Шымкент қаласында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан нысандар кестеден кешікпей беріледі

Oinet.kz 23-06-2023 114

Шымкент қаласында бірнеше білім мекемесіне қарасты нысандар ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілуде. Соның қатарында қалалық білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығы» коммунальдық қазыналық мекемесі мен бірнеше бөбек-жай бар. 

Screenshot_15.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтқан болатын. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берген еді. Қазіргі таңда Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығы» коммунальдық қазыналық мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылдың сәуір айынан қолға алынған жұмыстар халықаралық стандарттарға сай құрылыс нормалары бойынша жүргізілуде, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.  

Ол Әлия Молдағұлова көшесі бойында орналасқан орталықтың құрылыс жұмысымен таныса келіп, жауапты және мердігер мекеме басшыларына кестеден кешікпеуді ескерткен болатын. Айта кетсек, ғимараттың іргесі 1975 жылы қаланған. Қазір мұнда 167 оқушы ерекше білім берумен қамтылған, ұжымда 56 педагог жұмыс істейді. 

Логопед пен психолог кабинеттері, сенсор бөлмелері, израильдік технологиямен жасалған мультимедиялық білім беру жүйелері қайтадан жаңартылып, заманға сай  жабдықталуда. Оңалту орталығында 11 топ – құлақ және тіл мүкістігі бар, дамуы тежелген балалармен тығыз байланыса жұмыс істейді. Бес қабатты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады деп күтілуде. 

Сол сияқты бөбекжай-балабақшаларының да құрылыс жұмысымен танысқан қала әкімі екі бөбекжай-балабақшада болған еді. жалпы Шымкент қаласында 588 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 517-і жекеменшік болса, 71-і мемлекеттік балабақшалар. 

Қала бойынша жаңадан ашылған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа ғимараттарға орналасқан. Дегенмен, қаладағы ескі балабақшалар бұл күнде күрделі жөндеуді қажет етеді, Соның бірі құрылғанына 55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өткізілуде. 

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бөбекжай нысандарына арнайы барып, ғимарат құрылыстарын аралады. Мұрат Дүйсенбекұлы нысан басында құрылыс жұмыстарын балалар қауіпсіздігі үшін ережеге сай етіп жүргізуді ескертті. Осы жылдың наурыз айында басталған жөндеу жұмыстары бұл күнде қарқын алған. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орын. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген.  Сонымен қатар қаладағы  №99 «Гүлдер» бөбекжай ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айта кетейік. 280 орындық бөбекжайдың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған. 

Жоғарыда аталған ғимараттарды қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігерлерге кестеден кешіктірмей, сапасына басымдық бере отырып тапсыруды міндеттеді. 

Шымкент қаласында қоқыс өңдеу зауыты салынбақшы
Шымкент қаласында 160 нысан салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу