Ғалым. Ұстаз. Қайраткер (Оңалбай Аяшев хақында)

Oinet.kz 30-11-2020 2656


Оңалбай Аяшев 5.jpg

2011 жыл. Оқу жылы аяқталуға жақын қалған. Оңтүстіктегі білімнің қара шаңырағы, тарихы терең оқу ордасы үшін үміт пен күдік, сенім мен күмән қатар алмасқан өлара уақыт. Табиғат заңы күрделі. Тағдыр тәлкегіне жеке адам да, тарихы тереңге кеткен ұжым да ұшырайтынына ел куә болған кез. Тексеруден көз ашпаған университеттің жабылары я қайта мемлекеттік мәртебеге ие болары белгісіз сол шақта  «қандай шешім қабылданады екен?» деген сауал ұжымды ғана емес, осы оқу орнымен тағдырлас барша жанның көңілін күпті еткен. Ақ түйенің қарны жарылып, алақайлап сүйінші сұрар күннің туатынына біреу сенді, біреу сенбеді. Ақыры күмән сейілді, күдік келмеске кетті. Үміт ақталып, сенім жеңіске жетті. Материалдық-техникалық базасы жарты ғасыр бойы жаңартылмаған, заманауи құрал жабдықтардан жұрдай, жетпіс бес жыл көлемінде жиналған сирек кездесетін кітап қорынан айрылып, ғалымдары тарыдай шашырап жан-жаққа тарап кеткен бұл оқу ордасының келешегіне алаңдаған ардагер ұстаздардар мен қайраткер түлектердің жанайқайы жоғарыға жетті. Ия, 1993 жылы дербестігінен айрылып, 15 жыл бойы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрамында, одан кейінгі үш жыл жекеменшік оқу орны  болған білім ордасы Үкіметтің 2011 жылғы 28 маусымдағы №722 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта құрылды. Бастауын ел басына күн туған 1937 жылдан алатын білім ордасы 2011-2012 оқу жылын жаңаша бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қамқорлық танытуы институт ұжымына ерекше серпіліс сыйлады. Соның нәтижесінде алғашқы жылдардан-ақ оқу орны бәсекелестікке қабілетті, озат тәжірибелі мамандары бар, белгілі білім-ғылым ордасына айналды. Сол тұста ел арасында «шын мұғалім болғың келсе, ОҚМПИ-ға бар» деген пікір қалыптасты. 

Оңалбай Аяшев 1.jpg

«Көргені жақсы көш бастар»

Мұның барлығының басында институт ректоры, ғалым-ұстаз, бүгінде ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев тұрды. Қазақта «көргені жақсы көш бастар» деген ескіден жеткен есті сөз бар. Кезінде осы оқу орнында оқып, студент болған, оқытушылық қызметтен бастап проректорлыққа дейін көтерілген Оңалбай Аяшұлының тағдырлы тарихи оқу ордасына ректор болып тағайындалуын ұжым қуана қабылдады. Есімін ырымдап, жағдайымыз оңалар деп Оңалбай қойған ата үміті ақталды: ОЛ отбасын ғана емес, тарихы терең жоғары оқу орнын оңалтты. Қаңыраған ғимараттан басқа ештеңе қалмаған, қолға ұстайтын бір зат жоқ институтқа алғаш келген күні марқұм ардагер-ұстаз  Әмір Мұсақұлов  сынық орындыққа отырып, батасын берді. Институттың тарихын терең білетін басшы келген күннен бастап келер жылы 75 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған оқу ордасының байырғы ұстаздарын ұжымға шоғырландырып, жаңашыл жастарды жинап, тарихи оқу ордасын қайта қалпына келтіруге кірісіп кетті. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне институтты әр кезеңде басқарған ректорлар мен оқу ордасын өркендетуге еңбегі сіңген ұстаздар, қайраткер түлектер туралы көлемді мақалалар жазып, жариялады. Мерейтой қарсаңында барлық мақалаларды топтастырып,  «Жүректе қалған тұлғалар» атты кітап шығарды. 

Тағайындалған сәттен күн-түн деместен, уақытпен санаспастан институтты әбден зерттеп, зерделеген Оңалбай Аяшұлы жоғарыдан қаржы бөлінуін күтпестен өз қаражатына жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Бас ғимараттың бірінші қабатына оқу орнының тарихынан сыр шертер стендтер мен институтты 1937 жылдан бастап басқарған ректорлардың портретін салдырып, көрнекі етіп ілгізді. Институт күн санап түрлене берді. Оқу ғимараттары мен жатақхана ғана емес ұжымдағы оқытушылардың киім киісі мен жүріс тұрыстары да келбеттене түсті. Эстет  басшының талабы бойынша болашақ мұғалімдер даярланатын білім ошағында бәрі де сұлулыққа сай болуы керек еді. Түрлі тақырыпта салынған картиналар ілінген оқу ғимараттарының коридорлары кішігірім галереяға айналды. Аула біткен көгалдандырылып, қаз-қатар ағаштар отырғызылды. 

Уақыт — жан-жақты дамудың кілті екенін іскер басшы күн санап дәлелдеді. 2012 жылы арнайы қаржы бөлініп, институт 75 жылдық тарихында алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Мерейтойға аз уақыт қалғанына қарамастан қатаң талап пен тәртіптің нәтижесінде институт ширек ғасыры кем мерейтойын жаңаша келбетте қарсы алды. Бұл – Оңалбай Аяшұлының талапшыл болмысын көрсетер бір ғана мысал. 

Тәуекелшіл, шешімді тез қабылдайтын басшының жоғары талабының үрдісінен шығу ұжым үшін алғашында аздап қиын болғаны рас. Кейде елес сынды жағдайды ақиқатқа айналдырғанда «бұл қалай» деп таңырқағандар да болды. Сол күрделі жөндеу өтіп жатқан 2012 жылдың қыркүйегіне таяу сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті, бүгінде  Парламент депутаты Сауытбек Абдрахмановтың 60 жасқа толған мерейтойы облыста аталып өтті. Институт ректоры мерейтой иесін оқу ордасына шақырғанын, екі сағаттан соң кездесу өтетінін хабарлағанда жауапты қызметкерлер мәжіліс залы мен дәрісханаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан кездесу ұйымдастыру қалай болар екен деген сұраулы жүзбен ректорға қарағанда, басшы «дайындалыңдар» деп, қысқа қайырды. Айтылған екі сағатта кітапхананың оқу залын ретке келтіртіп, қонақтарды бастап кіріп келді. Мерейтой иесінің ұстаздары Ә.Кекілбаев, С.Қасқабасов, С.Оразбаев сынды ел ағалары мен поэзия патшайымы Ф.Оңғарсынова қатысқан кездесуде ине шаншыр орын болмады. Естіген жұрт институттың шағын оқу залына қарай ағылды. Жыр оқылып, тамаша естеліктер мен жан жадыратар жылы әзілдер айтылған ерекше әдеби кеш болды. Күрделі жөндеу жүріп жатқанда шаң-тозаңның арасында қалай болады екен деген қауіпті ректордың батыл шешімі ғана емес, кездесудің әдемі атмосферасы алғашқы минуттарда-ақ сейілтті. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай жазушы Мархабат Байғұтпен болған алғашқы жүздесуден бастап университетке келген қонақтармен болған барлық кездесуді өзі жүргізуі - Оңалбай Аяшұлының көп басшыда кездесе бермейтін ерекше қыры. Оны әдеби кештердің кейіпкерлері де атап өткен болатын.

Оңалбай Аяшев 2.jpg

Өнегелі өмір жолы

Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны да рас. Бірақ, бәрі емес. Білім ордасының алғашқы ректоры Семен Германович Шейнессоннан бастап,  Шымкент педагогика институты болып тұрғанда басшылық еткен Мырзаш Сәбденов, Иннокентий Туманов, Әділ Ермеков, Байұзақ Ермекбаев, Мырзахан Сәрсенбаев, Әшім  Омаров, Керімбек Сыздықовтардың, ХҚТУ-ға қосылған соң басқарған Ә.Аширов, Л.Тәшімов, Ж.Оңалбектердің де оқу ордасының тарихында өзіндік орны бар.  Ал Оңалбай Аяшұлы басқарған жылдардың жемісті қолтаңбасы оқу ордасының тарихында алтын әріптермен жазылары ақиқат. 

Бүгінде жетпістің желкенін еркін керген Оңалбай Аяшұлының өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі. Сарыағаштағы М.Әуезов мектебін бітіріп, Қапланбек зооветеринарлық техникумын зоотехник, Шымкент  педагогикалық институты мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ды мұғалім, оқытушы мамандықтары бойынша тәмамдаған Оңалбай Аяшұлы алғашқы еңбек жолын 1965 жылы Б.Майлин атындағы мектептің пионер ұйымының жетекшісі болып бастаған.  Шымкент педагогикалық институтында Теория және әдістеме кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, Студенттер кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін атқарған біздің кейіпкеріміз 1980 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық институтының аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 1983 жылы осы институтта кандидаттық диссертация қорғаған. Қайта оралып, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерінде абыройлы еңбек ете жүріп,  1989 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының докторантурасына оқуға қабылданады. Докторлық диссертациясын 1991 жылы  сәтті қорғап шыққан Оңалбай Аяшұлы 1992 жылдан 1994 жылға дейін М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында факультет деканы, проректор қызметтерін атқарады. 1994 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Вице-президентінің орынбасары, М. Әуезов атындағы Шымкент институтының директоры, 1996 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Сырдария жоғары колледжінің ректоры, 1997 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Жетісай оқу орталығының директоры, 1998 жылы Сырдария мемлекеттік емес университетінің Президенті қызметтерін атқарады.

2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінің ІІІ шақырылымының депутаты, мәдени-әлеуметтік даму комитетінің хатшысы болып сайланып, Мақтарал ауданының көптен күткен «Мақта шаруашылығы саласын дамыту» туралы заңын қабылдауда, Көксарай жобасында белсенділік танытқанын жұртшылық жақсы біледі. Ұзақбай  Қараманов, Мұхтар Шаханов, Сатыбалды Ибрагимов, Амангелді Айталы, Амалбек Тшанов, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, тағы да басқа елім деп, жерім деген ел таныған азаматтармен қатар өз ойын ашық айтып, өзекті мәселелерді дер кезінде көтере білді және оның орындалуын Үкімет мүшелерінен талап етті. Мақтаралдағы суармалы жердің гектарының құнын 204 мың теңгеден 131 мың теңгеге төмендеуіне ықпал еткен О.Аяшев Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге құнды ұсыныстар жасап, халықтың мәдени-әлеуметтік жағдайларын жақсартатын заңнамалармен түпкілікті айналысты. Оралмандардың елге оралуына ықпал етті. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы жан түршігерлік жағдай  - СПИД мәселесін көтеріп, нәтижесінде Үкімет Шымкенттегі қан құю орталығының құрылысына 6,5 млрд қаражат бөлді. Мақтарал ауданындағы орталық аурухананың құрылысын аяқтауға Республикалық бюджеттен 2 млрд 300 млн теңге бөлдіріп, 240 орындық аурухана мен бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхананың салынуына мұрындық болды. 2010-2011 жылдары «Самұрық-Қазына-Астана» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары болып қызмет атқарып, 2011 жылы қарашаңырақты қайта түлету үшін елге оралды. 

Ұлт Көшбасшы, Тұңғыш Президет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектерін насихаттайтын «Президенттің назары» (2008ж.), «Елбасы» (2010ж.), «Тәуелсіздік» (2011ж.) және «Елбасы сүйген Оңтүстік» (2011ж.), ұстаздық жолдағы тәжірибелерімен бөліскен «Жүректе қалған тұлғалар» (2012ж.), «Ұстаздың базалық білімі» (2014ж.), «ОйСерік» (2014ж.), «Философия формирования профессиональной готовности будущих учителей» (2016), «Жас ұстазға 100 бағдар» (2016), «Мышление учеников начальных классов» (2016), «Елбасы шапағаты.100 сөз» (2016) деген еңбектердің авторы. 

2015 жылы 12 қабатты, 500 орындық  «Студенттер үйінің» құрылысын мерзімінен 5 ай бұрын аяқтап, студенттердің  пайдалануына берілуіне ықпал етті. 2017 жылы оқу ордасы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынынан еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде алғашқы болып коммерциялық емес акционерлік қоғам болды. 80 жылдық мерейтой аясында институтқа университет мәртебесі берілді. Мұның барлығы оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстарының шебер ұйымдастырушысы іскер басшы Оңалбай Аяшұлы мен ұжым еңбегінің нәтижесі болатын.

Оңалбай Аяшев.jpg

Еткен еңбектің жемісі

Оңалбай Аяшұлы оқу ордасын басқарған жылдары қазақстандық білім беру үдерісіндегі талаптар мен міндеттерді жүзеге асырушы басшы ретінде өзін жан-жақты көрсете білді. Болон процесі белгілеген міндеттерге сәйкес университеттің оқу жүйесін академиялық ұтқырлық, еркіндік принциптері негізінде қалыптастырды. Ол басқарып отырған жылдар ішінде Батыс Еуропаның танымал жоғары оқу орындарының ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері студенттергеа лекция оқып, институттың оқытушы-профессор құрамымен бірлескен оқу-әдістемелік, ғылыми жобалар жүргізді. 2015 жылы институт  институционалдық және мамандандырылған аккредиттеутен табысты өтті.

Ғалым-ұстаз 200-ден астам ғылыми мақалалар мен жиырмадан астам оқу-әдістемелік құралдың, 20 оқулықтың авторы. Ол Ресей Федерациясы педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар академиясының (1995), Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының  (1998), Қазақстан Республикасының Педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі (2015), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (2020). 

Облыстық мәслихаттың 5,6-шақырылымының депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының, Мақтарал ауданының «Құрметті азаматы» О.Аяшевтың кеудесінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР тәуелсіздігіне – 10 жыл», «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «ҚР Парламентіне – 10 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік төсбелгілері  жарқырайды.

Бірнеше рет «ҚР Президентінің Алғыс хатымен» марапатталған ғалым-ұстаз  «Оңтүстік Қазақстан облысының «Үздік ғалымы»,  «Primus Inter Pares», «Даңқ Жұлдызы»,  «Звезда славы. Экономика Казахстана», «Сала Көшбасшысы», «Союз Национальных бизнес – рейтингов» атақтары мен  «Құрмет», «Слава нации», «Парасат» ордендерінің иегері.

2016 жылы ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын анықтау мақсатында «Жыл адамы» жобасын жариялаған«Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталының байқауында республика бойынша «Жылдың үздік ректоры» атағын иеленуі Оңалбай Аяшевтың ректорлық еңбегіне берілген әділ баға болатын.

Отбасында жеті ағайынды біздің кейіпкеріміздің балалық шағы сол кезеңдегі ауыл балаларынан ерекшеленбейді. Қорасындағы 4-5 малмен күн көрген отбасындағы әр баланың ең сүйікті асы – шешелері пісіріп, дорбаға ілген нан болатын. Өмірден ерте өткен әкенің орнын жоқтатпауды мұрат тұтқан аяулы ананың еңбегі ақталды: ұлдары мен қыздары өмірден өз орындарын тапты. Оңалбай Аяшұлы да бауырларымен бірге бала кезден қара жұмыс істеді, бесінші сыныптан бастап мақта терді,  еңбекке араласты. Өмірлік сабақ ала жүріп, ерте есейді.  

ОЛ – үлкен жүрек иесі. Студенттерге рухани әке, жастарға жанашыр аға, әріптестерге қамқор басшы бола білген Оңалбай ағай басқарған жылдары университет оқытушы-профессорларының барлығына дерлігі Білім және ғылым министрлігі облыс, қала әкімдігі мен мәслихат, ректор тарапынан алғыс хаттармен, медаль, ордендермен марапатталды. Алғыс жауған, кеудені медаль, орден жапқан мұндай кезең оқу орны тарихында бұрын-соңды болмаған. 

Ғалым-ұстаз О.Аяшев өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің бәрін зердесіне ұзақ сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, өзі араласқан оқиғалар мен жағдайларды есте сақтау қабілеті жоғары адам. Бұған күнделікті жұмыста, университет тарихына қатысты бірнеше кітап, журналға редакторлық жасаған кезеңде көзім жеткен. Ардагер ұстаздардың (өмірден өткен, көзі тірісі бар) аты-жөні, атқарған қызметі, туған жылы мен айы-күні, оларға қатысты оқиғалар, оқу ордасында өткен маңызды іс-шаралар туралы нақты, дәл деректі тура айтуы, бала шақтан бүгінге дейін оқыған кітаптарының мазмұнын ұмытпауы, тіпті телефон нөмерлерін жатқа білуі мені ғана емес әріптестерді де таң қалдыратын. Мүмкін бұл ақиық ақын Төлеген Айбергеновтей ұстаздың шәкірті болғаннан соң шығар?! Шәкірттерінен таза әдеби тілде көркем сөйлеуді талап етіп,  шығарманы мазмұнды жазуға тәрбиелеген, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық журналдар, газеттер оқуға дағдыландырған ұстаз оқушыларын ойын ашық, анық жеткізуге машықтандырған екен. Бұл туралы Оңалбай Аяшұлы өз естеліктерінде атап өтеді.

ОЛ - шындықты сүйіп, жалғандыққа қарсы тұра білуімен биік.  Оған бірнеше рет куә де болдық. Мұны әріптестер де қолдап, қуаттайтыны анық. Қарапайымдылығы мен кісілігін жоғалтпастан, өзін пасық істердің бәрінен жоғары қоя білген, игі істерге ықыласты, жақсы істердің ұйытқысы, жасампаздыққа жолбасшы бола білген басшының шарапатын көргендер көп. Тіпті осы қасиетін жеке бас мүддесіне пайдаланғысы келетіндерді біле тұра кешіріммен қарап, кеңдік танытуы – көп нәрсені ұқтыратын.  

Оңалбай Аяшұлы – әділдігімен есте қалған басшы. Еңбекті бағалап, қажет болса рухтандырып отыруды ұмытпайтын. Жазалау ол үшін ең соңғы орында еді. Шығармашылықпен айналысатын адамдардың ерекше жаратылысына түсіністікпен қарап, олардың еркін шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасады. Университеттің атын түрлі деңгейде шығарып жүрген студенттер мен оқытушы-профессорларды дәріптеп, олардың еңбегін үздіксіз насихаттап, өзгелерге үлгі етіп отырды. 

Ол қажет деп тапқан істі жүзеге асыруға келгенде шұғыл шешім қабылдап, қорқыныш пен жасқану дегенді білместен бірбеткейлік пен батылдық танытатын. Өз идеясын жүзеге асыруға келгенде сенімді, жалтақтамай шешім қабылдай алуы оны көп басшылардан ерекшелендіреді. 

Мұғалімдік – ізгілікке құрылған  интеллектуал мамандық болса, сол ерекше маман иелері даярланатын жоғары оқу орнының басшысы да стратег, аналитик, психолог, педагог, салқынқанды оратор, мотиватор болуы тиіс емес пе?!  Оңалбай Аяшұлы мықты стратег ғана емес, асқан шебер ұйымдастырушы, іскер. Білім саласындағы менеджерлер үшін  IQ мен  EQ өте маңызды. Кәсіпкерлік дағдыға ие мықты менеджер ұжымның дамуы мен педагогтар арқылы әрбір шәкірттің биік белестерді бағындыруын да назардан тыс қалдырмайды. Бұл тұрғыда жаны позитивке толы, ізденіс пен жаңалыққа құштар Оңалбай Аяшұлы – креативті ойлардың, жаңа идеялардың бастауы еді. Ғалым-ұстаз басқарған тұста университеттің 3 оқу корпусы мен 4 студенттер үйі заманға сай материалдық-техникалық базамен толық жабдықталып, студенттерге ғаламтор тегін, қолжетімді болды. Оқу корпустарында арнайы демалыс бұрыштары жасалды. Жаратылыстану бағытындағы пәндерге арналған отызға жуық зертхана, бірнеше лингофонды кабинет, ағаш, темір, тігін, қол өнер шеберханалары, робототехника зертханасы, арт-терапия кабинеті, кіші баспахана, кітапхана мен оқу залдары - ¬ іскер басшы мен ұйымшыл ұжымның ортақ жеңісі.

Оқу-білім, ғылым мен тәрбиені қатар алып жүруді ескерген басшы университетте «Нұр шаңырақ» студенттер театры мен «Ұлттық мұра» студенттер мұражайын, «Көркем әдебиет» «Назарбаев», «Рухани жаңғыру», «100 жаңа оқулық» орталықтарын, «Рухани жаңғыру» алаңын,  алты ақысыз  «IT-SYNYP» пен түрлі үйірме, клубтар ашты. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануына барлық мүмкіндіктер жасады. О.Аяшев басқарған жылдары оқу ордасы ҚР педагогикалық жоғары оқу орындары арасында рейтинг бойынша 5-орынға шықса, 9 мамандық “Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінен  алғашқы үштіктен көрінді. Оқытушы-профессорлардың ғылыми дәрежесі мен атағы – 52,5%-ға көтеріліп, 100% біліктілігін арттырды. Студенттер саны бес мыңға дейін көбейді. Мемлекеттік білім беру гранты бойынша қабылданатын студенттер саны да жыл санап өсіп отырды. 

Оңалбай Аяшев 3.jpg

Іскерлік философиясы

«Еңбекқорлық, ұлттық мақтаныш, принциптілік – сайып келгенде, осы қасиеттердің бәрі де халықтың тұрмыс салты мен ұлттық мінезінен шығады». Екі ғасыр бұрын Шоқан Уалиханов айтып кеткен бұл қанатты сөз Оңалбай Аяшұлына да қатысты. «Іскерлік философиясын» терең меңгерген білікті басшының атқарған барша ісін тізбелей баяндасақ айтып тауыса алмас дастан болар еді. Айтыскер ақын Біржан Байтуов, Дәурен Ақсақалов, Әнапия Нұрғали сияқты жыр өнерінің жүйріктерін  оң қанатына алып, бұл қамқорлықтан  спорт саңлақтарын да тыс қалдырмауы, өткен ғасырдың соңғы жылдарының еншісінде қалып қойған институтаралық ақындар айтысын  алғаш рет жарыққа шығарып, қомақты жүлде тігіп, республикалық деңгейдегі сөз сайысымен жастарды сусындатуы – Аяшев атқарған істердің бір парасы ғана. Оқу орны жанынан әлемге әйгілі шахматшы қыз Жансая Әбдімәліктің арнайы мектебін ашып,  ауыр атлетикадан чемпион Жазира Жаппарқұловаға берілген  екі бөлмелі ескі үйге 2,5 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстарын  жүргізіп беруі, әлемнің төрт дүркін чемпионы Надежда Ноғайдың әжесімен  бірге пәтер жалдап тұратынын біліп,  стипендия төлеп, жәрдем беруі спортқа деген жанашырлығы болатын.

Ғалым-ұстаз «шығармашылық еңбекке, ойлылыққа үйренген тұлға әр уақытта мәдениетті болып келеді.  Көп білу тек кітап бетіне көп үңілуде емес, оның сыры көргенің мен оқығанды көкірек көзіне тоқи алуында. Уақытты игеріп, сана мүмкіндігіне сай білім сіңіре білуде. Айналаға оймен зер салудың негізі қайда? Негізі – сабырда. Орыстар айтпақшы, мына өмірде асыққан жөн, бірақ, байсалды болу керек» дегенді айтып, әріпестеріне өзінің іс-әрекеттері арқылы үлгі бола білді. Бүкіл ұжымға «біздегі ең лауазымды тұлға – студент» дегенді жастарға жасаған қамқорлығы арқылы ұқтырды. 

Осы орайда Оңалбай Аяшұлының әр кезеңде айтқан үзік ойлары еске түсіп отыр: «Биіктерді бағындырамын деген адам білімін жетілдіріп, ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтағаны абзал. Басқару мәдениетін меңгермеген, психологиядан хабары жоқ, қарамағындағылардың жанарын «оқи» алмайтын адам жақсы басшы бола алмайды. Білімді адам үшін, ең қорлығы – білімсіз адамның қол астында жұмыс істеу. Өзіндік көзқарасы жоқ адамнан қоғамға пайда да жоқ. Басын шұлғып сені үнсіз қостай беретін «жанашыр» жаннан, ойыңа ой қосар сыншы артық. Адамды аяулы ететіні – оның адалдығы. Адал, жүрегі таза адамның еңбегі адал, жаны да, тәні де көркем.  Әрбір адам өзінің шыққан биігінде қалуы үшін де ізденуді, еңбектенуді бір сәтке тоқтатпауы керек. Керек кезінде кішірейе білу - кісіліктің белгісі. Адамның іс-әрекеті - оның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Ашуға ерік беріп, артынан өкінген жан - өз қателігін өзі түсінген адам. Өз бойындағы қателіктермен жұмыс жүргізе алатын адам өзгені де тәрбиелей алмақ. Жас кезінде абыройға қызмет етсең, жасың келгенде абырой саған қызмет ететін болады».  

Оңалбай Аяшев 4.jpg

Осылай жалғастыра беруге болады. 

Мерейтойлық мақалаға ғалым-ұстаздың бар өмірі, атқарған еңбегін сиғызу мүмкін емес. Замана көшінен қалмай, уақыт тынысын дөп басып, тайсалмастан тиісті жерде қажетті пікір айтып, ойын ашық білдіретін Оңалбай Аяшұлы өзіне аманат етілген жанға аса мұқият қарап, жауапкершілікпен күте білетін бекзат болмысты жан екендігін оны танитындар жақсы біледі. Ерік-жігер, күш-қуаттың жас талғамайтынын жаратылысымен дәлелдеп келе жатқан ғалым-ұстаз бүгінде шәкірт тәрбиелеуде. Әр сабағына асқан ыждағаттылықпен дайындалып, кәсібіне  атүсті қарамайтын ұстаз сабақты да жанын беріп түсіндіреді. 

ОҚМПУ-дың қайта түлеп дәуірлеуі – Оңалбай Аяшұлының есімімен тығыз байланысты. ОҚМПУ мен Аяшев – егіз ұғым.  

Ғалым-ұстазға деген ұжымның құрметі бөлек, көңілі ерек. Бүгінде Аяшевтің мектебінен шыққан сан алуан кадрлар еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Ұстаз бақыты – шәкірт құрметі. Бұл тұрғыдан, ағай - бақытты. Ізгі ниетті, тілектес шәкірттер лебізі мен құттықтауында шек жоқ. Біз де жетпіске жастықтың жалауын жықпай жеткен Оңалбай Аяшұлына мықты денсаулық, күш-қуат, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз. Өзі еңсесін тіктеген қасиетті қарашаңырақтың 85, 90, 95 жылдық, ғасырлық мерейтойларында құрметті қонақтармен бірге жылы жымиған риза кейіппен төрден көре берейік дегіміз келеді. 

Жақұт жүрегіңіз жүз жасасын, Ұстаз! 

Мерейтой құтты болсын!

Қарлығаш САПАРБАЕВА,

ОҚМПУ, филология ғылымдарының кандидаты

Сайлау 10 қаңтарда өтеді
Экс-депутат Елекеев Жаңаөзен оқиғасын кім ұйымдастырғанын жорамалдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу