Кәсіпкерлікке кең өріс
Сайрам ауданында соңғы жылдары экономикалық әлеуетті арттыруға, өндірісті жолға қою арқылы өзін-өзі қамтамасыз етуге және отандық өнімді көбейтуге бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді.
Әсіресе өңірлік кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін жобалар іске аса бастады. Бұл – өңір экономикасының тұрақты өсіміне негіз болатын маңызды тетік.
Осы бағыттағы ілкімді жобалардың бірі – Сайрам ауданы, Шапырашты ауылында тұратын жас кәсіпкер Бейімбет Жұмабекұлы қолға алған бастама. Ол Түркиялық әріптестерімен бірлесіп, Ақсукент ауылында алғаш рет сәбилерге арналған жөргек шығаратын кәсіпорын ашты. "Capable Group" атауымен тіркелген бұл цех бүгінде күніне 180 мың данаға дейін өнім шығарып отыр.
«Симбо бейби» және «Алтын бала» атты екі түрлі брендпен шығатын жөргектердің өлшемі 2-ден 6-ға дейінгі аралықты қамтиды. Бір жөргектің құрамында оннан астам компонент болады. Ал олар Түркия мен АҚШ-тан жеткізілетін арнайы технологиялар мен материалдар негізінде дайындалады. Бұл жоба Сайрам ауданы үшін жаңа бағыт саналады әрі осындай өндіріс алғаш рет қолға алынып отыр.
Кәсіп бастау – тәуекел мен табандылықты қажет етеді. Бұл ретте Бейімбет Жұмабекұлының таңдаған саласы да бекер емес. «Сәбилерге арналған жөргек күн санап қымбаттап барады. Күнделікті тұтынуға қажетті бұл өнім халық үшін қолжетімді болуға тиіс. Сондықтан өз елімізде өндірілетін, сапалы әрі бағасы тұрақты жөргек шығару басты мақсатым болды», – дейді ол.
Цех ашылғаннан бері 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа тартылған. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Жұмыс уақыты қызметкерлердің денсаулығына байланысты икемделіп белгіленген. Технологиялық желілерде операторлар жөргек дайындаумен айналысса, өзге мамандар дайын өнімді жинап, қаптап, сатылымға дайындайды. Бухгалтерлік және логистикалық қызмет те осы жерде атқарылады.
Алғашқы кезеңде шетелден келген техниканы меңгеру жергілікті жұмысшылар үшін оңай болмаған. Осы себепті Түркиядан арнайы мамандар шақырылып, оқыту жұмыстары жүргізілген. Бүгінде өндірістік желі толық автоматтандырылған, шикізаттан дайын өнімге дейінгі барлық процесс жүйеленген.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінен сұраныс түсуде. Ендігі мақсат – ішкі нарықты қамтып қана қоймай, көрші елдерге де экспорттау. Тапсырыс негізінде ересектерге арналған жөргектер шығару жұмыстары да басталып кеткен.
Бейімбет Жұмабекұлы – үшінші топ мүгедегі. Алайда ол өзінің хал-ахуалына қарамай, мемлекеттен тек салық жеңілдігін алып, бар күшін ел экономикасына үлес қосуға арнаған. Бұл – тек жеке табыстың емес, қоғамдық жауапкершіліктің де көрінісі.Осындай бастамалар арқылы Сайрам ауданы өз өндірісін қалыптастырып, сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайта түсуде. Бұл өз кезегінде экономикалық қауіпсіздікті нығайтып, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді отандық тауарлармен қамтамасыз етуге жол ашады.