Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

Oinet.kz 30-10-2020 954

Oinet.kz хабарлайды - 10 қаңтарға белгіленген Мәжіліс пен мәслихат сайлауы бұрынғыдан өзгерек. Неге екені айтпаса да түсінікті.

Сайлау.jpg

Бұл жолы алғаш рет мәслихат партиялық тізім бойынша жасақталады. Мәжіліске баратын депутаттардың тізімін «Нұр Отан» бұрын-соңды болып көрмеген праймериз арқылы іріктеп жатқаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елген арнаған Үндеуінде осы жолғы шақырылымда парламенттік оппозиция институтының құрылатынын мәлім етті.  Мәжілістегі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы оппозициялық депутаттардан сайланады. Сонымен бірге оппозиция бір сессияда бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеруге құқылы. Өте тың бастама. Батыл қадам. Бірақ...

Иә, бірақ бәрі де бұл жолғы шақырылымда парламенттік оппозицияның шекпенін кімнің киетініне байланысты ғой. Егер оппозицияның рөлін биліктің сөзін сөйлейтін партиялар ойнаса, одан келіп кетер пайда қайсы? Бұл онда «бір қадам алға, екі қадам артқа» болып шықпай ма? Алда әлі де болса көп дүниелердің бұлыңғыр болып тұрғаны рас. 

Десек те, сайлауға коммунистер мен «Ақ жол» және «Ауыл» партиялары қызу дайындалып жатыр. 

Қазақстан коммунистік халық партиясы  11 қарашада партиялық тізім мен сайлауалды тұғырнаманы бекіту үшін Съезд отырысын өткізуді жоспарлап отыр.

«Партия мүшелері мен Мәжілістегі біздің фракция бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылауға бастамашы болды, сондай-ақ қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және жалпы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған маңызды заңдардың қабылдануына қомақты үлес қосты. Біз тиімді заңнамалық жұмысты, сондай-ақ жергілікті органдардың құзыретін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру үшін ҚКХП мүшелерінің Парламенттегі және мәслихаттардағы өкілдігін ұлғайтуға ниеттіміз», делінген партияның таратқан мәлімдемесінде.

– Азаматтық белсенділігі жоғары, өкілдік органдар арқылы өңірдің дамуына араласқысы келетін адамдар партия қатарына қосылып жатыр. ҚКХП-ға қатысты да осындай үдерісті байқап отырмыз. Белсенділердің көбі біздің идеология олардың көзқарастарымен сәйкес келетінін айтуда, – деді партияның Мәжілістегі фракциясының жетекшісі А.Қоңыров. 

Коммунистердің айтуынша, соңғы бір жарым айдың ішінде 800-ге жуық адам коммунистердің қатарын толықтырған. Партиялық тізімді құру және бекіту кезінде коммунистер атап өткендей, ең білікті кандидаттарға басымдық беріледі. Әлбетте, әйелдер мен жастарға да жол ашылады. Айта кетері, өткен жолғы сайлауда коммунистер жеті пайыз дауыс алып, Мәжілістен  жеті мандатқа иелік етті. 

 «Ақ жол» демократиялық партиясы да Қазақстандағы жетекші саяси ұйымдардың бірі ретінде аталған сайлауға өзінің қатысатынын мәлімдеді.

-Біз құрылған сәттен бастап барлық парламенттік сайлауға қатысып келеміз. 2004 жылы «Ақ жол»   партиялық тізімі бойынша 12% дауыс жинады, ал 2012 жылдан бастап Парламенті Мәжілісінде тұрақты түрде  парламенттік фракцияны құрайды. «Ақ жол»  демократиялық партиясы  алдағы уақытта да Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, парламенттік институттарды енгізуге, нарықтық экономиканы дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуге қызмет ететін болады,-делінген партияның мәлімдемесінде. «Ақ жол» партиясы да өткен сайлауда жеті пайыз дауыс алып, жеті мандатты иеленген болатын. 

Саяси додаға «Ауыл» партиясы да қатысады.

-Бұл - біз үшін үлкен саяси оқиға. Біз Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан саяси партияның бірі ретінде осы саяси науқанға қатысуға толық құқылымыз. Партиямыз құрылғалы жиырма жылда мақсатымыз, жұмысымыздың мазмұны, саяси платформамыз өзгерген жоқ. Соңғы бес жылда 52 мыңнан астам Қазақстан азаматы партия қатарынан көрінді. Партиямыздың идеясын қолдаушылар жылдан жылға өсіп келе жатыр. Алдағы сайлауға «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қатысуы туралы ұсыныс енгіземін, - деді партияның төрағасы Әли Бектаев. Егер партия бұл жолы төменгі палатадан мандат алатын болса, «ауылдық» мәжілісмендердің ішінде төрағаның өзі болмауы мүмкін.  Себебі Бектаевтың биыл тамызда өткен сайлауда сенаторлыққа екінші қайтара сайланып кеткені белгілі. 

Сайлау қарсаңында «Бірлік» партиясы да белсенділік танытып жатқан көрінеді. Ал Қазақстандағы билікке нағыз оппозиция саналатын, 160 мың мүшесі бар  Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының соңғы жылдары басшылары ауысып, өз ішінен береке-бірлік кете бастаған сияқты. 

Сонда парламенттік оппозиция болатын кім бар?

Аймағамбетов: «Оқушыларға даладағы дәретханаға баруға жол бермеуіміз керек»
Ауыз суға бөлінген ақша қайда кетіп жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу