Бақыт Шадаева: «Мен нағыз «южанкамын»

Oinet.kz 01-09-2019 1071

shadaeva-090917.jpg

Бақыт Шадаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері

Адам баласының ең керемет кезеңі - балалық шақты әсте ұмыту мүмкін емес. Мен туып өскен Жетісай қаласы кезінде дамыған, өркениетті қала еді. Драма театр секілді мәдени ошақтар көп болатын. Қаладан 15 шақырымдай қашықтықта жатқан ауылда әкемнің қарындасы тұратын. Жаз болса болды бәріміз сонда асығамыз. Апамыздың үйіндегі бау-бақшаны айтаңызшы?! Жеміс-жидек, қауын-қарбыз, жүзімге көміліп өстік десем болады. 

№7 лицейде білім алдым. Лицей сол кезде қаладағы ең «авторитетный» мекеме болатын. Отбасыда жеті ағайындымыз. Әпкем мен төрт ағам мектепті алтын медальға бітірген. Сондықтан мен де сабақты жақсы оқып, үздік болуға тырыстым. Жалпы, әке-шешеміз бізді өзгеше тәрбиеледі. Бауырларымның жартысын қазақ, жартысын орыс мектебіне берген. Орыс тілінің дәурені жүріп тұрған кезең болған соң мені де орыс мектебіне берген. Шынымды айтсам үйде қазақ мектебі мен орыс мектебін бітіргендер, яғни бір-бірімізді түсінбей жүретінбіз. Әлі күнге дейін солай. Біздер кішкене еркіндеу өстік. Ал қазақ мектебінде оқыған бауырларым бәлкім ұстаздар қатал болды ма, әйтеуір, көпшілік ортада көп қысылатын. Әпкем тігінші болды. Сәнді киімдердің барлығы өз қолынан шығатын. Биік өкше мен неше түрлі көйлектерді киетін әпкемнің киімдеріне қаты қызығатынмын. Арамызда бірнеше жыл алшақтық болған соң қанша қаласаң да оның киімдерін кие алмайсың. Бірақ Аллаға шүкір әке-шешем бізді киім-кешектен кенде еткен емес. 

Айналамыздың бәрі орыс, грек, неміс ұлтының өкілдері еді. Неге екенін қайдам, сыныпта жалғыз қазақ мен болған соң солардан жақсы оқуым керек, озуым керек деп талпынатынмын. Егер олардан қалып қойсам менің үстімнен күліп, келеке ететіндей көрінетін. Намысшыл болдым. Кітапты бір-бірімізбен жарысып оқыдық. Пушкиннің ертегілерінен бастап Гоголь, Толстой, шетел әдебиетінен түк қоймадым. Қазір мұндай үрдіс жойылып барады. Жастар кітапқа пысқырып та қарамайды, себебі ғаламтор бар. Ал кезінде кітап деген ең құнды сыйлық еді. 

Қанда бар қасиеттің бойда тұншығып қалуы мүмкін емес. Бала-бақшаға барып жүргенімде өнерге, әнге деген құмарлығым байқала бастады. Кез-келген әнді бір рет айтып берсе сол мезетте жаттап алатынмын. Алайда ол кезде адамдар өнерді бүгінгідей түсіне бермейтін. Әнші дегендер санаулы ғана еді. Басымдықтың көбісі білім, ғылымға берілді ғой. Әкем медицина қызметкері болған соң мені де сол салаға баулығысы келді. Мектепте химия, биология пәндерінен қосымша сабақтарға барып жүретінмін. Бірақ жүрегім ғылымды қаламады. Ата-анама білдіртпей музыка үйірмелеріне қатысып жүрдім.

Тоғызыншы сынып оқып жүргенімде қазақ жігітіне көңілім түсті. Өзі музыкант еді. Пианинода керемет ойнайтын. Бұл сезімді ғашықтық деп қабылдауға болмайтын шығар. Мүмкін мен оның бар болғаны өнеріне ғашық болған шығармын. Ойымның барлығы оқу, тек қана оқу болғандықтан махаббатты ойлауға менде уақыт болмапты. Мектепті бітіріп Алматыға жол түсіп, студент атанғанда, 19 жасымда алғаш рет ғашықтық сезімді бастан кешірдім.          

Өкінішке қарай, балғын балалығым өткен қара шаңырағымда бүгінде ешкім қалмады. Ертеректе көшіп кеттік.  Оның үстіне асқар тауымыз бен анамыздың да көзі кетті. Туған жерімді сағынғанда ата-анамның басына барып, құран бағыштап қайтамын. Кейде Жетісайға барғанда қатты бөтенсінемін, қорқамын. Мен өскен қаланың бүгінде ажары басқа. Сыныптас, қатарластарымның көбісі көшіп кеткен. Естеліктерімнің бәрі өшіп кеткендей.

Адамдардың барлығы маған Оңтүстіктің қызына мүлдем  ұқсамайсың деп жатады. Сондай сәттерде мен: «Неге? Мен нағыз «южанкамын» деп күлемін. «Южандар» десе өзгелердің неге соншалықты шошитынын түсінбеймін. Бізді көп жерде менсінбейтіні рас. Ондай адамдарға мен «Оңтүстікте нағыз мәдениетті, тәрбиелі адамдар тұрады. Біле білсең небір дарынды қазақтардың көбісі сол топырақтан шыққан» деп жауап беремін. Сондықтан мен Оңтүстік өлкенің қызы екенімді әрдайым мақтан тұтып жүремін. Өйткені маған тәрбие, білім, өнер, инабаттылықтың бәрін берген сол – Оңтүстік!   

Мұрағаттан, 2017 ж

Сәкен Майғазиев, әнші: «Түсімде ылғи қалың көрерменді көретінмін»
Мұрат Тоқашбаев: «Жамбылдың домбырасын сатып алғанмын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу