Бухгалтерлер ісі: Алғашқы үкім күшіне енді
Түркістан облысында «Бухгалтерлер ісі» бойынша шығарылған үкімдердің алғашқысы күшіне енді.
Дәлірегі 5 қаңтарда Түркістан қалалық сотының Сауран аудандық білім бөлімінің экс-басшысы А.Батырбековаға, бөлім басшысының міндетін атқарған Т.Шегенбаевқа және бөлімде есепші болып жұмыс істеген Б.Жанәлі мен А.Пәрменовке қатысты шығарған үкімі Түркістан облыстық сотының апелляциялық алқасында қаралып, ешқандай өзгеріссіз күшінн енді. Енді сотталушыларға Жоғарғы соттың кассациялық алқасына шағымдану ғана қалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін де жазғанымыздай, Түркістан қалалық соты жоғарыдағы сотталушылардың бәрін қаржы жымқыру бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, есепшілер Б.Жанәлі мен А.Пәрменовке қатысты жазаны шартты деп есептеген болатын. Батырбекова мен Шегенбаев қазір түрмеде отыр. Алдын ала тергеу барысында сотталушылар Б.Жанәлі мен А.Пәрменов іш-жеген ақшаларын, яғни осы іс бойынша келтірілген материалдық зиян – 29,9 млн теңгені мемлекетке толық көлемде қайтарып қойған.
Апелляциялық алқа адвокаттардың келтірген уәждерінің бәрін негізсіз деп тапты.
– Бірінші сатыдағы сот іс бойынша келтірілген дәлелдемелерді толық, жан-жақты объективті түрде зерттеп, сотталғандардың айыпталған бап бойынша кінәлері дәлелденген деген дұрыс қорытындыға келген, – деп жазылған Түркістан облыстық сотының апелляциялық алқасы шығарған қаулыда.
Сот «А.Батырбекова мен Т.Шегенбаевтың ЭЦҚ кілттерін бергенімен, ақша қаражаттарының аударылғанынан хабары болмаған, сотталғандар Б.Жанәлі мен А.Пәрменовпен алдын ала сөз байласпаған» деген уәжді де назарына алған жоқ.
– А.Батырбекова мен Т.Шегенбаев өздерінің атынан ашылған ЭЦҚ жабық кілтімен қол қою қажет екенін, ЭЦҚ жабық кілттерін үшінші тұлғаларға беруге болмайды деген заңның талаптарын біле тұра, өздерінің заңсыз тапсырмалары мен әрекеттерін жасыру және келешекте мемлекеттік бюджеттен ақша қаражаттарын жымқыру әрекеттері әшкереленген жағдайда жауаптылықтан құтылу мақсатында өздерінің атына ашылған ЭЦҚ жабық кілттерін және өздерінің текелей ақша қаражаттарына қатысты құжаттарға қол қою өкілеттіктерін бас есепшінің міндетін атқарушы Б.Жанәліге берген, – деген тұжырым жасаған алқа.
Алайда ЭЦҚ кілтін бас есепшіге беру қаржы жымқыруға жатады ма? Қаулыда «сотталушылардың қылмысы Б.Жанәлі мен А.Пәрменовтың берген жауаптарымен де дәлелденді» деп тапқан. Алайда алғашқы сатыдағы сотта Б.Жанәлі мен А.Пәрменовтың басшылары А.Батырбеков мен Т.Шегенбаевтың бұл іске ешқандай қатысы жоқ, ақшаның бәрін өздері жегені жөнінде жауаптар бергені ескерусіз қалған. Бұл іске енді Жоғарғы сот не айтар екен?
Бұған дейін Түркістан облысында «Бухгалтерлер ісі» бойынша Сарыағаш, Келес аудандық білім бөлімдерінің есепшілері, бұрынғы және қазіргі басшылары сотталған болатын. Дәл осындай сот отырыстары Мақтаарал, Жетісай аудандарында жүріп жатыр. Ал Шардара аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің ісі Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралуда.