Қазақстан қуатты экономикалық өрлеу кезеңінде
Соңғы бірнеше жылда Қазақстан әлемдегі орташа державалардың қатарына қосылғаны белгілі.
Бұл нені білдіреді? Ел экономикасының ауқымдылығын, қуаттылығын, азаматтар табысының айтарлықтай жоғары деңгейге жеткенін айғақтайтын нәтиже. Халықаралық геосаясат аренасында «орта державалардың» маңызы мен белсенділігі артып келеді. Германияның беделді «Ғылым және саясат қоры» атты орталығының пайымдауынша, әлемдік саяси және экономикалық аренадағы маңызы бойынша Қазақстан Түркия, Израиль, Үндістан секілді елдердің тобына қосылды. Бұған тікелей әсер еткен бірнеше факторды атап беруге болады. Көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын әрдайым ашық білдіріп келген Қазақстанның Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Қытайды байланыстыратын көпір ретіндегі стратегиялық ролі еліміздің маңызын арттыра түскені анық. Осы арқылы Қазақстанның экономикалық әрі саяси амбициясы бұрынғыға қарағанда анағұрлым күшейді. Алпауыт мемлекеттер біздің елмен санасады, әріптес болуға ұмтылады.
«Орта державалардың» тобына кіру – экономиканың қуаттылығын да мойындауды білдіреді. Бүгінгі таңда еліміз Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға ие, ішкі жалпы өнімнің көлемі жөнінен әлемде 35-ші орынға табан тіреді. Қазақстанның ІЖӨ көлемі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия, Беларусь пен Молдова секілді елдердің біріктірілген экономикасынан асып түседі.
Қазақстанның экономикалық әлеуеті соңғы жылдарда едәуір күшейгені әлем назарынан тыс қалмады. 2019 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі 189 миллиард долларды құраса, былтырғы көрсеткіш 288 миллиард доллар көлемінде тұрақтады. Экономикасы бес жылда 100 миллиард долларға артқан елге инвесторлар қалайша қызықпайды? Сарапшылардың болжамына сәйкес, биыл ұлттық ІЖӨ 300 миллиард доллардан асып жығылатыны анық. Жан басына шаққанда Қазақстан табысы көршілес Өзбекстан мен Қырғызстандағы көрсеткіштен 6 есе жоғары. Бұған тікелей әсер еткен бірден-бір фактор – шетелдік инвестицияларды тартудағы нәтижелі қадамдар.
Ұлттық ішкі жалпы өнімдегі 58 пайыз үлес – қызмет көрсету саласына тиесілі болса, тауар өндірудің үлесі 35,9 пайызды құрап отыр. Салалар бойынша ең үлкен өсім құрылыс (+15,3 пайыз), ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы (13,7 пайыз), көлік және логистика (9,4 пайыз) және сауда саласында (+8,9 пайыз) байқалып отыр.
Шетелдік инвестицияның отандық экономикаға келіп құйылуы – өзімен-өзі бола салатын құбылыс емес. Әрбір инвестор қыруар қаржысын қандай-да елге жұмсардан бұрын жан-жақты зерттейді. Пайдасы мен тәуекелдерді терең қарастырады. Содан соң барып шешім қабылдайды. Ол шешімге түрлі халықаралық рейтингтер мен зерттеулер әсер етеді. Осындай рейтингтердегі Қазақстанның ұпайы түгел деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар.
Мәселен, Дүниежүзілік Банктің жыл сайынғы «World Development Indicators» көрсеткіштері мен Біріккен Ұлттар ұйымының «World Investment Report» атты зерттеулерінің негізінде әзірленген әлемдік рейтингте 2024 жылғы тікелей шетелдік инвестициялардың деңгейі бойынша еліміз үздік 40 мемлекеттің қатарына кірді. Экономикаға тартылған инвестициялардың көлемі жөнінен еліміз Греция, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка секілді экономикасы мықты мемлекеттерді басып озды. Бұл бірінші кезекте инвесторлардың отандық экономиканың тұрақтылығы мен инвестициялық климаттың жайлылығына деген сенімін білдіреді.
Еліміздің халықаралық аренадағы позициясы жыл өткен сайын күшейіп келеді. Мәселен, халықаралық MOODY’S рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейіне көтеріп, Испания, Израиль, Болгария, Уругвай секілді елдермен бір қатарға қойды. Бұл шешімге келерде агенттік Қазақстанның ұлттық экономиканы әртараптандырудағы елеулі жетістіктерін, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен саяси ахуалдың тұрақтылығын басшылыққа алған. Мұндай баға еліміздің сыртқы қандай-да дағдарыстар мен күйзелістерге төзімділігін және несиелік қабілетінің жоғары екенін байқатады. Ұлттық қордағы активтер Қазақстанның қомақты көлемдегі фискалды резервтерінің жинақтай білгенін айғақтайды. Бұл қаржылық күйзелістер кезінде елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бірден-бір кепіл береді.
Тағы бір маңызды халықаралық көрсеткіш - Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі. Бұл рейтингті түзерде сарапшылар 119 түрлі көрсеткішті қарастыра отырып бәсекеге қабілеттікті анықтайтын 12 факторды басшылыққа алады. Олардың ішінде институттардың сапасы, инфрақұрылымның деңгейі, елдегі макроэкономикалық тұрақтылық, білім мен медицина саласы, еңбек нарығының тиімділігі, қаржы нарығы мен технологиялардың даму деңгейі ескеріледі. Компаниялардың инновациялық әлеуеті де қарастырылады. Еліміз экономикасы дамудың үшінші кезеңіне өткен мемлекет ретінде осы рейтингке 2012 жылдан бастап қатысып келеді. Тек қатысып қоймай, тұрақты түрде позицияларын жақсарту үстінде. Мәселен, 2019 жылы дүниежүзілік рейтингте 54-ші орында тұрған Қазақстан былтыр 34-ші орынға көтерілді. Бұл елдегі экономикалық реформалардың тиімділігін, мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін, бизнес климаттың жақсарып келе жатуының дәлелі.
Елімізге тәуелсіздік жылдарында тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 300 миллиард теңгеден асты. Әсіресе соңғы 5 жылда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы едәуір өскені мойындалып отыр. Ұлттық экономикаға мол қаражат құйған елдер қатарында Нидерланды, Швейцария, Америка құрама штаттары, Бельгия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Франция мен Германияны атап өтуге болады.
Азия және Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асыруға сырттан 15,7 млрд долларын тарта білді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 88 пайызға артық. Осылайша, Солтүстік және Орталық Азия елдері кеңістігіне тартылған бүкіл шетелдік инвестициялардың 70 пайызына ие болғандықтан, Қазақстан осы саладағы сөзсіз көшбасшыға айналды. Айта кетерлігі – инвесторларды ұлттық экономикадағы дәстүрлі салалар – мұнай-газ бен металлургиядан бөлек энергетика саласы, уран өндіру, инфорақұрылым мен көлік және жоғары технологиялық бағыттары қызықтыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында тұрақты экономикалық дамудағы инвестициялар тартудың айрықша мәнін атап өткен болатын. 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу қажеттілігін мәлімдеген Президент әлемде инвестиция тарту төңірегінде талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы бағытта елімізде атқарылып келе жатқан жүйелі жұмыстар тиісті оң нәтижесін беріп жатқанын дәлелдейтін көрсеткіштер жетіп артылады.
Сарапшылар Қазақстанның алдағы уақытта даму қарқыны жоғары болады деген пікірде. Мәселен, белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов 2029 жылға қарай Ішкі жалпы өнім көрсеткішін екі есеге дейін өсіру бойынша Президенттің тапсырмасы жүзеге асырылатынына сенімді екенін жеткізді. «Бұл межеге жету үшін барлығы Президент Тоқаевтың «экономиканы либеризациялау туралы» Жарлығы шеңберінде жұмыс істеуге көшуі тиіс. Үкімет осы тапсырманы бұлжытпай орындай алса, ұлттық экономиканы екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Оның алғышарттары көп. Әлемдік нарықтарда экспорттық тауарлардың бағасы аса жоғары болмаса да, еліміз экспортқа 81 миллиард доллардың тауарын жөнелтіп үлгергенін өте жақсы көрсеткіш ретінде бағалап отыр. «Қазіргі таңда тау-кен кешенінде, мұнай-газ химия саласында 15 ірі жоба қолға алынды. Әрине, олардың оң әсері 5-7 жылан кейін ғана байқалады. Дегенмен, бұл жобалар ұлттық экономикаға едәуір үлес қоспақ. Бүгінде елімізде мұнай мен газды өңдеу бағытын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын байқаймыз. Атырауда қытай инвесторларымен бірлесе отырып үлкен кластер құрылды. Бұл жоба тек жаңа зауыттарды ашумен шектеліп отырған жоқ. Мұнда көптеген компоненттерді біріктіретін толыққанды индустрия құрылуда. Елімізде өңдеу өнеркәсібі дамып келеді, әсіресе түрлі рудаларды өңдеу бойынша өндірістер ашылды. Тағы бір сәтті бағыт – логистика. Құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында да айтарлықтай табыстар бар. Экспорттың үлесіне өңдеу саласының үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Автомобиль жасау саласы жаңа деңгейде көтерілді. Қазір біз полипропилен, полиэтилен өндіруге көштік. Саран қаласында автошиналар шығарылуда. Алдағы уақытта қолға алынғалы жатқан атом электростанциясының құрылысы да экономикаға серпін беретін жоба. Оның іске асуына кемінде 10 жыл керек болса да, отандық энергетика саласын жаңа деңгейге шығарып, Алматы облысының индустриалдық дамуына серпін береді »,- дейді М.Шибұтов.
Бүгінгі таңда әлем экономикасы «өнеркәсіптік революция» кезеңінде өмір сүріп жатқаны жайлы жиі айтылып жүр. Біздің ел де осы үрдістен қалып кетпеуі тиіс. Бір нәрсе анық - Қазақстанды алдағы уақытта орасан қуатты экономикалық серпіліс күтіп тұр. Сондықтан, ел азаматтары жарқын болашаққа нық сеніммен қарай алады.