Әлкей Марғұланның ғылымдағы ғалымдық тұлғасы

Oinet.kz 03-06-2024 495

Биыл ҚазКСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, археолог, этнограф, шығыстанушы, тарихшы, филолог, әдебиеттанушы, өнертанушы, қоғам қайраткері Әлкей Xаканұлы Марғұланның (1957-1976) туғанына 120 жыл толып отыр. 

Screenshot_8.jpg

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда  Павлодар облысы,  Баянауыл ауданы, бұрынғы Ақбеттау болысының № 2 ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Əлкейдің əкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, үйде халық əндері мен Абай əуендері жиі шырқалатын. Əлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренді. Алғашқыда ауылдық мектепте оқып, бастауыш білім алды.1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны 1920 жылы бітірді. Білімнің әлі де жеткіліксіздігін сезген ол 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, оны 1925 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.                                                                                        

1925 жылы Әлкей Хақанұлы Ленинградқа барып, ондағы Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі. Бұл института оқи жүріп, ол Ленинград университеті мен Өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдайды. Ленинградта оқи жүріп Әлкей Марғұлан сан ғылымдар негіздерін жете меңгерумен бірге қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, қыруар әдеби және архив деректерін жинады. Осы жылдарда ол көркем әдебиет саласында да біраз іс тындырды. Оның аудармасы бойынша қазақ қауымы орыстың және шетел жазушыларының көркем шығармаларымен танысты. 

1926 - 1927 жылдары ол СССР Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі Ерекше комитеті академик А.Е.Ферсманның және профессор С.И.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай экспедицияларының жұмысына қатынасты. Ә.Марғұланның қазақ мәдениеті мен тұрмысын, әдет-ғұрпын,  салт-санасын жетік білетіндігі экспедицияның антропологиялық отрядының жұмысына өлшеусіз септігін тигізді.                                                              

1929 жылы Ә.X.Марғұлан Абай творчествосы туралы жазылған  диплом жұмысын ойдағыдай қорғап, институты тамамдады. 

Институтты бітірген соң ол Қазақ ССР Оқу ағарту Комиссария атындағы Жаңа алфавит комитетінде қызмет істейді.                          

1931 жылы ғалым Әлкей Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық  мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына түседі. 

1943 жылы «Хандар жарлығының тарихи маңызы» атты тақырыпта  кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. 1936 жылдан 1938 жылға шейін ол стажер, сонан кейін СССР ҒА Қазақ филиалы Тарих институтының ғылыми қызметкері. 1938 жылы СССР ҒА Президиумының ұйғаруы бойынша СССР ҒА Қазақ филиалына жіберілді.                                    

1941-1946 жылдары ол тарих секторын басқарды, 1946-1951 жылдары археология секторын, ал 1957 жылдан 1976 жылдарға дейін Қазақ ССР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих археология және этнография институтының этнография бөлімін басқарды. 1976 жылдан ол палеолит бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарды.

Әлкей Марғұлан 1985жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қайтыс болды.

Әлкей Марғұланның ғылымдағы ғалымдық тұлғасына тоқталсақ: 

Әлкей Марғұлан  Оңтүстік Қазақстанда Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бойынан ежелгі қала мәдениетінің  іздерін ашып зерттеді.  Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге сан алуан көне аңыз әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын ел арасынан көптеп жинады, қазақтың материалдық және рухани мәдениетімен жіті  шұғылданды.

Оның жан-жақты жүргізген археологиялық және этнографиялық зерттеулерінің нәтижесі 1950 жылы басылып шыққан Қазақстандағы көне қалалар тарихы жайындағы көлемді монографиялық еңбегі  болды. Бұл кітапта бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала цивилизациясының, негізгі орталықтарына түгелдей жан-жақты ғылымисипаттама, терең талдау жасалған. Сондықтан да Әлкей Хақанұлы Марғұланды Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушылардың бірі деуіміз әбден орынды.

1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары»  туралы докторлық диссертация қорғады.

1946 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақ ССР Ғылым академиясына айналды да, республиканың көрнекті ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан академияның корреспондент-мүшесі, ал 1958 жылы толық мүшесі болып сайланды.                 

1960 жылы оған профессор атағы берілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде Әлкей Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстанда жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің және алғашқы көшпенді тайпалардың мәдениеті жан-жақты зерттелді. Орталық Қазақстанда  жүргізген археологиялық зерттеулердің алғашқы қорытындысы есебінде Әлкей Марғұланның, басқаруымен және оның тікелей қатысуымен жазылған іргелі монографиялық еңбек Орталық Қазақстанның көне мәдениетін  талдауға арналған.  Орталық Қазақстанда археологиялық зерттеудің екінші кезеңі Әлкей Хақанұлының Беғазы-Дәндібай мәдениеті туралы арнайы монографиясында және бес томдық Қазақ ССР тарихында қарастырылған. 

Ә.X.Марғұланның жұмыс стиліне тән ерекшеліктердің бірі оның бірнеше мәселені зерттеу ісін қатар жүргізе білуінде. Осы мәселелердің әрқайсысын орындау үшін ондаған ғалымдар көп жылдарын жұмсаған болар еді.

1957-1967 жылдары  Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалар жинағының 5 томдық академиялық басылымын басқарды.

1976–1984 ж. Қазақстан ҒА этнография бөлiмiнiң аға ғылыми қызметкерi болды. Оның ынта-жiгерi мен ұсынысы бойынша қазақ даласының ең шалғай аудандарына бiрнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Ол өзiне дейiнгi Қазақстанды зерттеушi орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелiлер мекенi болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтiндiгiн дәлелдедi.Көп жылдар бойы Ә. X. Марғұлан 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстарын жариялады. Оның жетекшілігімен 50 ден аса докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Әлкей Марғұланның еңбектері: 

Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана,                 

Открытие новых памятников культуры эпохи бронзы Центрального Казахстана, До исламская архитектура Казахстана,  Бегазы - Дандыбаевская культура Центрального Казахстана, Ежелгi жыр аңыздар, Казахское народное прикладное искусство және т.б.

Марғұлан «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi» атты еңбегiнде (1959) қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрiн дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серiлерге тоқталып, олардың сөз өнерiндегi орнын айқындады. Еңбектегi ғылыми тұжырымдар танымдық тереңдiгiмен ерекшеленедi, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйiнбай, Жамбыл, Нұрпейiс, Иса секiлдi ақындар шығармашылығы талданады. 

Марғұланның «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуiнде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседi. Ол сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер iсiнiң дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзiне алғаш таныстырған Ш.Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулердi жүргiзген Әуезов болса, кейiннен осы дәстүр Мағұланның «Шоқан және Манас» атты монографиясында жалғасты. Ол эпостағы өмiр шындығы, жырдың шығу тегi, дәуiрi, кейiпкерлерi мен көркемдiк кестесi және манасшылардың жырды жетiлдiрудегi қызметi‚ т.б. жөнiнде ғылыми маңызы жоғары пiкiрлер айтты.

Ғалым 1940 жылдардың аяғында бiрнеше рет саяси қудалауға түсті, кейiн де ұдайы саяси бақылауда болды, ғылыми ортаның кейбiр қисынсыз сындарына ұшырады.

Әлкей Марғұланның  марапаттары

1961ж. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді.

1964ж. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Құрмет грамотасымен марапатталды.

1967ж. «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» атты монографиясы үшін  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ ССР ҒА-ның сыйлығына ие болды. Осы жылы Ленин орденімен марапатталды.

1970ж. «Ерлік еңбегі үшін В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалімен мараппатталды.

1973ж. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

1974ж. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1976ж.  Қазақ ССР ҒА-ның Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

1982ж. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

1984ж. Халықтар достығы орденімен марапатталды.     

1991 жылғы 6 қыркүйектегі Қазақ  КСР Министрлер Кабинетінің  арнайы №73 Қаулысымен  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Археология орталығы  негізінде Археология институты құрылып,  оған көрнекті ғалым археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, филолог, академик  Ә.Х. Марғұлан есімі берілді.

Кітапханада Әлкей Марғұланның зерттеулері туралы кітаптар оқырман зерттеулеріне көп көмегін тигізеді. Мысалға

1.Марван Хамитова  «Әлкей Марғұлан және мәдени мұра» атты ғылыми-танымдық зерттеу еңбегі Ә.Х.Марғұланның өмірі мен оның қазақ халқының тарихын, мәдениетін зерттеудегі ғылыми еңбектерін, сол еңбектердің мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын «Материалдық емес  мәдени мұра» тұжырымдамасын және ҚР алғашқы президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламасын танып-білуге қосатын үлесін көрсетуге арналған.

2.Марғұлан оқулары-2020: «Ұлы Дала археологиялық және пәнаралық зерттеулер аясында» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция материалдары. Жинақтық бірінші томында археология ғылымының тарихы, Еуразия аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу нәтижелері бойынша мақалалар,сонымен қатар, ауқымды хронологиялық кезеңмен мерзімделетін материалдарға жүргізілген сараптамалық ізденістердің нәтижелері жинақталған.

3.Марғұлан оқулары-2020: «Ұлы Дала археологиялық және пәнаралық зерттеулер аясында» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция материалдары. Жинақтық екінші томында Қазақстан және шетел аумағында жүргізілген далалық археологиялық зерттеулер барысында алынған жаңа деректер топтамасы тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр.

4.Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар» Қазақтың аса көрнекті ғалымы, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, тарих, этнография, археология, филология, өнертану ғылымдарына айрықша еңбек сіңірген Әлкей Хақанұлы Марғұланның «Ежелгі жыр,аңыздар» кітабы сонау ғасырлар қойнауына жасаған тағы бір ғылыми саясатының жемісі болып табылады.

5.Әлкей Марғұланның шығармалары. Академик Ә.Х.Марғұланның                                     «Қазақстанның сәулет тарихы» монографиясы қола дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі құрылыс ісі мен сәулет эволюциясына арналған.

6.Әлкей Марғұланның шығармалары. Академик  Ә.Х.Марғұланның шығармалар жинағының бұл 13-томына бұрын ешжерде жарияланбаған қазақтың қазақ болып қалыптасқан сонау ерте тарихынан алғашқы қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдер туралы ой-тұжырымдары түйінделген,баға жетпес құнды мұрасы – «Древние казахские племена и образование казахского ханства» атты еңбектері ұсынылады.   

Әлкей Марғұланның 120 жылдығын тойлауға арналған ірі жобалар жоспарланған. Соның ең маңыздыларының бірі, қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойына орай «Qazaqstan» ұлттық арнасы төрт бөлімді «Әлкей Ғұлама ғұмыр» телехикаясын түсірілді. 

Осындай ізгі мақсаттың жалғасы негізінде Әлкей Хақанұлы Марғұланның  120 жылдығына орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Әлкей Марғұланның- ғылымдағы ғалымдық тұлғасы» атты ғылыми танымдық шарасы өткен болатын. Шара барысында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері өздерінің Марғұлантану зерттеулерімен бөлісіп, оқушыларға тарихи ақпарат жеткізді.  Шара негізінде  оқушылар мен студенттер арасында ғылыми байланыс орнады. Бұл кітапхана негізінде құрылған «Жас ғалымдар» оқырмандар клубының екі буын арасындағы ғылыми танымдық жұмысының жандануына себеп болды. 

Әлкей Марғұланның еңбектерінде бұрынғы қазақтардың арғы бабаларының яғни, көшпелі қазақтардың жері адамзат өркениетінің ежелгі орталығы ретінде сипатталды. Қазақ даласының сұлулығы мен ежелгі қалалардың кереметіне Марғұлан әрдайым бас иіп, үлкен ілтипатпен қарады. Әлкей Марғұлан тарихи шындықтың бетін ашып, сара жол салған ғалым. 

Балтабай Эленора Сұлтанқызы,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы,

«Ғылыми-зерттеу» бөлімінің кітапханашысы

Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы ғалымдық тұлғасы
«Асарлықтар» тазалық жұмыстарында белсенділік танытты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу