Орыс мінезді келінім қазақша үйренем деп жатыр

Oinet.kz 03-11-2023 5239

Келінім қазақша үйренем деп жүр еді. Бұрын қосағымен өзінің ана тілі – жапон тілінде, сосын орыс тілінде, аракідік жекелеген сөздерді қазақша айтатын. Жапон тілі де алтай тобына жатады, бізге бір табан жақын, мәселен, қазақ «нан-пан» десе, «наны» бізде, «паны» соларда қалған. Жапондар Құраннан кейінгі қасиеттіміз – нанды «пан» дейді. Тамыры терең жақындығымыз келін келгелі шындыққа айнала бастағандай.

e97ca55beb9f255dc4540ad7d08643b0.jpg

Аяғы ауыр. «Аман-есен босансам қазақшаны компьютермен тез үйреніп алам ғой», – дейді ағынан жарылып. Сол сөзіне ырзамын. Сәбидің тілі қазақша шығу керектігін мен айтпай-ақ сездіріп отыр. Ақ көңіліне разымын. Жұмысын тастап, Жапониядан Қазақ Еліне кеп босанбақшы. Өйткені, сәбидің кіндік қаны қайда тамса, сол елдің азаматы боп қалады. Менің пайымым осындай. Азаматтық қабылдау деген актілер – құжаттың құлдарының тірлігі. Бұл – ырымға жаман, бір сөзді мың сөз қылуға жақсы-ақ нәрсе.

Ұзамай сәби келді дүниеге. Адам келді өмірге. Қазақтың азаматы, самурайдың жиені. Тұзды суға түсіріп алғасын, еміреніп еміп болғасын, қос саусағын шекесіне қойып, ұйқыға бөгеді. Мен «ойшыл» деп ат қойдым. Оянғанда «іңгә-іңгә» деп оянады. Кейде іңгәлап жер-дүниені басына көтереді де, аузына ана сүті тигесін сап тиылады. Ол іңгәлағанда үйдің іші жаңғырып, төрт қабырға жайнап кетеді. Есігі ашық балконнан сыртқа естіліп, көршілер: «Өмірге адам келіпті ғой» деп, «құтты болсын» айтып жатыр.

Бірде сырттай байқап қалдым, «іңгә, іңгә, іңгә!» деп, келінім ұйқыдағы сәбиіне еміреніп отыр. Әлде өзі де шарана күнінде іңгәлағанын ойлап, қиялдың шідерін босатты ма екен?  Тағы бірде бөлек тұратын бізге телефон соғып:

– Іңгә деген сөз нені білдіреді? – деп сұрады.

– Ол – сәбидің жанайқайы. Пенденің өзін-өзі білдіруі. Бұл – халықаралық сөз, жер бетіндегі сәбилердің тілі іңгәлап шығады, Жапонияның кішкентайлары іңгәламай ма?

– Осыны енді біліп отырмын. Бірақ, қазақтың іңгәсіндей іңгә ешкімде жоқ шығар. Ердәулет таза қазақша іңгәлайтын болды, – деп мәз болды.

Жер бетінде қазақтың іңгәсіндей іңгә жоқ. Іңгә – қазақтың көрген азабы мен бақыты, соны ХХІ ғасырдың басында туған, екпінді елу елдің көсбасшысы болатын азаматы шарана тілімен жер бетіне жар салып жатыр. Іңгә – бізден тараған сөз, себебі түркілердің тілі – тәтті тіл. Іңгә – санатқа кірмей қалған халықаралық тіл. Қазақтың іңгәсіндей іңгә жоқ жер бетінде.

Жапондар бізге жанымен берілген жұрт. «Ешкімге жаманаты жоқ, «ақырын жүріп, анық басып», атоммен азаптаған Американы іштей жарысқа түсіп, ілім-біліммен басып озған халық. Осы ғасырдың басында қазақ жерінде көмілген өздерінің тұтқын сүйектерін қазып ап, компьютермен ата-тегін анықтап, бәріне ескерткіш қоймақшы. Біздің ауылда да «Жапон базы» деген жер бар еді, соғыстан кейін тұтқын жапондар сол жерде сексеуіл сындырып, отын дайындаған. Кетерде құмның тасбақасын қап-қап қып пойызға тиеп алып қайтыпты. Құдаларыма осы жерді бір көрсету де ойымда бар. Олар Осакада самурай боп іңгәлап туып, қазақтың құмында сүйегі қалған қандастарының әруағына тәу етсін. Мал сойып, Құран бағыштасам да деймін.

«Іңгәлап» келіп, «Аллалап» кету – имандыға тән кейіп. Іңгә – шарананың ұлттық тілі. Сонда да қазақтың іңгәсіне іңгә жете ме? Оны келінім де мойындап отыр. Ердәулеттің іңгәсін дыбыс жазғышқа түсіріп ап, электронды байланыспен Киотодағы анасына тыңдатқанын да қуана, мақтана жеткізді маған.

Тіл – ана. Жаңа босанған ананың жаны да шарана жанындай нәзік. Ол бар шынын, жан сырын ақ сүтімен бірге ақтарып сап отыр. Ешбір ана кіндігі кесіліп, өзінен алыстай бастаған перзентінің бойынан жалғандық көрмейді.

Іңгәла, шарана, іңгәла!

Қаратаудан шыққан қазақтың іңгәсі Қызыл теңізге де естіліп жатыр...

2010 ж.

Қуандық Түменбай

Әже, сені сағынып жүрмін
Пәтерде қалған жүрек жылуы көзіме жас келтірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу