Орта жүздің шежіресі. Қоңырат руы

Oinet.kz 06-10-2020 5480


Қоңырат тайпасының таңбасы:
(«босаға таңба»), ұраны «Алатау», «Мүкәмал». Түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың да этникалық тарихына қоңырат тайпасы зор үлестерін қосты.
Монғол деректері мен араб, парсы, Орта Азия және қытай авторлары шығармаларында айтылатындай, бұл тайпаның шығу тегі монғолдардан таратылатынын көреміз.
Түркілер арасындағы «қоңырат» этнонимі, яғни Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этногенезіндегі бұл тайпаның тегі монғолдардан шыққанын теріске шығарады. Қоңырат тайпаларының қалыптасуында монғол-қоңырат элементтері елеулі болды, бірақ олардың негізгі көпшілігі түркі рулары еді. Бұл арада қоңырат тайпалары тобының жаңа этно-әлеуметтік ұйымға бірігіп, Дешті Қыпшақ даласында үстемдік еткен Жошы әулеті ұрпағының бір бұтағы жаңа «қоңырат» атауын алғаны айқын. Дешті Қыпшақ тайпаларында «қоңырат» этнонимінің таралуы, біздің пікірімізше, монғол құрамында болған покой (нөкер) институтымен байланысты. Нөкерлер дегеніміз монғол кононының, баһадүрінің, мергенінің, яғни монғол қоғамының экономикалық, саяси және әскери өмірінде маңызды қызмет атқарған феодалдық тап өкілдерінің әскери жасағы. Осы ұландардың көмегімен монғол феодалдары бағындырылған халықтарға өз үстемдігін орнатты. Мысалы, Шыңғыс-хан Иранда монғол билігін жүзеге асыру үшін Шинк-гургенге қоңырат тайпасынан 4000 жігіт бөлген. Тегінде, қоңырат тайпасынан шыққан күшті бір әулет Дешті Қыпшақтың негізгі көпшілігі түркілерден тұратын кейбір руларды (тайпаларын) басқарып, жаңа этно- әлеуметтік ұйымға үстемдік етуші феодалдық әулеттің этнонимін қалыптастырған болса керек. Н. Аристов пен В. В. Бартольд өз еңбектерінде осындай қорытындыға келеді.
Жоғарыда аталып өткендей, көшпенді халықтардың рулық-тайпалық құрылымындағы ірі буындардың түптөркініне мифтік мағына тап, оларға халықтардың этникалық сана-сезімі мен идеологиясы әсер етті және таксономиялық жіктердің реттілігін, сондай-ақ олардағы кейбір буындардың жойылып кетуін реттеп отырды. Этникалық сана-сезім мен заман идеологиясы халық эпостарында, аңыздары мен жырларында және т. б. көрініс табады.
Түркі халықтарының этникалық тарихында қоңыраттардың үлкен қызмет атқарғанын Қоңырат тайпасынан шыққан Алпамыс батыр туралы батырлық эпостың әр түрлі нұсқаларының болуы айқын дәлел. Бұлар қазақтар мен қарақалпақтардың «Алпамыс», өзбектердің «Алпамыш», башқұрттардың «Алпамыш пен Барсын Хылуу» эпостары, татарлардың батырлық ертегісі «Алпамша», алтайлықтардың «Алый Манаш», қырғыздардың «Манас» эпосы.
Бұл эпостың әр түрлі (оғыз, қоңырат, қыпшақ) нұсқаларына, олардың пайда болған уақытына тоқталып жатпай, оның қыпшақ нұсқасын негізге алайық, ғалымдардың пікірінше, ол ғасырларда Дешті Қышпақ даласында пайда болып, дамыған.
Алпамыстың қоңырат тайпасынан шыққаны эпостың көптеген беттерінде айтылады, тіпті батыр шыққан Лақай руы да көрсетіледі. Эпоста Қоңырат тайпасының Орта жүзге жататыны, сондай-ақ осы тайпаға біріккен рулар саны отыз екі («отыз екі ата қоңырат») екені де айтылады. Эпостағы мәліметтерге сәйкес, Алпамыстың шыққан тегін былай деп есептеуге болады.
Эпоста Арыстан баб туралы айтылады, аңыздарға сәйкес, ол мұсылмандар дүниесінде атағы мәлім, әулиелік және діндарлық қызметімен әйгілі Қожа Ахмет Йассауидің ұстазы болған. Оның кесенесі (бұрыштарында төрт мұнарасы бар екі күмбезді) Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданындағы Қоғам селосының маңында, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында орналасқан. Эпосқа қарағанда, баласы жоқ Байбөріге ұлы Алпамыс пен қызы Қарлығаштың дүниеге келуі туралы басқа әулие-әнбиелермен бірге Арыстан баб та аян берген. Әрине, аңыздың аты аңыз, дегенмен де Арыстан баб кесенесінің қоңыраттар көшіп- қонып жүретін аймақта орналасуын елемеуге болмайды, қайта этникалық сана-сезім мен сол заман көрінісі деп түсіну керек. Соңғы кездерде этнографтар осы жағына баса назар аударуда.
Қоңырат тайпасының 8-кестеде келтіріліп отырған шежіресі ел арасынан жиналған материалдарға негізделген және қарастырылып отырған тайпаның құрылымын мейлінше толық бейнелейді.
XVIII ғасырдағы ресми құжаттарда қоңырат тайпасы туралы аз айтылады, олар Ресейге 1731 жылы ант бергендер арасында да, 1742 жылы ант бергендер арасында да жоқ. Барақ сұлтанның Орынбор губернаторы И. Неплюевке хатында (1749 жылғы қыркүйек) ғана былай делінген: «…Қырғыз-қайсақтардың Қоңырат руы (яғни он мың адам) ұлы мәртебелі император ағзамның бодандығын қабылдап, мені, Барақты өздерінің ханы әрі билеушісі етіп алды».
Барақ сұлтанға қарастылардың саны ең көбі наймандар еді, Ресей бодандығын алған кезде олар 40 000 шаңырақ болған (1742 жылғы қараша). Ал кейбір деректемелерде қоңыраттардың («қоңырат халқы», «қоңырат руы») Түркістан маңында «Барақ… ұлыстарына жақын» жерде көшіп жүргені көрсетілген.
Қоңыраттар мен наймандардың бірге көшіп жүретінің Г. Волконский де былай деп хабарлайды: Он екі атадан тұратын Найман-Қоңырат руында 15000-дай шаңырақ бар.
…Қоныстары жаздыгүні Шажағай, Көксу, Қаратал өзендері маңында, Ақтуар тауы маңында болады да, қысқа қарай Түркістан мен Ташкент жағына кетеді.
Бұлар, тегінде, қоңыраттар мен наймандардың Барақ сұлтанға қарасты бөлігі болса керек. Жоғарыда келтірілген архив материалдарында Құлақ би, Талқан батыр, Жаңабай би және Айшуақ Есімов сияқты билеушілер көрсетіледі. Сірә, бұл адамдар жекелеген руларды (саны 12 болған аталарды) басқарып, олардың бәрі Әбілқайыр ханды өлтірген Бараққа тіпті хан әулетінің кек алуынан да қорқа қоймаған күшті феодал Барақ сұлтанға бағынышты болса керек.
Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының рулық-тайпалық құрамын суреттеуінде А. И. Тевкелев қоңыраттар туралы былай деп жазған: Сол Ұлы ордадағы өте күшті рулардың бірі Қоңырат руы, бұл ру Орта ордаға жатады, өйткені ол қаншама жылдардан бері Орта ордадан бөлініп қалып, Ұлы ордамен бірге көшіп жүреді, сол Қоңырат руы он екі руға бөлінеді, атап айтқанда, олар: Байлар, Жандар қоңырат, Оразгелді қоңырат, Құлшығаш қоңырат, Божбан қоңырат, Тоқболат қоңырат, Жаманбай қоңырат, Қаракөсе қоңырат, Жетімдер қоңырат, Құйысқансыз қоңырат.
Бұл рулар Қоңыраттың Көтенші және Көктің ұлы деген екі тармағына жатады (қараңыз: 8-кесте). Орысша нұсқасында рулардың аты бұрмаланған, ал біреуінде (автордың алғашқы атағанында) екі ру біріктіріліп жіберілген. Бірінші тармағына мына рулар жатады: Божбан, Жаманбай, Жетімдер, Құйысқансыз; екінші тармағы Көктің ұлына жататындар: Байлар, Жандар (Тевкелев бұл екеуін бір руға біріктіріп жіберген), Оразгелді, Құлшығаш, Тоқболат, Қаракөсе. Автор Аққой және Саңғыл деген екі руды айтпайды (қараңыз: 8-кесте).
Ал қоңыраттардың Орта жүз жерінен неге кетіп қалғаны келесі тарауда айтылады.
Г. Волконскийдің есептеуінше, Орта жүздің 100 атасында 159 400-дей шаңырақ болған. Н. Е. Бекмаханова да нақ осы деректерді келтіреді.
Алайда, көшпелі отбасылардың Г. Волконский келтірген саны туралы мәліметтерді біздің жинақтап шығаруымыз өзгеше нәтиже береді. 106 атада (рулар мен олардың аталарында) 168 000 шаңырақ болған, оның ішінде арғындардың 29 атасында 70000, наймандардың 23 атасында 54 000, қыпшақтардың 25 атасында 13 500, керейлердің 6 атасында 5000, уақтардың 8 атасында 2500, бірге көшіп жүретін наймандар мен қоңыраттардың 12 атасында 15 000, жетіру-уақ-керейлердің 3 атасында 8000 шаңырақ бар.
Бірақ бұл мәліметтерді де нақты деуге болмайды. Орта жүздің Г. Волконский келтірген сан құрамын И. Г. Андреевтің есептеулері толықтырады. Мысалы, Іле мен Ертіс, Бөкен мен Шығанақ өзендерінің арасында, Нарынның сағасында, Тарбағатай жоталары маңында, Аблакет өзенінің бойында және Өскемен бекінісі төңірегінде Орта жүз қазақтарының негізінен найман және керей тайпаларына жататын 4250 шаңырағы көшіп жүрген. Ертіс аңғарында көшіп жүрген қожалықтар саны белгісіз, ол Орта жүз халқының санын едәуір көбейткен болар еді.
XVIII ғасырдың екінші жартысында орыс әкімшілігі қазақ жүздері арасында межелеу жұмыстарын жүргізе бастады, мұның өзі Ресей бодандығына жаңадан енгендерге салық салу және оларды империяның мүдделерін көздей отырып басқару үшін қажет болған еді.
Полковник әрі атаман Телятникомның Ташкентке жорығы туралы жазбаларында (1796) Орта жүздің шығыс шеті Ертіс бойымен өткені, ал оңтүстігі Балқаш көлі, Шу өзені, Түркістан қаласына дейінгі Сырдария аңғары болғаны көрсетілген.
Оңтүстік шекарасы Орта жүз иеліктерін Ұлы жүзден бөліп жатты. Капитан Андреев Орта жүздің оңтүстік шекарасын одан да әрі Арал теңізіне қарай жеткізеді. Батысында Орта жүз бен Кіші жүздің қоныстарын бөліп жатқан шекара Ырғыз өзенінен Наурызым көлі мен Телікөл арқылы Тобыл өзеніне құятын Алабұға өзеніне дейін созылады. Орта жүз қазақтарының солтүстік шекарасы Сібір казак әскерлерінің жерімен шектесіп жатты және Звериноголовск бекінісінен шығысқа қарай Омбы бекінісіне дейін Горькая шебінің бойымен өткен. Шығыс шеті Омбы бекінісінен Ертістің жоғары ағысымен Зайсан көліне дейін жеткен.
Қазақтар Ертістің екі жағында, Зайсан ойпатында көшіп жүрген. Алайда, оң жағалауындағы қазақтар кезінде Жоңғар хандығын талқандаған Қытайдың бодандары деп есептелген. Өз жайылымдарына қайтып оралған қазақ қауымдары қытай императорына тәуелді болған. Дегенмен, бұл тәуелділік болмашы ғана еді: қауымдар салық төлеген де, қалған жағынан (шаруашылық жүргізуде, әлеуметтік құрылыста, дауларды шешу ісінде және т. б.) олар дербес болған. Туыстарының өздеріне, Ертістің оң жағалауына көшіп баратыны сияқты, олар да сол жағалауға емін-еркін көшіп келетін, ал мұның өзі салық жинауда белгілі бір қиындықтар туғызған.
Орта және Ұлы жүздер қазақтарының рулық тайпалық құрамының 1748 жылы А. Тевкелев жазған суреттемесінде қоңыраттардың «күшті ру» екені, «Орта ордаға жататыны», көбінде «Үлкен ордамен бірге көшіп жүретіні» айтылған. Ш. Ш. Уәлиханов қоңыраттардың Орта ордадан Уәли хан тұсында (XIX ғасырдың бірінші жартысы) бөлініп, «Бұхарада, Қоқанда, Ташкентте, бәрінен бұрын Қаратауда және Талас өзені бойында өзбек руларымен (көршілес) көшіп жүретінін» жазған. Хабарлар арасындағы айырмашылық 80 жылға жуық, бірақ олардың (қоңыраттардың), Орта Азия мен Ұлы (Үлкен) жүз қоныстарына кетіп қалғаны жайында XVIII ғасырдың ортасында да, XIX ғасырдың бірінші жартысында да айтылады. Ал олардың бұлайша кетіп қалуына не себеп болғанын авторлар айтпайды. Осыны анықтауға тырысайық, дегенмен, басқа тайпалар тарихында байқала бермейтін тайпаның бұлайша жаппай көшіп кету көрінісі айқын болу үшін бұл тайпаның тарихына қысқаша тоқталып өту керек. Нақ сол Уәли хан кезінде айрыла көшудің болғаны рас, сол хан тарапынан көрсетілген қысымшылыққа наразылық ретінде 1797 жылы 15000 шаңырақ арғындардың Ертістің оң жағалауына көшіп кеткенін айтсақ та болады. Бірақ ол арғындар (атығайлар) қалай қоныс аударса да Орта жүз жері ішінде қалған, ал қоңыраттар бұрынғы мекенінен мүлде шығандап, оңтүстік өңіріне тым тереңдеп кеткенін көреміз.
Мұның қысқаша тарихы мынадай. XVIII ғасырда қоңыраттар көшпенді өзбектердің мемлекеті кезінде болған бұрынғы құдіретінен айрылды, ал ол кезде қоңыраттар оның жауынгерлік сол қанатына енген еді. Шайбани хан Дешті Қыпшақтан Мауараннахрға бет бұрған кезде көптеген қоңыраттар сол жаулап алушы ханға еріп кетті. Шайбани хан қаза тапқаннан кейін Мауараннахрда өзара қырқыс күшейіп, XVI ғасырдың аяғы XVII ғасырдың басында ол дербес екі хандыққа: маңғыттар басқарған Бұхара және қоңыраттар басқарған Хиуа хандықтарына бөлінді.
Мауараннахрға кеткен қоңыраттар қарақалпақ халқы компоненттерінің біріне айналды.
Дешті Қыпшақ даласында қалып, қазақ халқының құрамына енген қоңыраттар Орта Азия халықтары тағдырына жасаған бұрынғы зор ықпалынан енді айрылып қалды. Бұл арада, әрине, халық тарихында тұтастай бір тайпаны қалайда төмендету немесе дәріптеу бар деуге болмайды. Феодалдық дәуірде жеке бір адам мен оның тайпасының билік етуі, оның басқа адамдарға немесе басқа тайпаларға үстемдік жүргізуін көрсеткен.
XVIII ғасырда қоңыраттардың қазақ қоғамындағы жағдайы (маңызы) қандай болған? Белгілі бір тайпаның, рудың салмағы ұлысты, старшындықты (ресми құжаттарда алынған терминдер) басқарған жеке адаммен (ханмен, сұлтанмен, батырмен, бимен) байланыстырылған. Бұл жеке адам мен оның төңірегіндегілер, негізінен оның жақын туыстары өз руластарының, өз тайпаластарының мүдделерін қорғау арқылы өзі де жоғарылап, жайылымдарды иелену мен қоғам өмірінде өз беделін көтеру үшін қажетті күшке ие болған. Наймандардың 40 000 шаңырағын билеген Барақ сұлтан, осы тайпаның 10 000 шаңырағын басқарған Күшік хан, Атығай руын бір қолында ұстаған Абылай сұлтан, Қыпшақ ұлысын соңынан ерткен Төле батыр т. б. осындай тұлғалар болған.
Темірқазықтай жеке тұлғалары болмайынша, өз мүдделерін қорғау өте қиын екенін көшпенділер де түсініп, олар көбінесе Шыңғыс ұрпақтарын таңдап алған. Мысалы, Тобықты руынан шыққан Тоқтамыс Көкшетаудан Шыңғыстауға Абылай ханның кіші ұлы тоғыз жасар Шаманы әкеліп, ол көп ұзамай Тобықты руының сұлтанына айналған. Шама сұлтан тобықтылардың мүдделерін қорғаған, сондықтан XIX ғасырдың 40жылдарында Дадан тобықтыларды Балқаш көліне дейін апарып, олар бұрынғы жайылымдықтарын иеленген.
Мұндай (жеке адам мен ру, тайпа қатынастарынан) мысалдар аз емес. Міне, осы арада мынадай сұрақ туады: қоңыраттарда өз мүдделерін өздері қорғай алатындай күш болды ма, олардың арасында Абылай хан, Барақ сұлтан, Қазыбек би сияқты тұлғалар кездесті ме?
Тілмәш М. Арапов айғақтарының жазбасында (1749) Найман руларымен және Арғын тайпасының қаракесек руымен қатар Барақ сұлтан әскерінің негізін қоңыраттар құрағаны, сол қоңыраттардың Барақ сұлтан ұлысымен қатар болғаны айтылған. 1749 жылы 10000 шаңырақ қоңырат Ресей бодандығын алып, олардың атынан қоңыраттар өз жетекшісі етіп сайлаған найман ұлысының билеушісі Барақ сұлтан ант берген.
Г. Волконскийдің мәліметтерінде: 15000дай отбасынан тұратын 12 атасы бар, жаздыгүні Көксу, Қаратал өзендері маңайында, Ақтуартауда көшіп жүріп, қыстыгүні Түркістан мен Ташкентке қарай кететін «найман қоңырат руы» туралы айтылады.
Сонымен, XVIII ғасырда қоңыраттар қайсыбір ұлыстың бөлігі болып, «өзін билеуге» сырттан жеке адам шақырып алып отырған. Бұл сірә, көшпенділік рудың, тайпаның маусымдық жайылымдарды пайдалануын біршама анықталуын қажет еткенімен, оларды өзге ру топтарының басып алуы сирек кездеспейтін құбылыс болғанын, сондықтан жайылымдарды басып алуға қарсы тұруға және өз мүдделерін қорғауға қабілетті күш керек еткенін көрсетеді. Қоңыраттар адам саны неғұрлым көп тайпалардың (мысалы, наймандардың немесе арғындардың) қуатына төтеп бере алмаған да, соның «өзін билеуіне» мойынсұнуға өмірдің өзі итермелеген. Тегінде, қоңыраттардың біресе арғындармен (Қаракесек руымен), біресе наймандармен бірігуіне осы себеп болса керек.
Қоңыраттар өздерінің көшіп қону кездерінің бәрінде оңтүстікке, Түркістан мен Ташкентке ойыса беретін себебі халық зердесінде өзбектер, қарақалпақтар мен қырғыздар құрамына енген Орта Азия қоңыраттарымен генетикалық байланыстың сақталып қалғандығыма дейміз, оның үстіне ол қоңыраттар әлгі халықтардың этногенезі мен этникалық процесінде елеулі орын алған. Алпамыс туралы жырдың өзі де Орта Азиямен байланысты. Қисса былай деп басталады:
Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда, Жиделі Бапсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай бопты…
Қиссаның басқа бір жерінде Байбөрінің ауылы Байсыннан екі күншілік жерде болғаны айтылады. Байсынтау Ғиссар жотасының оңтүстік шығыс сілемі, Бұхарадан Ғиссарға және одан әрі Әмударияға баратын ежелгі керуен жолы сол арқылы өткен. Жиделі Байсын осы таудың Сұрхан өзенше қарай жатқан беткейінде.
Ә. Диваевтың XX ғасырдың бас кезінде қазақтардан жазып алған мәліметтеріне қарағанда: «Жиделі Байсын екі бектіктің: Куляб және Ғиссар бектіктерінің шегінде. Онда Байсын деп аталатын үлкен қол бар. Онда Кіші орданың қырғыздары (қазақтары М. М.) тұрады. Орта орданың қоңыраттары мен арғындары да бар».
Қоңыраттардың оңтүстікке, ата-бабаларының жеріне, басқа халықтардың құрамына енген туыс тайпаларға қарай көшуіне түрткі болған себептердің бірі атамекен туралы түсінікпен тығыз байланысты этникалық санасезім екеніне күмән жоқ.
1824 жылдан бастап, қазақ даласында сыртқы округтер құрылған кезде, Орта жүздің барлық тайпаларына округ шегінен көшіп қонатын жер берілді және қоңыраттар солардың біреуінде ғана 1824 жылы Қарқаралы округі ашылған кезде ол құралған 14 болыстың 11сі Қоңырат Арғын болысы деп аталған. Көріп отырғанымыздай, мұнда да қоңыраттар дербес болыс болмағак. Орта жүз тайпасының Тобыл және Томск губернияларында, казак полктерінің жерінде көшіп жүрген қазақ руларының дегенмен де белгілі бір сыртқы округке жатқызылғанына назар аудару керек. Ал қоңыраттар, Қарқаралыны қоспағанда, барлық бес округтің бірде бір ведомосында жоқ. Тегінде, олар XIX ғасырдың алғашқы отыз жылдығында «Бұхария мен Ташкент жағына» кеткенінен қайтып оралмай, сол арқылы Орта жүзден бөлініп кеткен секілді. Қоңыраттар Сырдарияның солтүстік жағына XIX ғасырдың 30жылдарында келген. Нақ сол жылдарда Ташкенттің беклербегінің қоңыраттардан, қыпшақтар мен тамалардан құралған 12 мың әскері Сырдарияның арғы бетіндегі қазақ даласына басып кіріп, Найман тайпасының бағаналылықтарын қуып шығып, Сарысу өзеніне ірге тепкен.
XIX ғасырдың ортасындағы деректер бойынша, қоңыраттардың қоныстары Балқаш өзенінің солтүстік батысындағы Ащысу, Сарысу өзендерінің аралығында, Ортаудың солтүстік және шығыс бөктерлерінде, Ащысу, Сарысу өзендерінің аралығында ағып жатқан Көкпекті, Талдыманақ, Қараеспе, Құрманақ өзендерінің бойында болған.
Одан кейінгі жылдарда қоңыраттардың Орта Азиядан солтүстіктегі Қазақстан аймағына көшуі орын алды, бірақ ол 1858 жылы жаппай сипатқа ие болды. Қоқан иеліктерінен көшіп келген қазақтар туралы бір құжатта былай делінген:
Шу өзенінен өтіп келген және көбінесе Қоңырат руына жататын мұндай келушілер саны әрқайсысында160, кейде одан да көп ауыл бар 15 болысқа дейін жетеді.
Егер 1 әкімшілік ауыл 60 шаңырақтан тұрған деп есептер болсақ, қоңыраттардың көшіп келген 15 болысының әрқайсысында 1000ға тарта шаңырақ болады, мұның өзі Қазақстанда болыстар мен округтер құрған кездегі нормаға сәйкес келеді. Демек, Шу өзенінің арғы бетінен көшіп келген қоңыраттар саны 15 000 шаңырақ болған.
Сібір қазақтары облысы әскери губернаторының өкіміне сәйкес, Шу өзенінің арғы жағынан жаңа көшіп келгендерге Шу және Сарысу өзендерінің бойында көшіп жүруге рұқсат беріліп, бұл орайда ол жерлерде көшіп жүрген қазақ руларына таршылық жасамау шарт етіліп қойылды.
Қоңыраттар Қаратау жотасының оңтүстік батыс беткейіне, Бөген, Шаян, Арыстанды, Арыс өзендерінің бойында, Сырдария өзеніне дейін қоныстанып, оның сол жағалауын алып жатты. Олардың қыстаулары Жаңақорған, Балдыр, Шалдырөзек тауларынан ағып шығатын көптеген шағын өзендердің төменгі және орта ағыстарында, Сырдария жағалауында орналасқан. Жайлау үшін Қаратаудан ағып шығатын өзендердің бас жағына, ал малы көптері одан әрі солтүстікке, Атбасар, Ақмола жағына кеткен.
Қоңыраттардың түрлі аталары былайша қоныстанған:
Көтеншіден тараған рулары (8кесте) Түркістан, Жаңақорған шегінде, Шаян, Бөген өзендерінің бойында және Сырдария жағалауында; Көктің ұлынан тараған рулар (8кесте) Арыс өзенінен оңтүстікке қарай Монтайтас, Қабылсай, Шеңгелді, Сарыағаш, Шардара деген жерлерде, Ташкентке дейін.
Қоңыраттың кейбір рулары (мысалы, Жетімдер) жартылай отырықшылық өмір сүріп, Сырдариядан тартылған арналарды бойлай қоныстанған. Аңызға қарағанда, Көтеншінің үш әйелінен туған балалар үш арна бойын мекендеп, егіншілікпен айналысқан, тары, бидай, бақша дақылдарын еккен. Малды құмға айдап апарған. Сырдария тасыған кезде су арықтарға құйылып, егістік солармен суарылған. Сондай-ақ ойпаң жерлер мен жыраларға жиналған су да пайдаланылган. «Қақтың суын ішкен қоңырат» деген сөз содан шыққан.
Шу өзенінің бойын Арғын болысы мекендеген, оның құрамында арғындардан басқа (700 шаңырақ) қоңыраттардың да 127 қожалығы болған.
Мойынқұмның солтүстік шетінде қоңыраттардың 130 қожалығы мекендеген.
Орта жүз қазақтарының саны орыс әкімшілігінің түрлі ведомосы бойынша жасалып, төменде келтіріліп отырған кестелерден көрінеді:
Соңғы үш округ Семей облысына қараған. Ұлы жүз қазақтары тұратын, сондықтан да біз алға тартпай отырған Қапал округі де нақ сол округке кірген. Семей облысы әскери губернаторының 1866 жылғы есебінде: «облыстағы қазақтар саны 32275 шаңырақ, мұнда ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде шамамен 150 000нан астам адам» екені айтылған.
Біздің есептеулеріміз бойынша, сыртқы бес округте 295 208 адам, ал Семей облысының үш округінде 152801 адам болған.
Кіші жүздің, яғни Орынбор облысының жерінде көшіп жүрген Орта жүз қазақтарын да ұмытпаған жөн. Егер 19, 21, 22 және 26дистанциялар арасында мекендеген Орта жүз тайпалары туралы 1851 жылғы мәліметтерді жинақтайтын болсақ, ол былай болып шығады: қыпшақтар 2928 шаңырақ, керейлер 1361, арғындар 364, уақтар 14, Орта жүз қазақтарының барлығы 4667 шаңырақ. Ақсақалдардың ақыл ойын басшылыққа ала отырып көшпелі қауымдардағы 1 шаңырақта 3 адам болады деп санасақ, Орынбор ведомствосының жерінде 14001 адам мекендеген.
Егер сыртқы бес округтің, сондай-ақ Семей облысындағы үш округ пен Орынбор өңірінің халқын жинақтай ой түйсек, өздерін Орта жүз руларына жатқызған қазақтар саны 462010 адам дер едік.
Сол кездің мәліметтері мен біздің есептеулерімізге сәйкес, XIX ғасырдың ортасында Орта жүз қазақтарының саны 1835 жылмен салыстырғанда 64.359 адамға кеміп кеткен. Бұл, әрине, халық санының табиғи кемуін көрсетпейді. Керісінше, Н. Е. Бекмаханованың есептеуінше, XIX-XX ғасырдың басында Қазақстанда халықтың біршама табиғи өсуі байқалған.
Сонда Орта жүз қазақтары санының кеміп кетуін немен түсіндіруге болады? Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, халық бұқарасының патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бой көрсетуі. Мысалы, 1824-1836 жылдары Саржан сұлтан басқарған Қарқаралы және Көкшетау округтерінің стихиялы түрде көтерілген бұқарасы патша отаршыларына және оларды жақтаған аға сұлтандарға қарсы күрес жүргізді. Күрес тең болмады, оқ ататын қарулары мен зеңбіректері бар тұрақты әскерлерге Саржан сұлтанның қылыш найзалы сарбаздарының төтеп беруі қиын болды, сондықтан қазақ бұқарасының Алатаудан әрі асып, Ташкент күшбегінің жеріне көшіп кетуіне тура келді.
Ағасы Саржан мен басқа да туыстары қаза тапқан соң ілешала атқа қонған Кенесары Қасымов бастаған 1837 жылғы Орта жүздегі көтеріліс одан да ауқымды болды. Ақмола, Қарқаралы, Аманқарағай, Баянауыл округтері мен өзге де округтердің көшпелі бұқарасы Кенесарыға қосылды. Мұндағы жеңістер де, жеңілістер де қазақтардың жаппай қоныс аударуына әкеп соқты. Орта жүз, әсіресе Арғын тайпаларының көптеген көшпелілері Кіші жүз жеріндегі Торғай өзеніне көшіп кетті. Одан кейінгі жылдарда да Орта жүз тайпаларының қауымдары өз жеріне бірде қайтып келіп, бірде патша әскерлерінің қуғынынан қашып, Кенесары Қасымовпен бірге тағы да сахараның о жақ, бұ жағына кезек ауып жүрді.
Мұның бәрі Орта жүз халқының санына әсер етпей қойған жоқ біреулері қаза тапты, енді біреулері атамекенмен асыға қоштасты.
Орта жүз аумағынан тыс жерлерге жайылым іздеп көшіп кетудің де көрінісі аз болған жоқ: Сібірге, одан әрі Монғолияға, Қытайға, Ұлы жүз бен Кіші жүз жеріне қоныс аударды. Орта жүздегі халық санының кемуін тек осындай жағдаяттармен ғана түсіндіруге болады.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда облыстар бойынша әкімшілік аумақтық бөлініс енгізілді (1866, 1891 жылдардағы реформалар). Орта жүз қазақтары Семей және Ақмола облыстарының құрамына енді, олар Жетісу облысының Лепсі уезінде, Торғай облысының Қостанай, Торғай уездерінде халықтың едәуір көпшілігі болды. Орта жүз тайпаларының өкілдері азынаулақ топтар болып Торғай, Сырдария облыстарының кейбір уездеріне де қоныстанды.
Сонымен, негізінен Орта жүз қазақтары енген екі облыста 130 болыс, 1048 старшын, 183668 шаңырақ болған. 1889 жылғы санақ бойынша, Семей облысында 519 887 қазақ, Ақмола облысында 466 364 адам болған, ал бір кезде Орта жүз тайпаларының иелігі болған аумақта барлығы 985 251 қазақ тұрған. 1897 жылғы санақ бойынша, халық саны көбейіп, Ақмола облысында 682608, Семей облысында 684590, барлығы 1267198 қазақ тұрған.
Ресейден келген қоныстанушыларды да айтпай кетуге болмайды, олардың жартысынан көбі (52,2%) Ақмола облысына, 10 проценті Семей облысына келді. Түрлі жылдардағы қазақтар мен келімсектер үлес салмағының өсуі мен санының өсу қарқынын білгісі келгендерге Н. Е. Бекмаханованың зерттеулеріне жүгінуді ұсынамыз.
Алайда, қарастырылып отырған облыстарда келімсектер санының өсуіне байланысты жергілікті халықтың үлес салмағы төмендегеннің өзінде қазақтар саны 1897 жылғы деңгейінен сәл кем болып қалды. Ақмола облысында 1917 жылы 524,5 мың қазақ тұрды, ал олардың үлес салмағы облыстың бүкіл халқына шаққанда, 33,03% болды. Семей облысында бұл тиісінше 630,3 мың, 67,39%.
Сонымен, XIX ғасырдың екінші жартысы XX ғасырдың басында қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында түбірлі бетбұрыс болған дейміз. Қазақтардың рулық тайпалық бөлінісі ескіріп, олар қоғамның экономикалық және рухани өмірінде айқындаушы рөл атқарудан қалды. Руы, тайпасы, жүзі ендігі жерде XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағыдай үлкен мәнге ие бола алмайды. Жыл өткен сайын оның орнына көршілестік қауым орныға түсіп, белгілі бір жер учаскесін (жайылымды, егістікті) пайдалану құқығы нығайған. Көшу жолы қысқарып, маусымдық жайылымның кейбір түрлері жойылады, ең жақсы дегенде қыстаудан оған жақын орналасқан жайлауға ғана көшетін болған. Мұндай өмір салтын жартылай отырықшылық деп атауға болады, өйткені мал шаруашылығы ерекшеліктерінің өзі-ақ көшпеліні өз малын жайылымға айдауға мәжбүр етті. Бірақ жыл өткен сайын халық шөп шабуға икемделе түсті, өйткені қыста малды онсыз жемшөппен қамтамасыз ету мүмкін еместі; егістік пен егіншілер үлесі көбейе берді, өйткені мал өнімдерінің өсімдік шаруашылығы өнімдеріне алмастырылуы кеми бастаған (олардың өздеріне де жетіспейді ғой), сөйтіп қазақтар өздерінің өмір сүруі үшін қосымша өнім ретінде қолөнерімен де айналысатын болды. Осының бәрі көшпелілердің XVIII-XIX ғасырдың басына тон болған жаппай көшуінің ғана емес, шағын топтары көшуінің де тоқтауында зор рөл атқарды. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ рулары мен тайпаларының орналасуын көрсеткен кезде мұқият ескерілуге тиіс басты айырмашылық осында. Қазақ қоғамының әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріндегі өзгерістерді назарға алмайынша, қазақ тайпалары орналасуының толық көрінісін беру мүмкін емес және бұл өзгерістер түрлі дәуірлер үшін нақтылай түсуді қажет етеді.


Ұлы жүздің шежіресі. Үйсін руы
Орта жүздің шежіресі. Уақ руы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу