ тілін үйрену мен үшін аса қиынға соққан жоқ. Өзбек тілі мен қазақ тілінің айырмасы ары барғанда 10-15 пайызды құрайтын шығар. Түркі тілінің бірінде таза сөйлейтін адам екінші бір тілді меңгеріп кетуі оп-опай. 

      Бала кезде екінің бірі арманшыл келеді емес пе? Менің арманым – ұшқыш болу еді. Бүгіңде космосқа ұшып, аспан әлемін зерттеп жүрмесем де арманыма біртабан болса да жақындай түстім деп есептеймін. Ташкент қаласындағы   мемлекеттік авиациялық институтта білім алдым. Кейіннен туған қалам Шымкентке оралып, осындағы авиаотрядтта жұмыс істедім. Өмір баспалдағы осылайша өзі сатылап әкеліп, мені бүгінгі дәрежеге жеткізді. 

     Құдайдың әр пендеге берген мінез-болмысын өзгерту әсте мүмкін емес шығар. Мен бала күнімнен айтқанымнан қайтпайтын, қырсықтау болдым. Бірде әкем Бозарыққа жұмыс бабымен баратын болды. Апам екеуміз оны шығарып салдық. Қайтарда аялдамада автобус күтіп тұрғанбыз. Күтуден жалыға бастаған мен «ойнайтын не бар екен?» дегендей айналама қайта-қайта қарайлай беремін. Тыпыршып тұрған кезде жерде сынып жатқан бөтелкеге көзім түсті. Бір жерге тесірейіп қалғанымды апам сезді ме, «балам, ұстама, қолыңды кесіп аласың» деп айтып үлгергенше мен сынық бөтелкені алдым да, бар күшіммен алысқа лақтырып жібердім. Сол сәтте қолым шы-ыым ете қалды. Сөйтсем бөтелке саусағымды осып жіберіпті. Қан деген саулап ағып, етім ауырып барады. Жаныма батқан соң бөтелкеде нем бар еді деп, өкініп қалдым. Сол тыртық қолымда әлі күнге дейін бар. Саусақтағы белгіні көрсем шалалығым есіме түсіп кетеді. Бала кезімде бұзықтау болғаным рас. Әсіресе, боқтау  дегенді «қатыратын» едім. Осы «қасиетімнің» арқасында опық та жеген күндерім болған. Далада ойнап жүргенімде үйге келген кісіні жақтырмай қалсам керек. Әй-шәй жоқ, әлгіні боқтап кеп жібердім. Ол да қарап қалған жоқ, мені көтеріп алды да балшыққа бір-ақ ұрды. Ызадан жарылардай болып мен батып қалған лайдан атып тұрдым да, ана кісіге көзімді қададым. Бірақ жылаған жоқпын. Ол кісі 80-ге таяп барып өмірден өтті. Мені көрген сайын «сені балшыққа ұрған мен болам» деп айтып отырады. Мен де әзілдеп, «дұрыс жасаған екенсің, одан да қаттырақ ұру керек еді» деп қоямын. Сонда деймін-ау, «неге менің баламды ұрасың?» деп оны сөккен  бір жан болған жоқ. Мұның барлығы тәрбие, өнегелік, сыйластық екен ғой. Ал қазір мектепте мұғалім балаға қолының ұшын тигізбек түгілі дауыс көтеріп сөйлей қалса, әке-шешесі ертесіне жетіп келіп, ұстазға жекитін жағдайға жеттік. 

        Артқа қарайламайтын балалық шаққа қайта оралу мүмкін емес. Тек жарқын естеліктер бізді сол шаққа жетелейді. Сондай-ақ бала күнгі достарың қымбат естеліктеріңнің тірі куәгерлері. Әлі күнге дейін қазағы бар, өзбек, түрігі бар Қошқаратаның жағалауын тоздырған достарыммен жүздесіп тұрамын. Шынымды айтсам бір-бірімізге деген құрметіміздің жоғалмағанына қуанамын. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға 50 млрд теңге қарастырылған
Чернобыль апатына созақтықтар да қатысқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу