Алтынай Жорабаева өзінің сұлулық құпиясымен бөлісті

Oinet.kz 22-05-2019 4112

Сахнада өнер көрсететін әртістер үнемі ел назарында жүреді. Сондықтан жұлдыздар жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, киген киіміне өте мұқият болуға тырысады. Әсіресе эстраданың нәзік жандылары өз-өзіне күтім жасап, сұлулықтарын сақтап қалудың түрлі әдіс-амалын жасап жатады. Ерекше дауысымен халықтың ықыласына бөленіп жүрген әнші Алтынай Жорабава бүгінде қырықтың қырқасына шықса да әжімсіз ажарымен көпшілікті таңқалдырып келеді. 30 жасында Елбасының Жарлығымен ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағын алған (ол осы атақты иеленген әртістердің ішіндегі ең жасы) өнер иесі өзінің сұлулық құпияларын тыңдармандарынан жасырған емес. Төрт қыздың анасы инстаграмм парақшасында бет, шаш күтімі жайлы пайдалы кеңестерімен жиі  бөлісіп тұрады.

Певица Алтынай Жорабаева сообщила, что вышла замуж во второй раз

– Біріншіден, адамның ішкі жан дүниесі орнында болуы керек. Қанша адам ренжітсе де, ренжімеу керек. Біреуге жамандық ойламау керек, біреу қуанышымен бөлісіп жатса, қуана білу керек. Сонда ғана адам жәймен қартаяды. Көңілің жәй болса әжімнің түсуі, шаштың ағаруы бәсеңдейді. Сол себепті бірінші кезекті жүйкелеріңізді сақтаңыздар, көңіл-күйлеріңізді түсірмеңіздер, – дейді Жорабаева.

Алтынайдың әжімнен арылудың құпиясы оның ұлу шырышын пайдалауында.

– Ұлудың жақсы дүние екеніне көзім жетті. Нәтижесі таңқаларлық. Негізі қазіргі таңда бетті ылғалдандыратын, әжімді баяулататын, безеуден тазартатын, бір сөзбен айтқанда бет терісін жақсартатын кремдердің көбісінің құрамында ұлудың шырышы болады. Ал табиғи ұлу шырышы тіпті керемет екен, – дейді тірі ұлу процедурасын бірнеше рет жасаған әнші.

Салауатты өмір салтын ұстанатын өнерпаз кәдімгі ас үйде пайдаланатын картоптың да әжімді жоятын қасиеті бар дейді. Ол үшін картопты аршылмаған күйі суға салып қою қажет. 1-2 сағатта оның бойындағы крахмал секілді өзге де заттар су бетіне шығады. Содан кейін картопты аршып, үккіштен өткізіп, бетке жағу керек. Тазарған картоп  беттегі әжімді кетіріп, суландырады.

– Қазіргі таңда бет терісін күту үшін құлпынайдан жасалған масканы қолдану кеңінен тараған. Бірақ, көбіне-көп масканың бұл түрі барлық адамға бірдей жағады деп айта алмаймын. Дерматологиялық ауру, яғни, аллергия тудыруы мүмкін. Мен айраннан немесе қаймақтан және де қиярдан жасалған масканы тұрақты түрде қолданамын, – деген Алтынайдың бірнеше рецептін ұсынамыз.  

Қияр маскасы

Дайындау мен қолдану әдісі: Қиярды еттартқыштан өткізіп аласыз. Кейін оны бетке жағып, 20 минуттан соң бетіңізді жуып тастайсыз. Еттартқыштан өткізілген қияр сұйықтала түсетіндіктен бұл масканы моншаға барғанда жасаған ыңғайлы. Маска бет теріңізді ылғалдандырып, терінің құрғауынан сақтайды. Сондай-ақ, бет терісіндегі қара дақтар мен сепкілдерден арылуға үлкен көмегін тигізеді. Қысқасы, бұл масканы тұрақты түрде қолдансаңыз, жүзіңіз әрлене әрі ажарлана түсері анық. Тек есіңізде болсын, бет терісіне арналған кез келген масканы таза теріге жасаған дұрыс. Яғни, моншадан шыққан соң немесе дене жаттығуларын жасағаннан кейін термен бірге тері клеткалары ашылған тұста қолданыңыз. Сол кезде өзіңіз күткен нәтижеге оңай қол жеткізесіз.

Ақжелкен маскасы

Қажетті заттар: Айран немесе дүкендегі қаймақ, ақжелкен, су. 

1. Дайындау және қолдану әдісі: Аскөкті еттартқыштан немесе кофеұнтақтауыштан (кофемолка) өткізесіз. Оны қаймақ немесе айранға араластырып, таза бет терісіне жағасыз. Кейін маска әбден кепкен соң бетіңізді жуасыз. Ерекше атап өтерлігі, еттартқыш немесе кофетартқыштан өткізілген ақжелкен көлемі ірілеу болғандықтан қимылсыз жатуға тура келеді. Себебі ол кепкенше ақжелкен түсіп қалуы мүмкін. Дұрысы – ақжелкенді кептіріп болған соң ұсақтап турап, ұнтаққа айналғаннан кейін айран немесе қаймақпен араластыру. Ол кәдімгі крем сияқты болғандықтан арнайы кистпен теріңізге біркелкі етіп жағып шығыңыз. Бұл кезде үйдің өзге шаруаларымен айналыса беруіңізге болады. Масканың бұл түрін аптасына 2-3 рет жасаңыз.

2. Дайындау және қолдану әдісі: Ақжелкенді еттартқыштан өткізіп, оған кішкене су араластырасыз. Тоңазытқыштың мұз дайындауға арналған ыдысына салып, мұздатқышына қоясыз. Таңертең ұйқыдан оянған соң бетіңізді жумай тұрып әлгі мұзбен бет терісін сүртіп шығасыз. Теріге сіңіп, кепкен соң бетіңізді жуасыз. Масканың бұл түрін күн сайын жасап тұрған абзал.

Әжімнің алдын алу үшін мына әдісті қолданып көріңіз:
Әжім көбіне-көп терінің құрғауынан пайда болады. Оның алдын алу үшін бет теріңізге дәріханаларда сатылатын оттегіні шашып тұру қажет. Сондай-ақ, суды көбірек тұтынған жөн. Бірақ оны стақандап тоя ішу шарт емес. Әр он минут сайын бір жұтымнан ішіп отырсаңыз, ағзаңыздағы органдар мен теріңіз де ылғалданады. Және де ең бастысы, ішкі құрылысыңыздың зат алмасу қызметі жақсарады.

Қазақы оюланған көйлек пен өз қолымен жасалған әшекейлерімен сахнаға шығатын әртіс бет терісін үй жағдайында жасалатын маскалармен күтуден бөлек салон мамандарына да жүгінетінін жасырмады. Нақтырақ айтқанда инесіз мезотерапияны жасатып көрген. Айтуынша бiрiншi процедурадан-ақ бет терiсi жұмсарып, жылтырап шыға келедi екен. 

Шашқа арналған маска

Алтынайдың сусылдаған ұзын қара шашына қызықпайтын жан жоқ шығар. Әнші шашына ерекше күтіммен қарайды екен. Кейде үй жағдайында шашына түрлі маскалар әзірлейді.

– Шаштың түсуі аса қорқынышты жәйт емес. Себебі қазір экологияға байланысты кез-келген адамның шашы түседі. Трихология (шашты зерттеу ғылым) мамандарының зерттеуі бойынша тәулігіне барлық адамның 100 тал шашы түседі екен. Кейін оның орнына жаңа шаш өсінділері шығады. Тек шаштың қайта өсуін мықтап қолға алмаса, ол өте баяу жүруі мүмкін. Мен ұсынып отырған маска арқылы шаштың түсуін толықтай болмаса да, бәсеңдетуге болады. Сонымен қатар бұл әдісті күнделікті қолданатын болсаңыз, ағарған шашыңыз қарайып, қалыңдайды. Жансызданып, нәрін жоғалтқан шаш қайта нәрленіп, жылтырайды, – дейді инстаграмм парақшасында кеңесімен бөліскен әнші.

Шаш маскасына қажетті заттар: Бір шөлмек арақ, бір бас сарымсақ, 3 дана қызыл бұрыш.

Дайындау тәсілі: Қабығы аршылған сарымсақ пен қызыл бұрышты майдалап тураймыз. Арақты шыны ыдысқа құйып, туралған сарымсақ пен қызыл бұрышты араластырамыз. Кейін оны күн сәулесі түспейтін қараңғы жерге 21 күнге немесе 1 айға сақтау керек. Осы уақыт аралығында тұнбаны араластырып тұруды ұмытпаған жөн. 

Пайдалану әдісі: Қолмен немесе дәріханада сатылатын арнайы құралмен (груша) тұнбаны шаштың түбіне дейін жағып, 30 минут бойы шашқа массаж жасайсыз. Бұл уақыт аралығында бас терісі ашуы мүмкін, бірақ шыдауға болады. Тек есіңізде болсын, дайын болған маска жанарыңызға тамып кетпеуі керек. Кейін шашыңызды өзіңіз қолданып жүрген сусабын және бальзаммен жақсылап жуу қажет.

Сахна өкілі итмұрынның да пайдасы барын айтады. 

– Мен кішкентай кезімнен осындай табиғи дәрі-дәрумендерді көп пайдаланамын. Қазір балаларыма да беремін. Өйткені әкем солай үйреткен. Әкеммен бірге итмұрын, жүгерінің шашағын, киікоты (душица), салаубас (бессмертник), шайқурай ( зверобой), дәрілік тамырлар көп жинайтынбыз. Бір жағынан, пайдасына қарағанда, сол процесстің өзі өте қызық болатын.... Соның ішінде итмұрын жайында айтатын болсақ, оның құрамында Менделеев кестесінің жартысы бар деуге болады. Итмұрынның тамыры, жапырағы, жемісі адам ағзасына өте шипалы. Құрамындағы аскорбин қышқылы қарақатқа қарағанда 10 есе, лимонға қарағанда 50 есе артық мөлшерде болады. Медициналық тұрғыдан итмұрынның құндылығын оның құрамында көп мөлшерде болатын С дәрумені арттырады. Сонымен қатар итмұрынның құрамында В, К, Р дәрумендері, тұқымында Е дәрумені, каротин, қант, органикалық қышқылдар, минералды заттар, макро және микроэлементтер болады. Медицинада итмұрынды поливитамин ретінде, ағзада дәрумендер жетіспегенде, атеросклерозға қарсы, қан қысымы көбейгенде, қан аздыққа, иммунитетті көтеруге, сынған сүйекті тез бітіретін және бауыр ауруларын емдейтін дәрілік өсімдік ретінде пайдаланады. Итмұрыннан тосап жасайды. Жемісін кептіріп, қыста тұмауға қарсы қайнатып ішеді. Гүлдерін шайға қосып бұқтырып ішеді, – , дейді ол.

Көктем мезгілінде бойындағы кем-кетігінен арылып, жайнап жүруді қалайтын қыз-келіншектер үшін Алтынайдың сұлулықты күту әдістері пайдаға жарар деген ойдамыз.

"Диагноз" газеті, 

2019 ж

Обырды жеңуге болады
Бүйректің жауы не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу