Филология. Реферат. Қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерінің гендерлік сипаты

Oinet.kz 09-09-2020 1273

Қазіргі таңда гендерлік лингвистика негізінен тілдік қатынастағы ерлер мен әйелдер тілінің өзіндік ерекшеліктері мен айырым белгілеріне айрықша назар аударуда. Сол себепті бүгінде әлемдік тіл білімінде әр ел ғалымдары тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесін көтеріп, жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Гендерлік лингвистика теориясын, әдістемесін талдап-түсіндіруде батыс лингвистері Дж. Лакофф, О. Есперсен, ресей тіл білімінде

А.В. Кирилина, М.А. Китайгородская, Н.Н. Розанова, Е.В. Митрохина, А.В. Бесарабенко, Е.И. Трофимова сынды ғалымдар елеулі үлестерін қосты.

«Гендер» ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның ерекшеліктерін анықтап, дамытқан ғалым – А.В. Кирилина. Автор өз еңбектерінде «гендер» және «жыныс» ұғымдарын келесідей ажыратып берді: «Гендер (социальный или социокультурный пол) не является языковой категорией, но его содержание может быть раскрыто путем анализа структур языка, что объясняет востребованность лингвистической компетенции для изучения культурной репрезентации пола» [1, 133].

Қазақ тіл білімінде тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастырған зерттеушілер: Б. Хасанұлы, Г. Мамаева, Қ. Жанатаев, Г. Шоқым, М. Ешимов, А. Байғұтова.

Гендерлік зерттеулердің басты мақсаты – әлеуметтік қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген тілдік қарым-қатынасты айқындайтын қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ұлттық факторларын, жеке тұлғаның белгілі бір жыныс ретінде сипатталуына қатысты мінез-құлық ерекшеліктерін, болмыс-бітімін, олардың ер не әйелге тән негізгі қасиеттерінің тілдік белгілерін анықтау.

Гендер – әйел мен ердің әлеуметтік қоғам қалыптастырып шығарған үлгісі іспеттес. Бұл тұрғыда осы ұғым әйел мен ер жынысының әлеуметтік ортадағы, қоғамдық-мәдениет ошақтарындағы өзіндік орны мен ролін айқындайды.

Гендер – адамның психологиялық және әлеуметтік дамуын негіздейтін жеке тұлғаның базалық сипаттамаларының бірі. Гендер құрылымы жағынан биологиялық жыныс, гендерлік стереотип, гендерлік норма және гендерлік ұқсастық деп төрт жақты болып бөлінеді.

XX ғасырдың 50-жылдары Симона де Бовуардың «Екінші жыныс» атты еңбегінде жалпы ер мен әйелдің бірінші жынысы биологиялық ерекшеліктер болса, екінші жынысы – өзі өмір сүретін қоғам түсінігінде ер мен әйелге айналуы деп көрсетілген.

Зерттеуші А. Чекалина бойынша: «гендер – әлеуметтік психологиялық мағынадағы жыныс, әйелдер мен ерлердің әлеуметтік мінез-құлқын анықтайтын арнайы мәдени және мінез-құлықтық сипаттардың жиынтығы. Гендер аясында әйел және ер жынысына қандай психологиялық қасиеттер тән, әйелдер мен ерлерге қатысты қандай мінез-құлық қалыпты, күдікті немесе нормадан ауытқушылық саналады, сондай-ақ жыныс әлеуметтік жағдайға, жеке тұлға мәртебесіне қалай әсер етеді деген тәрізді мәселелер қарастырылады» [2, 24].

Отандық гендерлік лингвистика саласы ның маманы Ө. Мақанованың пікірінше гендер әлеуметтік тұрғыда қаралуы тиіс: «Гендер ұғымы жыныстың әлеуметтік құрылымы деген мағынаны береді. Гендер қоғамның әйел және ерге бөлінуінің өзі әлеуметтік өмірдің, жемісі екенін көрсетеді. Сонымен қатар, гендер дегеніміз – жеке адамның белгілі бір шектердегі мінез-құлқын белгілейтін және шектейтін әлеуметтік ұстанымдардың жиынтығы» [3, 62].

«Әйел» және «ер» концептілері барлық мәдениеттерде кездесетіні белгілі, оларға әдет-ғұрып, фольклор, мифтік санада, «дүниенің қарапайым ой суретінде» айтарлықтай орын берілген. Осы төңірегінде И.А.Гусейнова мен М.В.Томская:

«Гендерные стереотипы, представляющие собой стандартные, часто упрощенные и обобщенные мнения о представителях обоих полов, складываются и закрепляются в обществе посредством институализации и ритуализации пола» [4, 81], деп атап көрсетеді.

Әйелдер мен ерлердің әлеуметтік рөлі де бір-бірінен ажыратылатындықтан, олар қоғамдағы түрлі нормаларға сәйкес реттеліп отырады. Гендерлік таптаурындар деп әлеуметтік мәдени тұрғыдан белгіленген ойпікірлерді танимыз, сондай-ақ жыныс өкілдерінің мінез-құлық нормалары қасиеттері, атрибуттық пікірдің ақиқат бөлігінің тілдегі көрінісі деп білеміз [5, 21].

Көне заманнан бері қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа беріліп, мұра болып келе жатқан, ауыз әдебиетінің бай салаларының бірі – мақалмәтелдер. «Мақал-мәтелдер – құрылысы жағынан әрі ықшам, әрі көркем, мағынасы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, аса шеберлікпен жасалған сөз өрнегі» [6, 250].

Халықтың тарихынан сыр шертетін, мәдени құндылықтарын айшықтап беретін, халықтық пәлсапа мен ұлттық сана, діл тұрғысынан аса құнды мәлімет алу үшін мақал-мәтелдердің гендерлік сипатын талдау маңызды.

Гендерлік сипаттағы концептілер барлық халыққа ортақ. Алайда, әр елдің өзіндік ерекше көзқарасы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен тұрмыстіршілігі бар. Гендерлік сипаттағы мақал-мәтелдер әйел және ер концептілерін қоғамдағы әлеуметтік статусы, отбасыдағы орны шеңберінде қарастыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар олардың екі халық дүниетанымындағы алатын өзіндік орындарын айқындауға қосар үлесі де зор.

Қазақ және ағылшын тіліндегі әйел және ер концептілеріне қатысты ұғымдарды талдасақ, әйел қашанда өмірге нәресте әкелуші, барлық жылулық бастауы, тіршілік тынысы мен отбасының ұйытқысы саналған. Қазақ тілінде әйелді сипаттайтын тіл бірліктерін сәби, қыз бала, бойжеткен, келіншек, келін, жұбай, зайып, жар, қосақ, шеше, ана, әже, кемпір деп өз ішінен жасына қарай бөліп атаған.

Ер атаулыны сипаттауда оның жас ерекшелігі, отбасындағы орны, әлеуметтік орны, туыстық байланысына қарай атаулары да әртүрлі лексемалармен беріледі. Мысалы, «ер адам» тезаурсын түзетін ұл, ер бала, бозбала, жігіт, ер, еркек, күйеу жігіт, отағасы, әке, ата, баба, ақсақал, қария, шал сөздері мақал-мәтелдерде «ер-ұл»,

«ер-жігіт», «ер-ер», «ер-күйеу жігіт», «ер-әке»,

«ер-ата», «ер-баба», «ер-ақсақал» когнитивтік модельдерін құрады.

Қазақ тіліндегі ер мен әйел арақатынасын сипаттайтын әр түрлі көптеген мақал-мәтелдер бар, оларды айтудағы мақсаты мен мағынасы на сәйкес, тарихи қалыптасқан жағдаяттарға сай, қазақ халқының өмір салтына сәйкес бірнеше топтарға бөлуге болады. Солардың ішінде әйелді ақылшы, ер азаматты бағыттаушы, ердің жамандығын жасырып жақсылығын арттырып отыратын отбасы ұйытқысы ретінде сипаттайтын мақал-мәтелдер. Осындай мақал-мәтелдерде әйелді жағымды немесе жағымсыз қарама-қайшылық арқылы суреттеп береді.

Жақсы әйел жаман еркекті еркек етеді, Жаман еркек жақсы әйелді келсап етеді.

Жаман әйел жақсы еркекті ез қылады, Жақсы әйел жаман еркекті ел қылады.

Еркек – түздің көркі, Әйел – үйдің көркі.

Жақсы әйел жаман еркекке біткен бақ, Жақсы жер, алтын қоныс – алтын тақ.

Жақсы әйел жаман ерін хан қылады, Жаман әйел жақсы ерін даң қылады.

Ер – бас, қатын – мойын.

Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді.

Ағылшын тілінде де осы іспеттес мақал-мәтелдер бар, олардан аңғаратын негізгі ой – әйелдің жақсы болуы еріне байланысты, әйел ерінен бір саты төмен тұрады, әйел өз ақылдылығымен және төзімділігімен ерінің жүгін жеңілдететін қамқоршысы, оның тапқан табысын жеткізе білетіндігін көрсету:

A good husband makes a good wife. Behind every successful man is a woman. Men build houses; women build homes. Man is head, but woman turns it.

Men get wealth and women keep it. The Good Jill may mend the bad Jack.

A worthy woman is the crown of her husband.

Жоғарыдағы мақал-мәтелдерден әйелге деген екі менталитеттегі ортақ көзқарас, бір ұстанымды байқаймыз. Екі халықтың да айтар ойы бір, мақал-мәтелдердің семантикасы «Алған әйелің жақсы болса, елге сыйлы боласың» дегенді білдіреді.

Қазақ халқының менталитетінде сонымен бірге, әйелдің еркектен қоғамдағы орны бір саты төмен екендігін, әйелдің жаман болуынан және оның ащы тіл мен қулығын сипаттайтын айшықты орамдарды байқаймыз:

Бұлттан шыққан күн ащы, Жаман қатынның тілі ащы.

Алтын басты әйелден, Бақыр басты еркек артық.

Шыққан даудың себебін әйелден ізде. Астыңдағы атыңа

Қойныңдағы қатыныңа сенбе.

Қатын бастаған көш қараң қалады.

Әйелді даудың бастаушысы ретінде көрсететін мақал-мәтелдердің шығуы тегін емес, ағылшын тілінде де мағынасы сәйкес мақалдарды кездестіреміз:

One tongue is enough for a woman. Every woman beautiful till she speaks.

The woman cries before the wedding and the man after. A woman’s work is never done.

A woman told me that a woman told her. Women will have the last word.

There was never a conflict without a woman.

A woman, a spaniel, and a walnut-tree, the more you beat them the better be.

Three women and a goose make a market.

Мақал-мәтелдерге ортақ түсінік, әйелдердің сөзшеңдігі, ұрыстың себебін әйелден іздеу керектігі, әйелдің ісі ешқашан бітпейтіндігі және олар өсекке жақынырақ болатыны сөз етілген.

Қазақ тілінде әйелдің тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін мақал-мәтелдер сақталған. Себебі қазақ елі көшпенділік салтымен өмір сүріп, кең даланы мекен етіп табиғатпен етене араласқандықтан таным-түсінігінде де ер мен әйелдің мінез-құлқын ағылшын ұлтына мүлдем жат құбылыстармен бейнелеуі табиғи нәрсе. Мысалы: Қатын көп болса шөмішті ит жалайды; Екі қатынның баласы екі рулы ел. Бұл мақалдардың пайда болуы қазақтарда ертеректе бірнеше әйел алушылықпен байланысты.

Екі халықтың сана-сезімін мен әлемдік ойсуретінде ұқсастықтар басым болғанымен, айырмашылықтар да жетерлік. Ағылшын және қазақ ұлтына да ортақ, басым ұқсастыққа ие болған ер мен әйелге қатысты ой-тұжырымдар:

– Ер адамды әйелден жоғары қойып, олардың көшбасшылық қасиетін бағалайтын мақалмәтелдер;

Әйелдің сөзшеңдігі мен өсекке жақын екенін көрсететін мақал-мәтелдер;

Әйелдің отбасы ұйытқысы және ардақты ана ретінде сипаттайтын мақал-мәтелдер;

Ер адамды жетістікке жеткізетін, ақылшы және қамқоршысы – әйел екенін ұғындыратын мақал-мәтелдер.

Қазақтың ежелгі мәдениеті мен тұрмыс-салтынан көрініс беретін әйелге қатысты мақалмәтелдер қалыптасып, халық арасында кең тараған. Ағылшын тілінде мүлдем кездеспейтін мақал-мәтелдер:

бірнеше әйел алушылық, әмеңгерлік салты, қызға қалың мал беру сияқты дәстүрлерден мәлімет беретін мақал-мәтелдер. Мысалы, «Аға өлсе жеңге мұра», «Қыз мұраты кету», «Бәйбішеге малын берер, тоқалға жанын берер», «Бастапқы қызыңды жасаулы ұзат,соңғы қызыңның өтеуіне жақсы», «Қалыңсыз қыз болмас», «Құмға төккен білінбес, қызға берген білінбес».

Қыздың тұрмыс құрған соң келін ретіндегі бейнесін суреттейтін мақал-мәтелдер: «Келіні жақсының керегесі алтын», «Жақсы ауылға келген келін – келін, Жаман ауылға келген келін – келсап», «Келінге өкпе тисе төбесі көкке тиеді», «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан», «Келін ененің топырағынан».

Келесі мақал-мәтелдер тобы ағылшын халқының төл мәдениеті мен тұрмыстағы гендерлік таптаурындардан туындаса керек, сондықтан бұл мақал-мәтелдердің қазақ тілінде баламасын кездестірмейміз:

A lady is a woman who makes it easy for a man to be a gentleman.

If you search for a faultless woman, you will remain a bachelor. A man is as old as he feels, and a woman as old as she looks.

Қазіргі гендерлік лингвистикада әлі де толық зерттелмеген аспектілірдің бірі – туыс емес және мәдениеті әр-алуан қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдердің ерекшеліктері мен ұқсастықтарын анықтап, саралап, талдаудан өткізе отырып, осы екі мәдениеттегі көптеген бұрын белгісіз болған қырларын ашу.

«Ер» және «әйел» концептілері барша адамзат баласына ортақ әмбебап құбылыс болғанымен, әр ұлттың «еркектік» және «әйелдікті» анықтайтын өзіндік өлшемдері, оларға жүктейтін жауапкерліктері мен міндеттері, мінез-құлық үлгілері болары анық. Екі тілдегі гендерлік қырлары бар мақал-мәтелдерді салғастыра зерттеу бізге рухани, мәдени жағынан бір-біріне өте алшақ екі ұлттың өзіндік ерекшеліктерін және аталған концептілерге қатысты қалыптасқан дәстүрлі дүниетанымы мен ой-пайымдауларын ашуға мүмкіндік береді.

Мақал-мәтелдердің гендерлік қырын сөз еткенде біз «әйел» және «ер» бинарлық жұбының жағымды, жағымсыз қылықтарын сипаттайтын мақал-мәтелдерді, бейтарап реңкі бар мақал-мәтелдерді және олардың қоғамдағы орны, қызметі, әлеуметтік статусын, ана-бала және ата-бала, әке-ұл, ана-қыз арасындағы қатынастарды айқындайтын мақал-мәтелдерге талдау жасау өте маңызды болып табылады.

Гендер қоғамда дүниеге келіп, ұлттық тілдік тұлғаға әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және мәдени процесстердің жиынтығы. Мұндай процессер келіп тіл білімінде гендерлік лингвистиканы тудырды. Бұл фактор қазақ ауыз әдебиеті, соның ішінде мақал-мәтелдер бойынан жақсы көрініс тапқан. Қай мақалды алсақ та ол ер не әйел адамның жас ерекшеліктеріне, мінез-құлқына және іс-әрекеттеріне байланысты келеді.

Мақал-мәтелдердің гендерлік қырын қарастыру барысында олардың ұлттық-мәдени астарын, рухани мәдениетінің қайнаркөздерін де ашу маңызды, өйткені әр мақал-мәтелдің астарынан халықтық дүниетаным, ұлттық философия, белгілі бір мәдени ақпаратты көре аламыз.

Қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерін салғастыра зерттеудегі негізгі мақсат – екі халықтың әлемдік бейнесін, ұлттық сана мен мәдениетін, қоғамдық даму үрдісінде қалыптасқан ұстанымдарын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ондағы ер мен әйелдің алатын орнын айқындау және олардың әлеуметтік статусы жайында жанжақты мағлұмат жинау болып табылады.

Әдебиеттер

  1. Кирилина А.В. Язык и гендер. – М.: Языки славянской культуры, 2005. – 624 с. – C. 133.

  2. Чекалина А.А. Гендерная психология. – М.: Ось 89, 2006. – 256 с. – С. 24.

  3. Маханова Ө. Білім беру жүйесіндегі гендерлік өлшем // Ақиқат. – 2003. – № 3. – Б. 28-29.

  4. Гусейнова И.А., Томская М.В. Гендерный аспект в текстах современной рекламы // Филологические науки. – 2000. – № 3. – С. 91-92.

  5. Шоқым Г.Т. Тілдің гендерлік жіктелімінің ғылыми негіздері. Филол. ғыл. докт. дис. – Алматы, 2009. – 227 б. – Б. 21.

  6. Аханов К.А. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы: Мектеп, 1965. – 600 б. – Б. 250.

Филология. Реферат. Сакральды мәнді сөздер табиғаты
Филология. Реферат. «Эпоним» ұғымының шығуы мен оның кейбір мәселелері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу