Балаға "өлім" туралы суық хабарды қалай жеткіземіз?

Oinet.kz 06-06-2022 931

Балаға “өлім” туралы қаралы хабарды жеткізу оңай шаруа емес. «Отбасы мүшелерінің бірі қайтыс болған кезде не істеу керек? Бұл туралы балаға кімнің және қалай естірткені жөн? Дүниеден озған жақынымыздың жерлеу рәсімі мен еске алу шараларына баланы алып жүру дұрыс па?» деген оқырмандарымыздың сұрақтарына бүгінгі санымызда жауап бермекпіз.

Screenshot_3.jpg

Қаза – ата-ананың баламен сөйлесуі тиіс ең ауыр тақырыптардың бірі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ажал тұтқиылдан келсе, қолдан келер шара бар ма?!

Бала шындықты білуге қақылы

Егер отбасыңыздың бір мүшесі о дүниелік болса, ащы да болса да, балаға шындықты айту керек. «Әкең алты айға іссапарға кетті» немесе «Әжеміз уақытша басқа қалаға қоныс аударды» деген сылтау сөздер жақсылыққа апармасы анық.

Біріншіден, бала жалған сөзге сенбеуі мүмкін немесе бірнәрсені жасырып қалғандығыңызды байқайды. Себебі ол қандай да бір жағдайдың болғанын сезеді әрі үйдегі түсініксіз оқиғалардың куәгері болады: жан-жағындағы адамдар көз жастарын көлдетуде, дауыс шығарып күлуге тыйым салынған.

Баланың қиялы түрлі қорқынышты көз алдына әкеліп, шынтуайтында болған оқиғадан да үрейлі болады. Бала іштей өзін немесе жақындарын бір жамандық күтіп тұр деген шешімге келеді.

Екіншіден, балаға жақынының өлімін қайғы қонған шаңырақ иелерінің бірі емес, жанындағы дос балалары, көрші-қолаң немесе т.б. таныс адамдар айтуы да бек мүмкін. Сондай-ақ, олардың қаралы хабарды қалай естіртетіні де белгісіз. Осылайша, туғандарының алдағанын білген бала қайғы үстіне қайғы жамылады.

Балаға қаралы хабарды кім жеткізуі керек?

Ең бірінші шарт: балаға “өлім” туралы қаралы хабарды жеткізу ең жақын адам, яғни туғанына тапсырылуы керек. Ол баламен осы уақытқа дейін бірге өмір сүрген және алдағы уақытта да қасынан табылатын, оны жақсы білетін жан болуы қажет.

Екінші шарт: көз жасына ерік бермей, басқа сынақ түскенде есін тез жиып, өзін-өзі тізгіндей білетін адамның сөйлескені жөн. Балаға оқиғаның қалай болғанын асықпай, байыппен түсіндіріп, бала оны қабылдап, санаға түйгенше, қасында болу міндетті.

Мұндай жауапкершілік жүктелген адам «ресурстық күйде» болатын уақыт пен орынды таңдауы тиіс және батылы жетпеген жағдайда валериан сияқты жеңіл табиғи тыныштандырғыштарды қолдану оңтайлы шешім болмақ.

Үлкендер «қара хабаршы» атанудан қорқады

Үлкендер «бала жүрегіне жара салып жатырмыз» деп ойлауы мүмкін. Одан бөлек қаралы хабарды естіген баланың алдағы іс-әрекеті мен хал-жағдайының да қандай болатындығы үрей туғызады. Мәселен, жан даусын шығарып айғайласа немесе ағыл-тегіл жыласа «не істерімізді білмей дал боламыз» деуі ықтимал. Айтарымыз: ойдағы мұндай қорқыныштан арылыңыз.

«Тумақ болған соң, өлмек парыз» демекші, болар іс болды. Тағдырдан келген тауқыметті хабаршыдан көруге болмайды.

Бала оқиғаның мән-жайын тәптіштеп түсіндірген адамды ешуақытта кінәламайды: тіпті кішкентай балалар да орын алған оқиға мен оны естірткен адамды ажырата алады. Әдетте, олар өздерін қыңжылтқан ойлардың құрығынан шығарып, қиын уақытта демеу бола білген адамға тек риза болады.

Балаға “өлім” туралы қаралы хабарды жеткізген кезде ол бірден тұңғиық депрессияға түсіп, ащы реакцияға берілмейді, себебі ауырсыну мен сағыныш сезімі марқұмның күнделікті өмірде жоқтығы сезілген кезде өршиді. Алғашқы әрекет тек «өлді» деген түсінікті санада қалыптастыру болатыны сөзсіз.

Screenshot_4.jpg

Балаға “өлім” туралы қашан және қалай айтқан жөн?

Бұл мәселені ұзаққа созбау керек. Десек те, естіртушіге балаға қаралы хабарды жеткізу үшін алдымен тынышталып, үзіліс жасап, өз-өзіне келіп алуы маңызды.

Алайда орын алған оқиғадан кейін мүмкіндігінше хабарды ертерек естіртіңіз. Бала сұмдық әрі түсініксіз нәрсе болғанын, сондай-ақ, ойындағы қорқынышпен жалғыз қалғандығын сезінгенде, оған одан сайын қиын болады.

Қаралы хабарды баланың шамадан тыс шаршамаған уақытында айтқаныңыз жөн. Яғни, ұйқысы қанған, ауқаттанған әрі физикалық ыңғайсыздықты сезінбеген кезге келтіріңіз. Жағдай барынша тынышталған уақытта айтсаңыз балаға да, өзіңізге де жеңілірек болары сөзсіз. Сонымен қатар қазаны сөзіңізді бөліп, сізге кедергі жасамайтын жерде естіртіңіз. Мәселен, балаға таныс әрі қауіпсіз орын (мысалы, үйде) болғаны жөн.

Баланың сүйікті заттары мен ойыншығы оны жай сөзге қарағанда жақсы тыныштандырады

Алдымен, кішкентай баланы құшағыңызға алып, тізеңізге отырғызыңыз. Егер ол жасөспірім шақтағы бала болса, иығынан құшақтап, қолынан ұстағаныңыз дұрыс.

Ең бастысы, бұл әрекетіңіз балаға ерсі болып көрініп, жағымсыздық тудырмауы керек.

Хабарды естіртіп отырған уақытта баланың басқа жаққа жалтақтамай, бар ойы сіздің айтар сөзіңізде болуы маңызды. Болған жайтты баланың көзіне тура қарап, қысқа және қарапайым түрде қайырыңыз.

Сөйлесу барысында «Анаң қайтыс болды, ол енді жоқ» немесе «Атамыз ауыр дертпен ауырғандықтан, дәрігерлер көмектесе алмады». Ол о дүниелік болды» деген басты хабарлар қайталануы керек. Бірден балаға «ол бізді тастап кетті», «мәңгілік ұйқыға аттанды» деп төбесінен жай түсіріп жүрмеңіз, себебі мұның бәрі оның түсінігіне жат эвфемизмдер мен метафоралар болып табылады. Мойныңыздағы ауыр жүктен арылып, қаралы хабарды жеткізгеннен соң, сәл кідіріс жасаңыз. Тіпті осымен әңгімені доғарсаңыз да болады. Бала өзін мазалаған дүниені өзі-ақ сұрап алады.

Балалар не сұрауы мүмкін?

Кішкентай балаларды техникалық мәліметтер қызықтыруы мүмкін. «Ол менің туған күніме келе ме?» немесе «Өлді ме? Ал қазір ол қайда?» деп түрлі сұрақтарды жаудыруы да бек мүмкін.

Бала қаншалықты қисынсыз сұрақ қойса да, таңырқап, ашуға салынбаңыз әрі мұны дөрекілік деп қабылдамаңыз. Кішкентай балаға қазаның не екенін бірден түсіну қиын.

Баланың «Қайтыс болды» деген не? Ал қазір ол қандай?» деген сұрақтарына өлімнен кейінгі өмір туралы өз түсінігіңізге сай жауап бере аласыз. Бірақ еш уақытта үрейге бой алдырмаңыз. «Өлімді – жасаған күнәнің жазасы» деп те айта көрмеңіз әрі «Ұйқыға кеткеннен кейін оянбаған» деген түсіндірмеден де аулақ болыңыз. Өйткені, бала бұл жағдайдан соң, ұйқыға жатудан қорқуы мүмкін немесе өзгелер ұйқыға кетпес үшін оларды түнімен күзетіп отыратын болады.

Көп жағдайда бүлдіршіндер қорқынышқа бой алдырып «Сен де қайтыс боласың ба?» деп сұрайды. Барлық сұрақтарға барынша шынайы жауап бергеніңіз дұрыс. Мәселен, «Иә, бәріміздің барар жеріміз бір. Бірақ жақын арада емес, кейін уақыты келген кезде мен де сол жаққа аттанамын. Есейген шағыңда сені жақсы көретін тағы да талай адамдар пайда болады» деп жауап қатыңыз.

Балаға “өлім” туралы айта келіп, оның жалғыз еместігін әрі жанында жанашыр туған-туыстары мен достары бар екендігін түсіндіріңіз. Болашақта оны өмірінен артық жақсы көретін сүйікті адамы пайда болатындығын да сөзге тиек етсеңіз, ерсі болмас.

Жақынын жоғалтқаннан кейінгі алғашқы күндер

Ең бастысы, балаға болған жайтты тәптіштеп түсіндіргеннен кейін жанында біраз уақыт болғаныңыз жөн. Оған қаралы хабарды қабылдауға және соған сай әрекет етуге уақыт беріңіз. Өзіңіз де баланың іс-қимылына сай әрекет етіңіз:

Егер ол суық хабарға сұрақтармен жауап қатса, сауалдар қаншалықты оғаш немесе орынсыз болып көрінсе де, оларға тура және шынайы жауап беріңіз;

Егер бала ойнауға немесе сурет салуға отырса, қасына барып, онымен бірге ойнаңыз немесе сурет сала бастаңыз. Өздігіңізден артық іс-қимыл жасап, ештеңе ұсынбаңыз, тек оның ережелеріне сәйкес әрекет етіңіз;

Егер ол көз жасына ерік берсе, баланы құшағыңызға қысып, қолыңызға алыңыз. Ал егер бұл әрекетіңіз оған ұнамай, сізді кеудеден итерсе, «мен қасындамын» деп үнсіз жанында болыңыз. Біраз уақыттан соң, тағы әңгімеге тартып, балаға жұбату сөздерін айтыңыз. Жақын арада немесе бүгін болатын жайт туралы әңгіме өрбітіңіз;

Егер ол орнынан тұрып, қаша жөнелсе, бірден оның артынан ілеспеңіз. Аздаған уақыттан соң (20-30 минуттан кейін) оның не істеп жатқанын барып, бақылаңыз. Ол не істесе де, сіздің қатысуыңызды қалап/қаламайтынын анықтауға тырысыңыз. Жалпы адамдар, тіпті сәби шағында да оңашада қайғыруға құқылы.

Әдеттегі күн тәртібін аталмыш күні және алғашқы күндері өзгертпеңіз

Баланың көңілінен шығу үшін ерекше нәрсе жасауға тырыспаңыз. Бала ұйқыға жатар алдында жанында біраз уақыт болыңыз, қажет деп тапсаңыз ұйқыға кеткенше қасында күзетіп отырыңыз. Егер бала қараңғыдан қорқатын болса, шамды сөндірмей, қосулы қалдыруға рұқсат етіңіз.

Бала түнгі қорқынышқа бой алдырып, сіздің қасыңызға жатуды сұраса, бірінші түні оны жаныңызға алғаныңыз жөн. Алайда оны өзіңіз ұсынбаңыз және әдетке айналдырмауға тырысыңыз. Дұрысы, бала ұйықтағанша қасынан табылу.

Оған алдағы өмірінің қалай өрбитінін айтыңыз: ертең, ертеңнен кейін, бір аптадан соң немесе бір ай асқаннан кейін не болатынын жобалап, түсіндіріңіз. Болашақты жоспарлау бала жанына тыйыштық сыйлайтынын ұмытпаңыз.

Жерлеу мен еске алу рәсімдеріне қатысу

Баланы жерлеу мен еске алу рәсімдеріне алып жүру үшін оның жанынан бала сенім артып, бар мұң-шерін тарқата алатын адамның табылғаны жөн. Бала жақын тартатын жан ғана оны тыныштандыра алады. Оған не болып жатқанын байыппен түсіндіріп, зәре-құтын қашыратын көңіл айтудан (қажет болса) қорғай алатын адамның болғаны дұрыс. Мәселен, балаға «Бейшара бала, жетім қалдың ғой» немесе «енді сенің жағдайың не болмақ?» деп айтыла бастаса, бұл баланың жас жүрегін жаралайды. Сонымен қатар жерлеу рәсімі (немесе еске алу) қалыпты жағдайда өтетініне сенімді болуыңыз керек. Әлдекімнің өз-өзін ұстай алмай, есінен танып немесе күңіренген дауысымен жоқтау айтып, баланы шошытып алуы да бек мүмкін.

Мұндай жерлерге баланы тек өзі қалаған жағдайда ғана ерткен жөн. Одан жақынымен қалай қоштасқысы келетіні жайында сұраудың еш әбестігі жоқ: жерлеу-аза тұту рәсіміне қатысқысы келеді ме, әлде қабіріне кейінірек сізбен бірге барғаны дұрыс па?

Егер баланың жерлеу рәсіміне қатыспағаны жөн деп санасаңыз және оны басқа жерге, мысалы, туыстарына жібергіңіз келсе, онда оған қайда баратынын, неге және онымен бірге кім болатынын, оны қашан алып кететіндігіңізді де түсіндіріп айтыңыз. Мәселен, «Ертең сен әжеңнің үйінде боласың, себебі бүгін үйге көп адамдар келеді және олар жылап жоқтау айтады, ал бұл көрініс саған ауыр соғады. Сағат сегіздерде сені өзім алып кетемін» деп ескерткеніңіз орынды болмақ.

Әрине, бала жақын адамдарының жанында болуы тиіс. Яғни ол жиі қонаққа барып жүрген және олардың күнделікті өмірімен етене таныс туыстар немесе таныстар болғаны жөн. Сондай-ақ, жанашыр жандардан балаға әдеттегідей қарауларын өтініп, оның көзінше жылап, оған аяушылық білдірмеулерін алдын ала ескертіңіз.

Баланың аза тұтуға құқығы бар

Өлім туралы әңгімеден қашпаңыз. Алдағы уақытта бала “өлім” туралы сұрайтындығына және түрлі сауалдар қоятындығына дайын болыңыз. Бұл – қалыпты жағдай.

Бала өз ойлау қабілетіне сай өте күрделі нәрселерді түсінуге және қабылдауға тырысады. Өлім тақырыбы оның күнделікті ойындарында көрініс беруі мүмкін, мысалы, ол өз суреттерінде ойыншықтарың жерлейтін болады. Алғашқы кезде бұл ойындар мен суреттердегі агрессивті мінез-құлықтан қорықпаңыз: ойыншықтардағы қолдар мен аяқтардың жауыздықпен «жұлынуы»; суреттердегі қан, бас сүйектер, қара түстердің басым болып келуі.

Ажал баланың жақын адамын алып кеткендіктен, ол ашуға беріліп, өз тілінде онымен «сөйлесуге» құқылы. Егер бағдарламада немесе мультфильмде өлім тақырыбы сөз етілсе, теледидарды өшіруге асықпаңыз. Ащы тақырып айтылған кітаптарды әдейі көзден таса қылмаңыз. Одан да балаға “өлім” туралы тағы қызықты деректер айтып, ажал жайында тағы бір мәрте отырып сөйлескеніңіз орынды болмақ.

Мұндай әңгімелер мен сұрақтардан бойыңызды аулақ ұстауға тырыспаңыз. Себебі бала ат тоныңызды ала қашқан сайын өзге адамды жағалап, басқадан көмек сұрайды немесе өзіне қауіп төндіретін қорқынышты дүниені жасырды деген тоқтамға келуі мүмкін.

Бала кенеттен о дүниелік болған жақыны жайында жаман сөздер айтса, үрейленбеңіз

Ересектер жоқтау айтып жылағанда «Бізді кімге қалдырдың?» деген сөздерді құлағымыз шалады. Сондықтан да баланың іштегі ашуды шығаруына тыйым салмаңыз.

Ол алдымен мұң-шерін тарқатсын, содан кейін ғана марқұмның оны тастағысы келмегенін және жағдайдың солай болғанын түсіндіріңіз. Орын алған оқиғаға ешкімді кінәлай алмаймыз. Қайтыс болған жақынының оны жанынан артық жақсы көргендігін айтыңыз.

Орташа алғанда жақын адамды жоқтау кезеңі 6-8 аптаға созылады. Егер екі айдан кейін де бала қорқынышпен өмір сүрсе, яғни төсекке зәр шығарып, түсінде тістерін қайрап, саусақтарын сорса, сізден бір сәт айырылудан қорықса – бұл маман көмегіне жүгінуге арналған белгілер болып табылады.

Бастысы: өмір жалғасады

Сіздің барлық әрекетіңіз «Басымызға қаралы күн туды. Бұл – қабырға қайыстырарлық әрі жүрек ауыртарлық оқиға екені рас. Дегенмен, тірі адам тіршілігін жасайды, өлгеннің артынан өлмек жоқ, сол себепті өмір жалғасуда. Бәрі де жақсы болады» деген ойды балада қалыптастыру болып табылады. Бұл сөздерді қайталаудан жалықпаңыз.

Егер осы айтылғандарды оқып отырған болсаңыз, бала қайғысына жай қарап жата алмайтын адам екендігіңіз анық. Сондай-ақ, сіздің де қайғыруға, қолдауға, әрі медициналық және психологиялық көмекке құқығыңыз бар.

Қайғы-қасіреттің артынан ешкім де жан тәсілім еткен жоқ: кез-келген қасірет ерте ме, кеш пе өтері анық, өйткені бұл адам баласының табиғатына тән. Өмір болған соң, жақсы мен жаман қатар жүретіндіктен, әрқашан қиындыққа төтеп беріп, бекем бола біліңіз.

syrlasu.kz

«Өлгенің артық еді» деген…
Енем инстаграмның құлы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу