Индустриалдық аймақтар ел экономикасын өрге сүйрейді
Ұлттық экономиканы диверсификациялау, ел дамуын индустриалдық жаңа деңгейге көшіру – Қазақстанның алға қойып отырған негізгі мақсаттарының бірі. Бұл тұрғыда біраз жылдан бері жүйелі жұмыстардың атқарылып келе жатқанын, елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған индустриалдық жобалардың іске асырылғанын атап өткіміз келеді.
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ин-дустриялық, инновациялық әлеуетін арттыруға және оны толыққанды жүзеге асыруға ден қойды. Мемлекет басшысының ұлттық экономиканы монополия мен олигополиядан арылтуға, яғни әрбір секторды еркін билеп, төстеген олигархтарды заң мен тәртіпке келтіруге бағытталған бастамалары да индустрияландыруға серпін беруді қарастырады. Нәтижесінде кәсіпкерлердің бұрын жабық болып келген жаңа есіктер ашылады. Мемлекеттік қолдау мен қаражаттарды билікке жақын тұлғалар басыбайлы иемденіп, өзге бизнесмендерге «жауған шұғадан ұлтарақ та тимейтін» кер заман келмеске кетуі тиіс.
Бүгінгі таңда елімізде 15 арнайы экономикалық аймақ пен 55 индустриалдық аймақ жұмыс істеуде. Әрқайсының өзіндік жоспары, стратегиялық даму бағыты бар. Биыл осы аймақтарда 110 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Индустриалдық аймақтар өндірістік жобаларды іске асыру үшін ерекше қолайлы жағдайлар жасалған аумақтар болып табылады. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа технологияларды қолдана отырып жаңа зауыттар мен фабрикаларды ашуға өте ыңғайлы. Индустриалдық аймақтардың өзіндік құқықтық мәртебесі бар, оның қатысушыларына түрлі жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Кәсібін ашамын деушілерге дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер, тіркеудің жеңілдетілген жолдары ұсынылады.
Елімізде шағын өнеркәсіп аймақтары жаңа механизм ретінде қолданысқа енгізіліп, олар кәсіпкерлер бизнес ашудың барлық мүмкіндіктерін ұсынады. Әсіресе құрылыс жұмыстарын жүргізуге берілетін жеңілдетілген несиелер мен тиімді жалға алу шарттары шағын және орта бизнестің дамуына мол мүмкіндік береді. Қазіргі таңда еліміздің 8 аймағында, атап айтқанда Астана, Шымкент қалалары, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 34 шағын өнеркәсіп аймақтары жұмыс істейді. Ал биыл жыл соңына дейін 14 облыста жаңа шағын өнеркәсіп аймақтарын құру жоспарланып отыр.
Импорт алмастыру бағдарламасы – отандық өндіріске серпін берген бастамалардың бірі екені даусыз. Бұл ретте инвест жобаларды іске асыруға бел буған ірі тапсырыс берушілерден отандық өнімдерге басымдық беру бойынша талап қойылды. Осы міндеттің ойдағыдай атқарылуына қатысты тиісті құқықтық база да әзірленді. Айталық, әлеуметтік нысандарды салу кезінде отандық материалдар мен жабдықтарды импорттық материалдарға ауыстыру үшін маслихатпен келісу талап етілетін болады. Әлбетте, бұл отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, позицияларын күшейтеді.
Бір айта кетерлігі, индустриалдық аймақтарды дамыту үрдісі әсіресе оңтүстік аймақтарда кең тараған. Бірінші кезекте Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы тәжірибені ерекше атап өткен жөн. Айталық, Шымкент қаласының аумағында көп жылдан бері «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы талай сәтті жобаларды іске асырып үлгерді. Тіпті жаңа бастамалардың көптігі сондай, бұл арнайы аймақтардың аумағы бірнеше рет кеңейтілген болатын.
Шымкент қаласындағы 2016 жылы ашылған «Тассай» индустриялды аймағының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Жобалау кезінде индустриялық, көлік-логистикалық аймақтың және арнайы экономикалық аймақтың жер учаскелеріне талдау жасалды. Бұл ретте Шымкент қаласының басшылығы әрдайым осы бағыттағы жұмыстарды тиянақты жүргізіп отыруға айрықша назар аударады.
«Барлық индустриялды аймақтар үздіксіз жұмыс істеуі қажет. Бұл – уақыт талабы. Сонымен бірге, аймақтарды кеңейту, әрі қарай дамытуда нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Индустриялық аймақтағы мекемелерді жан-жақты сүйемелдеп отыру керек. Өндіріс үшін қолайлы шарттар жасау жеткіліксіз. Өнімнің ішкі нарыққа таралуы мен экспортына ықпал етуді қарастыру, ортақ бір платформада түйісуіне жағдай жасауымыз қажет, – деді қала әкімі Ғ.Сыздықбеков.
Түркістан облысының бірқатар аудандарында да индустриалдық аймақтар ашылды. Әлбетте, шалғай аудандарға ірі инвесторларды тарту оңай емес. Соған қарамастан, бизнес жобаларды іске асыруда айтарлықтай табыстар бар.
Түркі әлемінің рухани ордасы, ұлтымыздың алтын бесігі саналатын Түркістан шаһарының гүлденуі мен түлегені бүкіл еліміздің жаңғыруын білдірсе керек. Президенттің пәрменімен қалаға айрықша мәртебе берілуі бұл сенімді күшейте түсті. Түркістан – жан-жақты бағытта дамитын, болашағы жарқын қала. Бүгінгі таңда шаһар тұрғындарының саны күрт өсіп, 221 мыңды құрап отыр. Қала халқының саны 2035 жылы 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп болжануда. Түркістан – инвестициялар үшін ашық қала. Инвесторлардың белсенді түрде қатысуымен шаһарда жаңа тұрғын үй және қонақ үй кешендері, білім беру және фитнес орталықтары, сауда-ойын сауық кешендері мен бизнес орталықтары салынды. Бұлардың әрқайсысы жоғары сұранысқа ие болатын, қайтарымы мол жоба ретінде бағалануда. Мұның барлығы – қала болашағының жарқын екенін аңғартады
Көне шаһар экономикасының негізін құрайтын бағыттар – өндіріс пен туризм болатыны сөзбен емес, іспен де дәлелденіп жатыр. Түркістанға келген инвесторлар үшін қайтарымы мол жобаларды іске асыруға орасан зор мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Мұның барлығы Түркістанда қолайлы инвестициялық климаттың қалыптасқанын, шаһардың жаңа бизнес жобаларды іске асыруға деген әлеуеті жоғары екенін айғақтайды.
Осы бағыттағы негізгі ауқымды жобаның бірі - «Turkistan” индустриалды аймағы. Бұл - ерекше мүмкіндіктер мекені, еліміздегі болашағынан зор үміт күттіретін бизнес жобалардың бірі. Бүгінгі таңда индустриалдық аймақта көптеген кәсіпорындар құрылуда. Осы бастаманы іске асыру барысында үздік халықаралық тәжірибе қолданылды.
Индустриалдық аймаққа алғашқы жылдардың өзінде-ақ 9 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылу көзделіп, 23 жоба жүзеге асырылған болатын. Қазіргі таңда Түркістан индустриалдық аймағында 7 жоба пайдалануға беріліп, кәсіпорындар бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығаруда. Мұнда кәсіпкерлерге толықтай дайын инфрақұрылым (газ, су, электр энергиясы, жер телімі мен темір жол) ұсынылады. Кәсіп ашамын деушілер тек өз құрал-жабдықтары мен қондырғыларын әкеліп, зауыттың жұмысын бастап кетсе болды. Бизнес өкілдерінің айтуынша, индустриалдық аймақтың ұтымды тұстары мол. Зауыт-фабрика ашу үшін қолайлы жер телімін іздеп, коммуникациялар мәселесімен бас қатырудың қажеті жоқ. Барлығы дайын әрі ыңғайлы. Әлбетте, кәсіпкерлерге осыншама жеңілдіктер ұсынылған соң, алдын-ала келісілген жобалардың ойдағыдай іске асырылуына да қатаң талаптар қойылады.
Бастапқыда индустриалдық аймаққа бастапқыда 40 гектар жер бөлінген. Алайда, жобаның экономикалық әлеуеті орасан екені белгілі болғанда қосымша 310 гектар берілді. Кейін оның 180 гектары осы шаһардағы арнайы экономикалық аймағының құрамына кірді. Бүгінгі таңда Түркістан шаһарындағы индустриалдық аймақта 190 гектар жер телімі бар.
Әлбетте, елдегі индустриалдық аймақтарға қатысты заңнама мен жалпы қағидалар барлығына ортақ. Индустриалдық аймақтардың ерекшелігі негізінен оның өндіретін өнім түрлері мен орналасқан өңірінде ғана. Климаттық, географиялық ерекшеліктерге қарай шығарылатын тауарлар да әркелкі болады. Мәселен, Түркістандағы индустриалды аймақта құрылыс заттары мен жеңіл өнеркәсіптік заттар шығаруға басымдық берілген. Есесіне Тараз индустриалды аймағында химия өнеркәсібінің өнімдері көбірек шығарылады. Себебі кезінде осы өңірде химия қоспаларының өндірісі кеңінен дамыған болатын.
Түркістандағы индустриалдық аймақтың басты ерекшеліктерінің бірі – инвесторларға браунфилд кешені ұсынылады. Әр ғимараттың жалпы аумағы 2400 шаршы метрді құрайды, оның ішінде кеңсе бөлмелері 400 шаршы метр, ал өндірістік аумақ 2000 шаршы метрді құрайды. Браунфилдтің ғимаратында кез-келген кәсіп түрін ашуға барлық жағдай жасалған. Яғни, көліктік және инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген. Түркістан индустриалдық аймағында екі браунфилд ғимараты бар. Оның бірінде жиһаз зауыты, екіншісінде шұлық шығаратын кәсіпорын орналасқан. Жалпы айта кетерлігі, қазіргі таңда түркістандық жиһаз фабрикаларының өнімдері Қазақстанның барлық облыстарында, тіпті жақын шетелде де сатылуда. Үздік жиһаз өндіруші компаниялардың қатарында “Grand Mix”, «Cordial Turkestan» сынды кәсіпорындарды атап өтуге болады.
Ел экономикасын диверсификациялауда индустриалдық аймақтардың атқарып жатқан маңызы ерекше. Бұл шикізатты өндіруге деген тәуелділіктен құтқаратын, қосымша құны жоғары тауарлардың үлесін арттыратын бірден-бір бағыт боғландықтан мемлекет тарапынан мейлінше қолдау шаралары көрсетілуде.
Дегенмен, инвесторлар үшін ұсынылатын мүмкіндіктері мен жеңілдіктері, мәртебесі тұрғысынан арнайы экономикалық аймақтардың ауқымы кең. Еліміздегі танымла АЭА-лардың қатарында әсіресе «Астана – жаңа қала», «Қорғас», «Астана – Технополис», «Оңтүстік», «Түркістан» сынды арнайы экономикалық аймақтарды атап өтуге болады. Арнайы экономикалық аймақ (АЭA) – басым қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы арнайы құқықтық режимі мен инфрақұрылымы бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі. Еліміздегі 15 АЭА-лар түрлі салалық бағыттар бойынша даму үстінде.
Қазақстандағы ең алғашқы арнайы экономикалық аймақтардың бірі – Шымкент қаласында орналасқан «Оңтүстік» АЭА. Жалпы ауданы 200 гектарды құрайтын бұл аймақтың мақсаты - ел экономикасының әлемдік экономикалық қатынастар жүйесіне енуін күшейту, өнімнің нарықта сұранысқа ие түрлерін шығару, жоғары технологияларға негізделген өндірістерді ашу. Еліміздегі басқа экономикалық аймақтардан ерекшелігі – мұнда тоқыма және тігін өнеркәсібін дамытуға, химия және мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға екпін берілген. Кәсіпорындар үшін су, электр энергиясы мен газдың тарифтері арзан.
Алматы қаласындағы арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы бұдан да ауқымды - 608,56 гектар. Құрылғалы бері мұнда 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының ашылуы іске асырылған жоалоардың өміршеңдігі мен бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Күні бүгінге дейін көрсетілген қызметтер мен өндірілген өнім көлемі 800 миллиард теңгеден асты. Былтырғы дерек бойынша кәсіпорындар бюджетке 129 млрд теңге салық төлеп үлгерді. Жыл сайын мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Биыл арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылады. Ал келесі жылы тағы да 3 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жаңадан 450 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Елдегі ең ірі әрі басқаларға ұқсамайтын арнайы экономикалық аймақтардың бірі – Түркістан шаһарындағы «Тұран» АЭА. Түркістан қаласының арнайы экономикалық аймақтар арқылы даму стратегиясы шетелдік инвестицияны тартуда жаңа көкжиектер ашып отырғанына сарапшылар бірауыздан келіседі. Расында да, бір қаланың аумағында тарихи-мәдени орталық, әкімшілік-іскерлік орталық, өндірістік субаймақ пен индустриалдық аймақтың қатар дамуы қаланың экономикалық әлеуетін еселеп арттыратыны сөзсіз. Алдағы уақытта шаһарды еліміздің оңтүстік өңіріндегі ең ірі индустриалдық және сауда орталықтарының біріне айналдыру мақсаты қойылып отыр.
Жалпы ауданы 3987,39 гектарды құрайтын «Тұран» АЭА 6 шағын аймаққа бөлінген. Олардың қатарында рухани астананың тарихи орталығы - 861,75 га, әкімшілік-іскерлік орталық – 1578,64 га, шаһардың өзіндегі, сонымен қатар іргелес жатқан Ораңғай ауылы мен Кентау қаласындағы өндірістік аймақтар – тиісінше 180 га, 365 га мен 35 га, және халықаралық әуежай – 967 га. 2018 жылы құрылған арнайы экономикалық аймақтың ауқымы мен мүмкіндіктері уақыт өткен сайын кеңейіп отырды. Мұнда инвесторларға 2043 жылға дейін сатып алу құқығымен жер телімін тегін беру қарастырылған. Осы аймақта кәсіпорын ашып, жобаны іске асыруға кіріскен бизнес өкілдері жер салығы, мүлік салығы, импортқа кедендік баждар, корпоративтік табыс салығы мен импорттық шикізатқа қосымша құн салығынан толық босатылған. Бүгінгі таңда «ТҰРАН» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі жалпы құны 530 миллиард теңгеден асатын 129 жобадан тұрады.
«Түркістан» арнайы экономикалық аймағының құрылуы қаланың дамуына тың серпін берді. Мұнда қысқа мерзім ішінде көптеген жаңа нысандар, тұрғын үй мен қонақ үй кешендері, сондай-ақ өнді¬ріс орындары ашылды. Арнайы экономикалық аймағының инвесторларға ұсынар мүмкіндіктері мол. Мұндағы жобаларға қатысушылар 2043 жылға дейін салықтың көптеген түрлерінен босатылады.
Ерекше атап өтетін арнайы экономикалық аймақтардың бірі - «Инновациялық технологиялар паркі». Бұл экономикалық аймақты құру жайлы шешімнің қабылданғанына 22 жыл болған екен. «Инновациялық технологиялар паркі» бірқатар бағыттарда жұмыс жасауға негізделген: ақпараттық технологиялар, телекоммуникация және байланыс саласындағы технологиялар, электроника және аспап жасау, жаңғырмалы энергия көздері, қор үнемдеу және табиғатты тиімді пайдалану, мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және өңдеу саласындағы технологиялар. Яғни, заманауи технологиялар мен ғылыми жетістіктерді қолдану деңгейі жоғары. Бұл бағытта едәуір көлемдегі инвестициялар тартылып, бәсекеге қабілетті талай өндірістер ашылды.
Дегенмен, күн тәртібінде тұрған мәселелер де жоқ емес. Сарапшылардың пайымдауынша, барлық арнайы экономикалы аймақтарды табысты деп айтуға келмейді. Еліміздің Жоғары аудиторлық палатасы жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде небәрі 4 АЭА-ны толық мағынасында табысты деп атауға болады екен: олар «Астана - жаңа қала", "Инновациялық технологиялар паркі", "Оңтүстік" және "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймақтары. Өзге АЭА-лардың дені инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен тағы да бірқатар себептерге байланысты жоспарлы деңгейге толыққанды шыға алмады. АЭА-ның толымдылығы әзірше 50 пайызға да жетпеген екен. Яғни, әлі арнайы экономикалық аймақтарға деп бөлінген жерлердің жартысынан астамы қаңырап бос тұр. Әзірге "Астана - жаңа қала" және "Павлодар" АЭА-лар өндірістік жайлардың 90 пайыздан астамын толтырып үлгерген екен.
2024 жылғы дерекке сәйкес қазақстандық арнайы экономикалық аймақтардағы инфрақұрылымның дайын болуының орташа деңгейі шамамен 70 пайызды құрайды екен. Демек бұл салада әлі де шешімін күткен мәселелер көп.
Бекбол Қалдыбек