Шымкент қаласындағы индустриаландыру аймағының мүмкіндіктері Өзбекстан кәсіпкерлеріне таныстырылды

Oinet.kz 28-06-2023 124

Шымкент қаласының басшылығы шетелдік әріптестерімен үнемі ынтымақтастық және әріптестік байланысты арттырып келеді. Бұл байланыс өңірдегі өнеркәсіп пен индустриаландыру аймағының дамуына өз кезегінде зор септігін тигізуде. 

Screenshot_41.jpg

Жуырда Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасында жеңіл өнеркәсіп кешенін бірлесе отырып дамыту мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалған болатын. Осы басқосудан кейін Шымкент қаласы мен Өзбекстан Республикасы арасында әріптестік байланыс орнап, екітараптың өкілдері Шымкент қаласында кездесу өткізді. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек қатысып, көрші елден келген инвесторлар мен бизнес өкілдеріне өзара ынтымақтастықтың тиімді тұстары жайлы кеңескен болатын. Сонымен қатар ол басқосуға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков те қатысты.

Кездесу барысында Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев шаһардың нвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау мен ұсынылатын жеңілдіктер туралы сөз қозғады.

– Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис және қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің астанасы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың сыртқы сауда айналымы 2,6 миллиард долларын құрады. Оның ішінде 846 миллион доллары экспорттың үлесінде болса, қаламызға 1 миллиард 739 миллион доллардың тауары импортталған. Жалпы, екі елдің Мемлекет басшылары өзара сауда айналымының көлемін 2025 жылға қарай 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3 миллиард 500 миллион долларды құрады. Соның ішінде Өзбекстан мен Шымкент қаласының арасындағы өзара сауда айналымы 370 миллион долларға жетіп отыр, – деді ол. 

Ерболат Сариев өзбекстандық делегация мүшелеріне Шымкентте 3 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұрғанын, тағы да жаңадан осындай 3 аймақ ашу бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» индустриалды аймақтарында жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық аяқталып, онда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады. 

- Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктеріне кеңірек тоқталғым келеді. Бұл арнайы экономикалық аймақ 2005 жылы салына бастап, 2010 жылдан бері қарай нақты жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы 2 кілем фабрикасының екеуі де, елдегі жалғыз шұлық фабрикасы мен жалғыз мақта целлюлозасын өндіретін кәсіпорын да осында орналасқан. Жалпы, қазіргі таңда бұл аймақта нақты жұмыс істеп тұрған 35 кәсіпорын бар. Онда 2500-ден астам адам еңбек етеді. Аймақтың негізгі бағыттарының бірі – жеңіл өнеркәсіп, - дей келіп,  Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев ондағы жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді жан-жақты таныстырып өткен еді. 

Кездесу барысында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіпті дамыту қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері инвесторларға ұсынылатын қаржылай қолдау тетіктері туралы баяндап өтті. Нәтижесінде екі ел арасында бірлескен инвестициялық жобаларыды жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер жасалды.

Шымкент қаласындағы 7 ірі кәсіпорын Екатеринбург қаласында өткен «ИННОПРОМ» көрмесіне қатысты
Шымкент қаласында үздік тауар өндірушілер марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу