Шымкент қаласының әкімі Абай ауданының тұрғындарымен кездесті

Oinet.kz 26-09-2023 111

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалаға қарасты аудандарды аралап, шаһар тұрғындарымен кездесу өткізуде. Шаһар басшысы Абай ауданында болып, тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерде атқарылған жұмыстармен танысты. 

Screenshot_18.jpg

Алдымен Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарларды жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ауданға қарасты 27 елдімекенде 257,7 мың халық тұрады екен. Сондай-ақ аудан аумағында 205 көпқабатты тұрғын үй, 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Қазіргі таңда елдімекендердің біреуіне ғана ауызсу жеткізілмеген, ал сапалы жарықпен 92,5, табиғи газбен 85,2 пайыз қамтылған. Жыл соңына дейін ауданда су мәселесі толығымен шешіліп, келесі жылы шағынаудандардың электр қуаты және көгілдір газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жеткізілмекші.  

Ауданда жылу маусымына дайындық жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылған. Жоспарға сәйкес биыл елдімекендердегі 33 көше жарықтандырылған. Алдағы екі жылда қалған 60 көше жарық жүйелеріне толық қосылады. Биыл ауданда 3 750 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 2024 жылы 2 900 орындық 5 мектептің, 2025 жылы 3 800 орындық 6 мектептің құрылысы жоспарланған. 

Қала әкімімен болған есептік кездесуде тұрғындар инфрақұрылымды жақсарту, бейнебақылау қондырғыларын орнату, көшелерді жарықтандыруға қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын айтты. 

– Өздеріңізге белгілі, қала әкімі болып жақында ғана тағайындалдым. Бүгінде қаладағы жағдаймен, жұмыс барысымен танысып, өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешудің жоба-жоспарын жасап жатырмыз. Өзімде халықтың арасында туып-өскен азамат болғандықтан тұрғындарды мазалайтын мәселелермен таныспын деп айта аламын. Жұмыс барысында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, Сіздермен етене байланыста жұмыс істейміз. Шымкенттегі барлық өзекті мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, өздеріңізбен ақылдасып шешіледі. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен ауданның даму жоспары аясында шешіледі. Халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында шешімін күткен мәселе баршылық. Аудан тұрғындарынан заңсыз жер телімдеріне қатысты сұрақтар да жиі түсуде. Бұл шағымдар менің тікелей назарымда. Маған уақыт берсеңіздер, өздеріңізбен бірлесе отырып, туындап отырған проблемаларға қатысты оңтайлы шешім қабылдаймыз, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы. 

Кездесудің соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың мазалайтын сұрақтарға жауап беріп, өзекті деген проблемалардың шешілуін жеке бақылауына алатынын айтты. 

Шымкент қаласында жаңа спорт кешені ашылды, ендігі кезекте 20 алаң салу жоспарлануда
Шымкент қаласына қарасты Сайрам ауданы таза ауызсумен қамтылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу