Елді 418 миссионер кезіп жүр. Барлығы дерлік – христиандар
Қазақстандағы діни ахуал – әрдайым жіті қадалауды қажет ететін сала. Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын осы салаға қатысты мәліметтерді жариялап отырады. Соңғы мәліметке назар аударайық: елде 4033 діни бірлестік бар екен, олардың басым бөлігі ислами бірлестіктер – 2890. Православие бағытындағы бірлестіктердің саны 349 құрайды. Одан кейінгі орындарға христиан дінінің түрлі бағыттары жайғасыпты. Елуіншілер – 225, баптистер – 192, пресвитериан – 98, католиктер – 94, адвентистер – 41 бірлестік. Діни бірлестік дегенде мешіт, шіркеу, синагогалар секілді мінәжат орындарын түсіну керек.
Есесіне елдегі ресми түрде жұмыс істеп жатқан 418 діни миссионерлердің барлығы дерлік христиан дінінің өкілдері. Онысы түсінікті де. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тұрғанда бізге өзге бағыттағы діни уағыздаушылардың қажеті жоқ. Еліміз әу бастан-ақ ислами радикалды миссионерлердің қызметіне жол бермеген.
Алдыңғы жылдардағы дерекке жүгінейік. Сол кезде елімізде тіркелген 486 діни миссионердің 416-сы шетелдік азаматтар болған. Олардың ішінде 272 католик, 42 православ, 59 елуіншілер шіркеуі, 22 пресвитериан шіркеуі, 17 жаңаапостолдық шіркеуінің өкілдері бар екен. Сонымен қатар иеговашылар, лютерандар, адвентистер, мормондар, баптистер де миссионерлік қызмет жүргізеді. Христиандардан бөлек 40-қа жуық кришнаит, бір-екі буддист миссионерлері тіркелген.
Айта кетерлігі, еліміздегі православие шіркеулері Ресейдегі Ресейдегі православ шіркеуіне бағынады. Қазіргі уақытта елдегі парвослав шіркеуі ресми сайттарда өзін “Қазақстан Республикасындағы Митрополиттік округ” деп атайды. Алайда былтыр Мәскеу Патриархаты бұл атауды өзгертуді талап етіп, «шіркеудің атауында міндетті түрде “Орыс православ шіркеуі” деген тіркес болуға тиіс екенін мәлімдеген болатын. Бұл талап өзге де ортаазиялық мемлекеттерге қойылды. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеудің мұндай қадамға баруына Украинадағы соғыс әсер еткен. Қазақстан тарапынан бұған қатысты қандай да жауап берілген жоқ.
Жалпы, миссионерлік қызметті заңға сәйкес жүргізу үшін арнайы тіркеуден өтіп, куәлік алу қажет. Бұған дейінгі жылдарда заңсыз миссионерлік қызметті жүргізгені үшін бірталай адам ұсталып, елден шығарылып жіберілген болатын. Әйткенмен, салалық министрлік миссионерлердің санын келтірумен ғана шектеліп отыр. Ал олардың қызметінің нәтижесі қандай, бір жылда қанша қазақстандықты өз дініне үгіттеп кіргізгені жайлы дерек мүлдем жоқ.


