Енеме өкпелімін

Oinet.kz 20-04-2019 1307

Ата-анам мәпелеп өсірген шаңырағымнан ұзатылар сәтте қимастықпен көзіме жас алғаныммен, қалған өмірімді жанжарым және оның (қазіргі менің) жақындарымен бірге өткізетін баспанамызды алғаш аттаған сәтте сондай қуанышты болған едім. Қыз баланың отбасын құрып, ұрпақ жалғастыруы парызы емес пе? Оның үстіне Жарас екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Ауылдағы қара шаңырақ болғасын үйге келім-кетім көп, үй шаруасы деген әйтеуір таусылмайды. Қандай қиын шаруа болса да келіндік міндетімнен  қашқан емеспін. Енем де қаталдау кісі, қол қусырып, жайбарақат отырған адамдарды жақтыра бермейді. Бір жағынан енемді ренжітіп алмайын деп, көңілінен шығуға тырысып жүрдім. 

Араға үш ай салып аяғым ауырлады. Бұл жаңалыққа үй ішінің барлығы қуанды. Алғашқы жүктілігім болған соң аздап абыржып жүрдім. Кейіннен токсикозым күшейіп, мазам қаша бастады. Денсаулығымның болмай тұрғанын көріп, біле тұра енем таң атысымен оятып, даланың жұмысына салып қойды. Белім сыздап ауырса да үйдегі жан баласына білдірмедім. Ал күйеуім іссапарда жиі болады. Кейде айлап үйде болмайды. Қайын атаңа мұңыңды шаға алмайсың, қайын сіңілім болса оқудан қолы босай бермейді, бос уақыты бола қалғанның өзінде ауыр тірліктерге мүлдем араласпайды. Күндіз-түні шапқылап жүріп шаршаған сәттерде, ауырып қалған кезде сүйеніш таппай қиыналдым. Күйеуіме айтайын десем ата-анасымен шақыстырағандай болып қалам ба деп тағы тартынам, жырақта жүрсе отбасылық мәселемен басын қатыра бермейін деген оймен мазасын алмаймын.  

Screenshot_19.jpg

Аяғы ауыр әйелдерге ауыр затты көтеруге болмайтынын білсем де енемнен қаймығып, күздің қара суығында  шелекпен су тасып жүрдім. Ары-бері көп қимылдаса жеңіл босанады дегенді естіп өзімді жұбатып қоям ішімнен. Ойымда ештеңе жоқ, бір  күні әдеттегідей екі қолыма екі шелекті көтеріп келе жатқан едім, ішім бүріп ауыра бастады. Үйге жетпей бүк түсіп жатып қалдым. Айғайлауға әл-дәрменім қалмады. Абырой болғанда сол кезде үйге көршінің әйелі келіп қалды. Мені көре сала жанұшырып, көмекке келіп, жедел жәрдем шақырды. Сырттағы шуды естіп, ата мен енем жүгіріп шықты. Жабылып үйге кіргізді. Енем «ештеңе етпейді, жүктілік кезінде ондай-мұндай болып тұрады. Барлық әйелдер осылай қиналады. Бұрынғы келіндер сегіз, тоғыз айлығына дейін тынбай жұмыс істеп жүретін. Ешқайсысы шаршадым, ауырдым деген емес» деп мені жұбатуға тырысты.  Алайда ақ халаттылар келемін дегенше іштегі баламды шетінеп кетті. 

Мүмкін бұл тағдырдың жазуы болар. Алайда қыз баласы келін атанғаннан кейін оның қамқоршысы да, ақылшысы да екінші анасы, яғни енесі емес пе? Ол кісіге ешқашан қарсы келген емеспін, ерекше құрметтеймін. Ол да маған өз қызындай қарап, алғашқы жүктілігімде аздап кеңестер беріп, қамқорлық көрсеткенде перзентімнен айырылмас па едім, кім біледі?! Аяғымды аспаннан келтіріп өзім де жатпаймын ғой, бірақ жүкті әйелге күтім қажет екенін енем жақсы біледі емес пе? Ендеше менің қиналғанымды көре тұра неге бұлай жасады екен деген ой жанымды жегідей жеп келеді.  Қазір іштей булығып, тұншығып жүрмін. Енеме деген өкпемді жеңе алмай келемін. 

Зере Болысова, 

Жамбыл облысы

Ескірмеген махаббат
Аманхан Әлімұлы: «Бала күнімізде ауылымызда көнекөз қариялар көп болды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу