Шалқар Қуанышбаев: Тіпті сайлау учаскелері мен поштаға кіріп-шығу проблема

Oinet.kz 20-06-2021 3156

Инваблогер. Омыртқасы сынса  да, өзі сынбаған жігіт. Тіспен теретін копирайтер. Шалқарды ел осылай таниды. Шымкенттік Білім-Инновация лицейін үздік аяқтаған бала үшін кез келген ЖОО-ның есігі ашық еді. Сүлеймен Демирел атындағы университет пен Назарбаев Университетіне қатар оқуға қабылданады. Таңдау еркі – өзінде. Барлығы ғажайыпқа толы өтіп жатқан оқиғада бір оқыс жағдаят орын алады. Астанадағы Назарбаев Университетіне құжат тапсырып қайтып келе жатқан жігіт Тараз қаласындағы әпкесіне қонаққа баруды ұйғарады. Күннің ыстығына байланысты сергімек болып інісімен бассейнді маңайлайды. Таяз екенін іші сезіп тұрса да, бала жігіт суға баспен сүңгиді. Салдарынан омыртқасы сынады. Аяқ-қолы қозғалыссыз қалады. Қазір 10 жыл үйінде бір бөлмеден шықпаған жігіттің айтары мол. @Shalqarmyn инста-парақшасы арқылы оқырмандарына блок жүргізіп отырады. Наурыз айында жазылған аудиосұхатымызды жариялауға жүрексініп жүр едім. Оқырмандарының қолдауын тапқан кейіпкерімнің қуанышын көріп, сұхбатты жариялауға бел байладым. 

Screenshot_1.jpg

– Шалқар перфекционист екеніңізді жазбаларыңыздан байқаймын. Осы қырыңыз өміріңіздің әр кезеңіне қалай әсер етті?

– Мен 10-сыныптан бастап ҰБТ-ға дайындалдым. Сол кезде физика-математика менің салам екенін түсіндім. Ғылыми математика немесе механика болсын – менің таңдауым түскен мамандық еді. Ата-анам медицина мамандығын игергенімді қалап, биологияны ұсынды. Мен шынында да биологияға қызықпайтынмын. Не жаттағанымды білмей, түсінбей 5 алып жүрген пәнім еді. Негізі қазақ тілінде биология оқығанның өзі қиын ғой. Біз ол пәнді ағылшын тілінде оқыдық. ҰБТ-да 125 сұрақтың 121-іне дұрыс жауап бердім. Нәтижеме ашуланып жүрдім сол кезде. Неге 124, неге 125 емес деп (жымиды. Ә.Б) . Қанша жинағанымды анам барып көрді. Мен тіпті қараған да жоқпын. Жатақханадағы бөлмеме барып ұйықтадым. Өмірдің мәні сол деп ойладым ғой. 

Ағылшын тілінен 17 жасымда IELTS тапсырып 5,5 балл алдым (максималды балл – 9). Мен жарақат алған соң, академиялық демалыс алдым. Оқу орны қанша жылдан соң келсем де, білім алуға мүмкіндік берді. IELTS сертификаты тек 2 жылға жарамды болғандықтан, тестті қайта тапсыру керек екендігін ескертті. Бірінші денсаулығымды дұрыстауды ойлап едім. Сол кезде қате  шешім қабылдағанымды енді сезініп жүрмін. Қазір ол Университет базасы керемет, мықты университет. Мен онда оқысам, жоғары шәкіртақымен қатар көмекшіні де тағайындап беретін еді. Ол кезде менде миымда шектеулер болған ғой. Мен тек қана аяққа тұруды, саулығымды жақсартуды ойладым. Оқуға кейін де үлгеретініме сендім. Қанша тырыссам да денсаулығымда прогресс болмады. Нәтиже болмаған соң, жаным күйзелді. 

Ол кездер артта қалды. Қазір білім алғым келеді. Тек физика-математика бағытында емес, психологияны оқысам деймін. Ондағы мақсатым – психолог, коуч-тренер болу. Копирайтинг – саулығыма зиян. Бір мәтін жазуға 3-4 сағат уақыт жұмсаймын. Оны теру тісіме, көзіме зиян. Қимылдамай жатып теретіндіктен қан айналымым нашарлайды. Минустар көп. Психологияда адамдармен сөйлесесің. Біздің қоғамда «дипломың болмаса, екінші сортты адамсың» деген қасаң түсінік бар. Қанша жерден мықты болсаң да, бір жапырақ қағазбен білігіңді өлшеуге тырысады. Ол – өлшем емес. 

– Он алты жаста өзіңізге бағыт беру мүмкіндігі туындаса, не айтар едіңіз?

– Мен әжемнің қолында ерке болып өстім. Жиырма жасыма дейін әжемді, ағамды анамнан артық жақсы көрдім. Үйдегілерді тыңдамайтынмын. Артық сөйлесе, заттарымды жинап ауылға кетіп қалатынмын.  Үйдегілер маған сөйлеуге құқығы жоқ деп қабылдайтынмын. 

Өзіме айтарым – жанұяңмен  қарым-қатынасыңды дұрыста. Достарыңмен қарым-қатынасыңды дұрыста. Орыс, ағылшын тілдерін үйрен. Әдеби шығармаларды көп оқы. Әлемдік классиктерді парақта. Өзіңді тануға қадам жаса. 

Іні-қарындастарыма айтарым, сізде таңдау құқығы мен еркіндік бар. Соны сезініп, шынайы болыңыз. Өзіңізді қабылдаңыз. Ішкі жан дүниеңіз бен сырт келбетіңізді шама жеткенше көркейтіңіз. Армандаңыз. Дамыңыз һәм өркендеңіз. Өзіңізді жақсы көруге рұқсат беріңіз. Әртүрлі болыңыз. Кім екеніңізді, қандай күшке ие екеніңізді білмейінше әрекет етіңіз. Ізденіңіз. Қателіктер жіберіңіз. Тоқтап қалмаңыз. Өзіңізді табуға талаптаныңыз. Өмір – мүмкіндік. Мүмкіндікті құр жіберіп алмаңыз. Нығметтері үшін жаратқанға мадақ айтуды ұмытпаңыз. Өмірдің мәнін ұғуға тырысыңыз. Кемелдікке ұмтылыңыз. Ең бастысы – шынайы болып, кез келген сәттен ләззат алуды үйрену. Өзіңіз үшін өмір сүріңіз. Біреудің үмітін ақтау немесе біреу үшін «мінсіз» болуды мақсат етпеңіз. Ойланыңыз. Өзіңізді көбірек ойлаңыз. Бақытты болуға, мақсаттарыңызға жетуге және арманыңызды жүзеге асыруға лайық екеніңізді қабылдаңыз. Қорқыныш пен күмәнға көз жұмып, қарсы жүріңіз. Өзге адамның пікірі немесе қоғамда қалыптасқа стереотиптер сізді ұлы жеңістерден тоспасын. «Haters gonna hate, always».

Қандай қиын жағдай болмасын, әуелі Алла, сосын өзіңізге сеніңіз. Жетістікке жете алатыныңызға сеніңіз. Даналарға еліктеңіз, бірақ өз жолыңызды таңдаңыз. Өзіңіз таңдаңыз. Өзіңіздің ерекше жолыңызбен жүріңіз.

– Қазіргі Шалқар қандай?

– Қазір Шалқар қайдан шыққанын, жаратылысын, Жаратқанын біледі. Кісілігі жоқ. Өзін таныған. Адамдарды таныған, достарын тани алған. Мен – Шалқармын!

– Біздің қоғамдағы эйблизм және оның көрінісі қандай деп бағалайсыз?

–Эйблизм (ағ. ableizm, able) – адамды денсаулығы мен физикалық мүмкіндіктеріне қарап алалау, шеттету, мазақтау, ол туралы әдепсіз әзілдеу ғой. Шымқаланың арбатында інім  Бекнұрдың туған күнінде қыдырып жүргенбіз. Талантты жастар жиналып, көпке өнерлерін көрсетіп жатты. Әншілері ән айтып, күйшілері күй тартып дегендей. Бәрінің көңіл-күйі тамаша. Мен де рақаттанып отырғанмын. Бір топ жігіт көңіл-күйімді бұзды. Ойлау жүйесінде ерекшелігі бар бала әрлі-берлі секірсе, өзгелер  мазақ қылып тұр. «Давай, давай» деген сайын ана бала секіріп, аунап, ерсі тірліктер жасады. Соны көріп, ашындым. Шыдай алмадым. Қастарына барып:

– Неге мазақ қылып тұрсыңдар? – дедім

– Мазақ емес, братан.

– Сендер қолпаштап, қошеметтемесеңдер ол ондай нәрсе істемейді, доғарыңдар!

– Болды, братан. ⠀

Содан кейін бәрі әлгі баланы игнор жасады. Ол да ерсі қылығын тоқтатты. Музыкалық кеш жалғасты. Менің де көңілім орнықты. «Доғарыңдар»  деп айта алғаныма іштей ырза боп қалдым.

Жалпы, біздің қоғамда эйблизмнің көрінісі жетіп артылады. Ең көп таралғандары: Сау адам норма, ал ауру, мүгедектігі бар адамдарды нормадан ауытқығандар деп есептеу;  мүгедектігі барларға арналған пандустың, зағиптарға арнайы жолдың болмауы, жүріп-тұруына жағдай жасалмауы;

 ерекше жандарды қоғамның толыққанды мүшесі санамау, төмендету.

Адамды денсаулығына қарап аяу, орынсыз көмектесу де эйблизмге жатады.

Сондықтан осы нәрселерге мұқият болайықшы. Мүмкіндігі шектеулі болса да намысы бар. Тиіп кетпейік. Қазақстанда жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандардың тек 23%-ы жұмыспен қамтамасыз етілген. Басты себеп, жұмыс орындары мүгедектерге ыңғайсыз. Тіпті сайлау учаскелері мен поштаға кіріп - шығу проблема. Таза эйблизм ғой.

– Бөлмеден шықпай отыратын өзіңізден, «доғарыңдар» деп әділ айтатын өзіңізге жеткенге дейін қандай кезеңдерді өткердіңіз?

– Депрессияның түбінде ұзақ тұрақтап, «камбэк» жасаған адаммын. Маңызды 4 кезеңді өткердім. Жақын достармен қарым-қатынасым арқылы сипаттап көрейін. 

Бірінші – ауыр кезең болды.Өмірге ренжіп, түңілгенім сонша, ешкімді көргім келмеді. Ішім жеккөрінішке толып, ашу кернеді. Қал жағдай сұрағысы келетін жақын достарымды да жақтырмадым. «Үйіңе барсақ бола ма?», деп сұрайтын, «ауылдамын» деп өтірік айта салатын едім. Олар – студент. Өмірдің «қызығын» көріп жатыр. Ал, менің жатысым мынау. Осы ойлар кеудені өртеген. Екінші – қабылдау кезеңін өткердім. «Сәт» триосының әні бар еді ғой: «Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?! Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде»,– деп келетін. Осы жағдайыма көніп, тіршілікке бет бұрған кезім. Мүмкіндігім шектеулі екенін қабылдадым. Мүгедекпін, дегенмен өмір сүруге болады. Кеудедегі жүрек соғып тұр. Достармен қатым-қатынас жақсарды. Олардың жетістігіне шын қуана алатын болдым. Жақсы көруді үйрендім. Кездескім келе беретін. Өздерін, әңгімелерін сағынышпен күтетін болдым. Басқа қалада болса, «қашан келеді екеееен?» деп, сабағының аяқталуын немесе жұмысынан демалыс алуын күтіп жататын едім. Бұл кездері достармен ғана сыртқа серуендеуге шығып жүрдім. Олар хабарласпаса, мен де үйде жата бердім. 

Үшінші – «жертва» болған кезең болды. Алланың шеберлігіне таңдана бастадым. Сыртқа шыққан сайын сансыз әсемдікті көрдім. Жиі серуендегім келді. Әр серуеннен рухани азық алдым. Табиғаттың сұлулығына тамсанып, тамашалағанды жаным қалады. Сондықтан достарды іздей бастадым. Серуендеуге шыққым келетінін айтып, миын жей бердім. «Көлігің бар ғой, апарып келсей немесе тамақтанып келейік, түріктің тамағын сағындым». Олар өзінше «занят».  Жұмыс, отбасы, ағайын-туыс, қайын-жұрт дегендей. «Хавчикті тапсырыспен алдыра салшы, өзім төлей салам» деп құтылады. Оны түсіне салатын Шалқар жоқ. Әлі сол құрбан боп жатамын. Қалағаным тамақ емес, просто серуендеу еді. «Науқас досына уақыт бөлсе болады ғой» деп ойлайтын едім. Сосын, әрине, реніш те болады. Өйткені мен күттім. Күткенімді ала алмадым.

Төртінші – қазіргі кезеңім. Ешқайда шықпай, 2-3 күн жатып қалсам, үйге симай кетемін. Көңіл-күйім көтеріңкі болуы үшін сыртқа шығуым керек. Ең болмағанда, өзіміздің аулаға, көшеге шығып, тіршілік қайнап жатқанын сезуім керек. Сол маған бір орында жатып қалмауға үлкен мотивация береді. Қалада серуендегім келсе, інім Бекнұрды ертіп алам. Көлік те керек емес. Біреуге айтып, бұрынғыдай «қолың бос па, апарып тасташы» дегенді доғардым. «Яндекс» таксиді шақырамыз да, қалаған жерімізге кете береміз. Көңіл-күйіме өзім ғана жауаптымын. Өмірімнің әрбір сәтінен ләззат алуды үйреніп жүрмін.

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

​Сайлаубек Жақсыбеков: Қазақтың домбырасы жетімнің күйін кешіп тұр
Ырысбек Дәбей, жазушы: Жақсы көретініңді айтудан кешікпеу керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу