Филология. Реферат. Контекст — семиотикалық бірлік

Oinet.kz 12-09-2020 691

Құрылымдық синтаксис деңгейіндегі талдаулар модалділік санатының грамматикалық табиғатын толық ашып көрсете алмайды. Себебі бұл санаттың грамматикалық ерекшелігі, модалді мағынаның астары көп жағдайда сөйлем аралық байланыстан, контекст аясындағы салыстырудан дараланады. Модалділікті контекст шеңберінде талдау қажеттігін, ішкі себептері мен қол жеткізер мүмкіндіктерін, оның функционалдық мəнін С.Құлманов пікірімен ұштастырып, төмендегіше саралап көрсетуге болады: «Біріншіден, модалділік категориясын оны тура білдіретін конвенционалды құралдардан басқа осы семантикалық мазмұнды, осы коммуникациялық функцияны жанама түрде білдіретін бейконвенционалды құралдарды да жатқызуға болады. Кейбір модалдік мағыналар оларды білдіретін құралдардың семантикасына байланысты болмауы да мүмкін... Екіншіден, ұқсас мағыналарды білдіретін жекелеген бірліктердің арасындағы семантикалық айырмашылықтарды коммуникативті əдіске сүйенбей табу мүмкін болмайды... Үшіншіден, коммуникативті жағдаяттың ерекшелігіне байланысты тілдік құралдарды таңдау шарты анықталады... Төртіншіден, коммуникативті жағдаят пен оның қатысушыларын айқындау бұйрықты сөйлемдердің кеңес, өтініш, бұйрық, ұсыныс т.б. сияқты реңктерінің семантикалық айырмашылықтарын айқындауға мүмкіндік береді...» [1; 45,46].

Модалділіктің аталған құрылымдық белгілерін талдау үшін, контексті тірек ете салыстыру аса қажет. Контекст əр сөйлемде көрініс беретін модалді мағынаны жалқылап талдауды мақсат етпейді. Текст, контекст — бірнеше сөйлемнің ішкі бірлігінен қалыптасатын, белгілі бір жағдаяттың əсерін ескере отырып, модалділікті толық сипаттауға, ұғынуға мүмкіндік беріп, біртұтас ойды қалыптастыратын бірлік. Яғни, контекст өзінің құрамындағы ұсақ семиотикалық белгілердің тығыз семантикалық қатынасынан өрбитін модалді мағынаның құрылымдық ерекшелігін бұзбай, субъектінің əр түрлі көзқарасын жандандырады. Ендеше, модалділік санатының құрылымын, семантикалық ерекшелігін толыққанды талдау үшін, контекстің өзін семиотикалық бірлік ретінде қабылдаймыз. Оның құрамындағы синтаксистік бірліктер өзара əрекеттесу заңдылығымен дараланып, семантика-құрылымдық байланысын қатаң сақтап, тұтас құрылымның ішкі бөлшектері сияқты қызмет атқарады.

Контекст, оның ішкі бөлшектері, олардың байланысы, грамматикалық қызметін В.Л.Ринберг:

«Учитывая, однако, что целостность этой структуры, как и других единиц высшего порядка, основана на диалектическом единстве структурных и семантических параметров, среди которых ведущее место принадлежит семантико-синтаксическим отношениям и связям между предложениями, следует считать, что оба плана (и граница, и связи) взаимообусловлены, взаимосвязаны, и выявление их может быть реализовано только в этом неразрывном единстве», — деп сипаттаған [2].

Контекстің құрылымы, оның қызметтік мүмкіндігін Г.В.Колшанский пікірі де толықтырады: «Интенция построения текста распространяется не на задачу формирования отдельных высказываний, а на передачу цельного смысла, представляющего собой не констатацию атомарных фактов, а описание определенной ситуации, являющейся предметом, обмена мыслями между коммуникантами» [3].

Жалпы грамматикада семиотикалық бірліктер туралы əр түрлі көзқарастар орын алған. Лингвистикалық ауқымда семиотикалық бірліктерді тар көлемде де, кең көлемде де түсінуге болады. Тар көлемде «семиотикалық бірліктер», «мағына», «семантика» ұғымдарын лексикология шеңберінде талдап, бір сөздің мағынасын сипаттаумен байланыстырамыз. Мұнда семиотикалық бірліктерді жалқылау басым. Егер лексикологияда семантика категориясының бірлігі сөз жəне сөздер тіркесі болса, функционалдық сипаттаумен астарласқанда, сөйлемдерді де, контекстерді де семантика категориясының бірлігі ретінде қабылдаймыз. Ал контекстің семиотикалық бірлік ретінде сипатталуы функционалды көзқарас, функционалдық талдаулардан бастау алады. Бұл бағытта семантика категориясының бірліктері неғұрлым күрделі сипат алып, болмыс-бітімін кешенді сипаттауға мүмкіндік жасалады. Бұл жетістікке, əрине, бірнеше сатыдан, бірнеше теориялық ілімдердің дамуы нəтижесінде қол жеткіздік. Бұған дейінгі сатыда «семантика категориясының тірегі қандай бірлік?» деген сұрақ төңірегінде əр түрлі көзқарастар орын алған. Семиотиканың негізгі бірліктері ретінде «жеке сөздердің рөлі күшті» деген көзқарастың да біз үшін маңызы бар. Себебі семантика категориясының алғашқы теориялық негізі, іргетасы осындай ойлардың астарынан қалыптасып, дамыды. Бұл еңбектерде жеке белгі, сөздердің маңызы туралы тұжырымдар қамтылды.

Семиотикалық белгілердің табиғатын айқындауда зерттеушілердің бір тобы «тұлғадан мағынаға» əсер ету көзқарасын қолдаса, екінші тобы тұтас құрылымның тұлғаға əсер етуіне, олардың бірлікте жұмсалуына мəн беру керектігін айтады.

Дегенмен, «тұлғадан мағынаға» əсер ету ұстанымын басшылыққа алған зерттеулерде семиотикалық белгілердің функционалды деңгейдегі қызметіне мəн берілмеді.

Семиотикалық белгілердің сөйлеу əрекетін қозғалысқа түсірудегі рөлі, олардың ішкі бірлігі, ақпарат алмасуға тірек болуын саралау төмендегі еңбектерден бастау алады.

Алғаш рет семантика мəселесіне қатысы бар тілдік бірліктердің коммуникативтік қызметіне мəн берген Р.Пирс болды. К.Я.Сигалдың талдауы бойынша, Р.Пирстің семиотикалық белгілерді сипаттауының астарында «қандай ақпаратқа тірек болған?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғалған [4]. Яғни алғаш рет семиотикалық бірліктердің тілдік қарым-қатынас жасауға тірек болуына назар аударылады.

Ч.Моррис ілімінде семиотикалық белгілердің бірлігі, қозғалысы, қызметтік аясы айқындалды. Автор: «Полная характеристика отдельного знака возможна лишь при указании того, что будет названо синтаксическими, семантическими и прагматическими правилами, управляющими знаковыми средствами, — деп тұжырымдайды. Сондай-ақ ол: «Семиотика включает в себя три подчиненные ей дисциплины — синтактику, семантику и прагматику, которые изучают соответственно синтаксическое, семантическое и прагматическое измерения семиозиса», — деп, семиотикалық бірліктердің қызметін талдау үшін, контекстің семантикалық, синтаксистік, прагматикалық белгілерін салыстыра қарауды ұсынады [5; 43]. Зерттеуші семантиканың күрделенуі оның ішкі бірліктерінің күрделенуіне əкелетіндігін орынды ескерген. Бұл туралы автордың төмендегідей ойлары орын алған: «...успешное развитие семантики предполагает относительно высокоразвитую синтактику» [5; 55].

Ю.М.Лотман семиотикалық бірліктердің коммуникативтік қажеттілікке орай ұйымдасатынын айта келе, олардың ішкі семантикалық, құрылымдық байланысы жаңа ақпаратты тудырудың қозғаушы күші болады деп бағалаған: «Всякая осуществляющая весь набор семиотических возможностей система не только передает готовые сообщения, но и служит генератором новых» [6].

В.Г.Гак семиотикалық кеңістікте тексті маңызды бірлік деп таныған: «Однако положение о доминирующей позиции слова в семиотической системе языка оспаривается текстоцентрической теорией, в соответствии с которой высказывания считаются основными знаками, а слова определяются как полузнаки» [7].

Е.В.Падучева семантика категориясының шешімі, болмысы тек контексте анықталады деп тұжырымдаған [8].

И.П.Сусов «Семантическая структура предложения» деп аталған еңбегінде семантика мəселесін жеке сөйлемдермен жалқыламай, бірнеше сөйлемнің құрылымдық-мағыналық байланысы нəтижесінде қалыптасатын күрделі құбылыс деп сипаттайды [9].

Функционалдық шеңберде контекстің семиотикалық бірлік ретіндегі қызметін Г.Ю.Аманбаева талдай келе, ақпарат алмасушы субъектілердің арасын байланыстыратын белгілі бір хабар таратушы, байланыстырғыш амалдар деп көрсетеді. Бұл туралы автордың «знак как результат семиотических коннекций рассматривается в качестве конвенционального транслятора некоторого содержательного объема, обусловленного интенцией отправителя и интерпретированного в процессе декодирования получателем» деген тұжырымды ойларын келтіруге болады [10, 9].

Ал М.В.Никитин семиотикалық бірлік ретінде контекст қызметін сөйлеу əрекетіне тірек болуымен бағалайды: «Интенциональность знака — свойство, определяемое в качестве семиотической константы и позволяющее утверждать, что знак объективируется как «конвенциональный транслятор значений от отправителя к получателю» [11; 11].

Семиотикалық бірлік ретінде контекстің қызметі функционалды грамматиканың міндет- мақсаттарына бағынады. Ал «функционалды грамматиканың міндеті — грамматикалық бірліктер мен категориялардың сөйленім мазмұнын білдіруге қатысатын əр түрлі тіл деңгейіндік элементтермен өзара əрекеттестіктегі қызметінің арнайы динамикалық аспектісін қалыптастыру» болмақ [1, 30].

Сонда контекстегі сөйлемдердің қатары семантикалық заңдылыққа сай, коммуникативтік қарым- қатынасты өтеу мақсатында, өзара байланыста орналасады. Г.Ю.Аманбаева контексті құрайтын сөйлемдердің белгілі бір мағыналық кеңістікте ішкі заңдылыққа сай орналасып, қолданыста болатынын сипаттап: «Центростремительный механизм текста, образующий из совокупности составляющих его знаков единое семиотическое пространство, вне зависимости от параметров пространственного объема и временной протяженности, является следствием законов, человеческого мышления и познавательной деятельности», — деп қорытады [4, 46].

Өйткені функционалдық бағытта семантика категориясының бірліктері күрделі міндеттерді шешеді. Яғни, семантикалық байланыстың жігін байланыста ұстап, құрылымдық тұтастықты сақтап, сөйлеудің мəн-мағынасын ашу. Бұл туралы А.Вежбицка: «Семантика представляет собой деятельность, которая заключается в разъяснении смысла человеческих высказываний... Теоретическая семантика, если она действительно стремится к познанию и подробной фиксации семантической структуры человеческой речи, не может остановиться на полпути. Она должна довести минимизацию до конца, до тех пор, пока она не дойдет до таких составляющих человеческих высказываний, которые уже просто не могут быть подвергнуты дальнейшему разложению», — деп бекітеді [12].

Контекст семиотикалық бірлік ретінде қызмет атқарғанда, модалділік санатын тек лингвистикалық тұрғыдан сипаттамайды, контекст модалділік санатының табиғатын ашуда, «олардың құрылымдық жағымен бірге мағыналық мазмұнын ескере отырып, оны қарым-қатынаста, сөйлеу жағдаятымен тікелей байланыста, яғни, жүйелеумен қоса, оның əрекет ету, жұмсалу механизімін де қарастырады» [1]. Яғни, модалділіктің жасалуына тірек болатын тілдік амалдардың əр түрлі функциялы қызметін, жалпы модалділік категориясының белгілі құрылымдық сатысы болатынын, мономодалді, полимодалді қолданыстардың белгісін, лексикалық бірліктердің мағыналық жақтан кеңеюі нəтижесінде берілетін модалді мағынаның астарын, интонация компоненттерінің қозғалысын, сөйлем мүшелерінің орын ауыстыруы нəтижесінде берілетін омонимдік модалді мағыналарды да контекст деңгейінде ажыратамыз. Мысалы, кейбір зат есімдердің лексикалық мағынасы тура жəне қолданыста орныққан ауыспалы мағынасынан бөлек стилистикалық құбылтуға да икемделеді. Мұндай қолданыстарда зат есімге тəн, əбден қалыптасқан негізгі ұғым екінші қырынан жаңғырады. Осы мəселеге қатысты тек контекстік салыстырудан белгілі болатын «ит» сөзінің мағыналық жаңару сатысына көз жүгіртсек. Мысалы: Есенейдің иттері əуелі шыға салып таласып алды. Тайыншадай дырау, қасқыр азу иттердің тістері қанжардай жарқылдап кетті. Иттерде қай бұрын жығылғанын талайтын əдет бар (Ғ.Мүсірепов). Бұл мысалда «ит» сөзі тура мағынада. Ал екінші қолданыста тура мағынаның ізімен қалыптасатын «ит» сөзінің ауыспалы мағынасын ажыратамыз. Мысалы:...Əлдекім əлдеқашан айттырып, құда түсіп қойған болар-ау... Оған сөз жоқ қой. Ит-ай, деген маңдай жарылып туған ит еді! (Ғ.Мүсірепов). Үшінші контексте «ит» сөзінің семантикалық өрісінен бастау алатын мағынасы басқа қырынан танылған. Бірінші, екінші мысалда жағымсыз реңк орын алса, соңғы мысалда субъектінің сағынышын, қуанышын ашуға тірек болған «ит» сөзінің жаңа қолданысын аңғарамыз. Мысалы: Артекең Садыр батырмен ерекше сағынышты амандасты: — Батырым-ай, оқ өтпесім-ай, найзагерім-ай, сені де көретін күн бар екен-ау! Сен ит он бес жыл бойы неге ат ізін салмай кеттің? Өліп қалған шығарсың деп жүр едім (Ғ.Мүсірепов). Лексикалық қолданыстардың мұндай ерекшеліктері арқылы берілетін модалді мағыналар тек контекстік деңгейінде айқындалады. Ал контексте мұндай ерекшеліктер семантикалық ұстаным негізінде талданғанда көрініс береді. Ж.Жақыпов контекстегі тілдік бірліктердің қызметін салыстыруда орын алатын басты ұстанымды төмендегідей ажыратады: «Сонымен, сөйлемге коммуникативтік тұрғыдан қарау дегеніміз — оны сөйлеу единицасы ретінде қарау. Ал сөйлеудегі сөйлем — контекстегі сөйлем. Тіл тұрғысынан алғанда біз оқшау алынған сөйлемдерді, олардың семантикасының құрылыммен берілуін қараймыз. Енді контекст аясында қарағанда, сөйлем басқаша мəнге ие болады: бүтіннің бөлшегі, буыны, бүтінді құраушы негіз ретінде көрінеді. Осы бүтінді біріктіруші құралдар əр сөйлемнің бойында болады. Осылайша сөйлем ой ағынының, сөйлеу ағынының единицасы ретінде қызмет атқарады» [10, 25].

Талданған мысалдар мен теориялық мəселелерден аңғаратынымыз, контексте тілдік бірліктердің қозғалысы ретсіз емес, олар белгіленген ұстанымға сай тұтастық құрайды. Нақтырақ айтсақ, сөйлеу əрекетіндегі тілдік бірліктердің қызметі, контекстік тұтастық шеңберіндегі өңделуі, толығуы семантикалық қатынастан бастау алады. Яғни, тілдік белгілердің семантикалық ұстанымға сай қызметтік аясының құбылуынан, өзара əрекеттесуінен, ұйымдаса қолданылуынан сөйлеу əрекетінің құрылымы қалыптасады. Бұл мəселеге қатысты Н.Уəлиұлы: «Сөз мағынасының өзгеруі, қызметінде жаңа бір қырдың пайда болуы, өзгеше реңге көшуі тілдің өз заңдылықтары бойынша өрбіп отырады. Соларға сүйенбей, оларды елеп-ескермей «дұрыс» не «бұрыс» деп кесім айтып, əркім өз қиялынша топшылау жасап жатса, көлеңкеге қарап пішкен тондай келіссіз болып шығуы да мүмкін. Сөздің де сөз болғанмен, сарасы бар», — деп ескереді [11, 50]. Осы пікірдің астарында кез келген қолданысты, грамматикалық, лексикалық бірліктердің контекст деңгейінде бүтіннің бір бөлшегі сияқты семантикалық ұстанымға сай қолданыста болатындығы туралы, контекст сөйлеу бірліктерінің тұтастығын, семантикалық мəнін ашуға тірек болатын күрделі семиотикалық бірлік екендігі дараланған.

Біз қарастырған модалділік санатының құрылымдық ерекшелігін талдауда да контекстің ықпалы барынша белсенді жəне қажетті. Сондықтан контекст семиотикалық макробелгі ретінде, терең семантика-құрылымдық белгісі негізінде ақпараттық, концептуалдық, прагматикалық деңгейлерді біріктіре отырып:

  • модалділіктің тұтас құрылымдық көрінісін анықтауға;

  • оның қалыптасуына əсер ететін лингвистикалық, психолингвистикалық, паралингвистикалық амалдардың кешенді қызметін ажыратуға;

  • модалділік санатының сөйлем деңгейінен кең құрылым екенін саралауға;

  • модалділіктің мəтін түзуші категория екенін дəлелдеуге тірек болады.

Əдебиеттер тізімі

  1. Құлманов С. Қазақ тіліндегі мүмкіндік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісі. — Алматы: Ценные бумаги, 2006. — 155 б.

  2. Ринберг В.Л. Конструкции связного текста в современном русском языке. — Львов: Вища шк., 1987. — С.

  3. Колшанский Г.В. Коммуникативная функция и структура языка // Коммуникативные единицы языка. — М.: Изд. МГПИИЯ им. М.Тореза, 1984. — С. 115, 116.

  4. Сигал К.Я. Проблемы иконичности в языке // Вопросы языкознания. — 1997. — № 6. — С. 100–109.

  5. Падучева Е.В. О семантике синтаксиса. — М.: Наука, 1974. — 292 с.

  6. Сусов И.П. Семантическая структура предложения. — Тула, 1974. — С.

  7. Аманбаева Г.Ю. Макрознак: структура, семантика, прагматика. — Алматы: LЕМ, 2005. — С.

  8. Никитин М.В. // Вопросы языкознания. — 1997. — № 5. — С.

  9. Вежбицка А. Семиотика: Сб. ст. — М.: Радуга, 1983. — С.

  10. Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. — 159 б.

  11. Уəлиұлы Н. Фразеология жəне тілдік норма. — Алматы: РБК, 1998. — 128-б.

  12. Моррис Ч. Основания теории знаков // Семиотика: Сб.ст. — М.: Радуга, 1983. — С. 225

Филология. Реферат. Паремиологиялық қайшылықтар
Филология. Реферат. Мағжан поэзиясындағы символизм
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу