Шымкент қаласында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, оған 15 кәсіпорын қатысты

Oinet.kz 31-07-2023 163

Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Шымкент қалалық әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтың айтуынша, оған қаладағы кәсіпкерлер қатысып, өз тауарларын шығарған. 

Screenshot_24.jpg

«Мектепке жол» акциясы аясында отандық өнімдердің көрмесі де ұйымдастырылған. Оған он беске жуық кәсіпорын өз өнімін қойған. Оқушыларға қажетті киім-кешек пен оқу құралдары, бір сөзбен айтқанда бәрі бар. Атап айтсақ, былғары аяқ киім, сөмкелер, ақ жейде мен шұлықтар, мектеп формасының сапасы бағалы түрік тауарларнынан кем түспейді. Ал бағасы қалтаға қонымды. Шымкент қалалық білім басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бірлесе ұйымдастырған жәрмеңкеде кәсіпкерлер өнімдерін базар бағасынан едәуір төмен, зауыттың өз бағасымен ұсынды.

- «Мектепке жол» акциясының аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараның мақсаты – отандық өнімді қолдау. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында көпбалалы, азқамтылған отбасыларға да үлкен жеңілдік деп білемін. Себебі өндірушілер біріншіден сапалы өнімдер ұсынуда, екіншіден бағасы қалатаға қонымды. Оның үстіне мұндай жәрмеңкелер базар өнімдеріне бәсекелестік орнатып, бағаның көтерілуіне жол бермейді, - дейді қала әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.

Жәрмеңкеде мектеп формасы мен кеңсе тауарларынан бөлек, тұрмыстық бұйымдар, төсек жаймалары, сүлгілер, бет орамалдар да саудаланды. «Гаухартас» және «Әбдиев» тігін фабрикасы тіккен мектеп формалары көпшіліктің көңілінен шықты. 

- «Мектепке жол» акциясы осы іс-шарамен шектеліп қалмайды. Алда өзге де кәсіпорындар мен жеңіл өнеркәсіп ошақтарының қатысуымен іс-шара жалғасын табатын болады. Бір атап өтерлігі 12 тамызда басталған мектеп тауарларының жәрмеңкесі 19-шы тамызға дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда жалғасын табатын болады, - дейді басқарма басшысы Біржан Әзімбердиев.

Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы Әл-Фараби ауданында да ұйымдастырылып,  демеушілер есебінен 200 бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, олар «Fanky town» ойын-сауық кешеніндегі түрлі аттракциондарға мініп, аниматорлармен көңілдерін көтерді. Аталған акцияға сол аудандағы «Зерде» дәріханалар желісі» ЖШС, «Имран» СҮ, «Арман Сити» СҮ, «Стамбул» тамақтану орталығы, «Визит» ЖШС, «Қырықбааев» жк, «Қиял Әлемі» ойын-сауық орталығы және ҚР Ұлттық Банк республикалық мемлекеттік мекемесінің Шымкент қалалық филиалдары өз үлестерін қосты.

Шымкент қаласында жаңа оқушылар сарайында ашық есік күні өткізілді
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бас қосты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу