«Бозарық» индустриалды аймағында 30 инвестициялық жоба іске асырылмақ

Oinet.kz 04-06-2023 239

Шымкент қаласындағы бірден бір тамақ өнеркәсібімен айналысатын индустриалды аймақ, бұл -  «Бозарық». Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Шоқан Қыдырбекұлының айтуынша, бүгінгі таңда «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Screenshot_8.jpg

Жалпы алаңы 132,9 гектар алқапты алып жатқан индустриалды аймаққа қазіргі таңда таза ауыз су, кәріз жүйелері кіргізіліп, электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. 

- Бүгінгі таңда Шымкент қаласы үлкен индустриалды аймаққа айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі де осы болатын, яғни өңірдегі бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Жалпы өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Бүгінде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жүргізу жұмыстары жалғасуда. Жобаны биыл іске қосу жоспарланған. Жоба тиісті кезеңде іске қосылса, индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Мұнда 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда, - дейді Шоқан Қыдырбекұлы.

Оның айтуынша, жаңа индустриалдық аймақтағы таза ауыз су және кәріз жүйесі бойынша құрылыс жұмыстарын «Агидель - АС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серіктестік бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аясында 13,5 километрді құрайтын таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізіп, негізгі жұмыстың 85 пайызын аяқтап отыр екен. Ал электр және табиғи газ желісін «Электромонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тартуда. Электр желісі бойынша серіктестік 8,8 километр электр желісін тарту көзделсе, мердігер оны 68 пайызға орындап, 6 километрдің жарығын тартып қойған. Табиғи газ құрылысы 10,9 километрге жоспарланған, бұл бағытта да құрылыс жұмыстары да жоспарға сәйкес басталып кетіпті.  

– Автомобиль жолдарын салу құрылыс жұмыстары «Отау Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Серіктестік бүгінгі таңда екі километрді құрайтын тас жолдың бір километрін аяқтап отыр. Ішкі орамда 7,9 километр жол салу жоспарланса, оның 3 километрінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша жоба әзірленуде, – дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Шоқан Қыдырбекұлы. 

Шымкент қаласындағы «Бақытты жанұя» орталығы арқылы кәсіп ашқандар қатары көбеюде
Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 600-ден астам азамат тұрғын үй жалдау ақысына субсидия алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу