Әбдіжалил Арысбаев. Адамгершілік ілімі – Абай шығармаларында

Oinet.kz 24-04-2021

Абайды біз не үшін оқып, неліктен түсініп қана қоймай, қал-кадырымыздың жеткенінше түсіндіруіміз керек? Қанша жерден құбылтып, құйқылжытып, түрлі стильде, алуан терминдерді қолдана отырып сойлесек те, Абай мұрасының күллі мазмұны адамды тәрбиелеуге, адамгершілік ілім бұлақтарынан нәр алуға жетелейді. Екінші сөзбен айтқанда, Абай мұрасы – адамгершілік ілімінің қайнары.

Screenshot_4.jpg

М.О. Әуезов Абай мұрасының нәр алған, толысқан, кемелденген рухани бұлақ көздерін «Абай ақындығының айналасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы» атты еңбектерінде: төл әдебиет пен халық даналығы, Шығыс руханияты және орыс, сол арқылы Батыс әдебиеті мен мәдениеті деп атап-атап көрсеткен. Алайда, Абай нәр алған осы айтылған рухани бұлақ көздерінің әрқайсысы күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі талай-талай зерттеулерге жүк болған ауқымы зор күрделі кең тақырыптар. Профессор Мекемтас Мырзахметұлы дәлелдеп көрсеткендей  Абайдың ақындық кітапханасы, сол дәуірдегі осы үш мұра көздері өкілдерінің шығармашылық әдеби бағыттары мен олардағы идеялар, олардың Абайдың әдеби көзқарастары мен адамгершілік ой-танымдары, азаматтық ұстанымдарына сәйкестігі сынды қадау-қадау мәселелері бар. Сондықтан бұл шағын мақалада осы аталған рухани бұлақ көздерінің ішіндегі төл әдебиет пен халық даналығынан Абайдың алған рухани нәрлерін кемеңгердің өмір жолымен, рухани кемелдену эволюциясымен байланыста ала отырып, Абай мұрасындағы адамгершілік ілімін бүгінгі заман жайымен сабактастыкта карастырмақпыз.

Қазақ халкының Шоқаннан соңғы ғұлама ғалымы (ол Абай хакім) Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқыш» атты әдебиеттану ғылымына арналған ғылыми еңбегінде өнер түрлерін жіктеп, саралай келе, сөз өнерін арнайы теориялық тұрғыда зерттеп, оның мақсаты мен міндеттерін айқындап, әдебиет сөз өнері болса, оның басты мақсаты - адам тәрбиелеу екендігін дәйектеген. Ғалымды бұл байламға әкелген Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты сөз өнеріне принципті талаптар қойған атақты өлеңінің әсері болғаны даусыз. Мұны М.О.Әуезовтің «Абай Құнанбаев» монографиясындағы осы өленге қатысты: «Халықты тәрбиелейтін анық ұстаздық сөз - өлең деп қарайды», - деген тұжырымы да нақтылай түседі. Сондықтан да Абай өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінің Шығыстык, Батыстык және ұлттық ең таңдаулы жауһарларын оқып, игеріп, солардағы озық идеяларды өз шығармаларында өрістетіп дамытты. Бұл орайда ол өзіне дейінгі әдеби-философиялық мұралардағы идеяларды өзінің сау акыл, ыстык жүрегінің сарабына салып, қорытып, өз заманының коғамдық-саяси жағдайлары, халықтың рухани хал-күйі, келешек мүддесімен байланыста алып, жаңаша әдеби бағытта дамытты. Сөйтіп, әлемдік ақыл-ой қайнарларынан және өз жанынан сұрыптап алған асыл құндылықтарды өзінің көркем мұралары арқылы өз заманына ғана емес, келешек ғасырларға да рухани азық боларлық өлмес сөз, өшпес өсиет етіп ұсына білді.

Осылардың алғашқысы «қазақ халқының есте жок ескі заманынан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халыктың ауызша әдебиет қоры»  десек, Абайды Абай еткен ең басты қайнар да осы төл руханияттан басталады. Мұны М.О.Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты еңбегінде Абайдың нәр алған рухани бұлақ көздерін көркем тілмен кең арналы өзенге теней келіп, «Ұлы арнасы мен жол арнасының түп-түбімен шығып жатқан қайнар көздер – ақынның негізгі қазақтық тұлғасын құрайды», – деп баса суреттеген.

Абайдың осы төл руханияттан нәр алуы бала кезден басталған. Әжесі Зере, әкесі Құнанбай, аналары Ұлжан мен Айғыз, ел ішіндегі өнер жаршылары: ақындар, билер, шешендер, күнделікті өмірдегі ұлттық шаруашылық қалып, содан туған салт, ұлттық мінез, дәстүр, ғұрып, өнер түрлері, осының бәрі – Абайдың алғашқы нәр алған рухани арнасына құяр сағалары болды. Абай осы руханияттың озығын бойына сіңірді, тозығын сын тезіне салды. Мәселен, Абайдың бала күнінде суырып салып айтқан экспромт өлеңдерінен бізге жеткен алғашқы «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» өлеңінде-ақ қазақ дәстүріне кереғар жайт сынға алынады. Сөйтіп Абай төл әдебиет пен руханияттан алған үлгі-өрнектерді дамыта отырып, ұлттық әдебиетті жаңа сыншыл реалистік бағытқа бұрды. Бұл жолда ескілікті кертартпа кемшіліктерді сынады, халқын адамдык асыл қасиеттерді бойына сіңіруге, білім-ғылымды игеруге шақырды. Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым» деген сөзінде, қазақтың бойындағы мын кеселге карсы күресі тұрса, «Интернатта оқып жүр» («Ғылым таппай мақтанба» осы өлеңнің жалғасы) өлеңінде халықтың келешегі ғана емес, әр адамның екі дүниедегі ғұмыры да білім-ғылымға байлаулы екендігін айтқан. Неге десеңіз, адам баласы жан мен тәннен тұрады. Тән бұл дүниеде (фәни дүние) калып, жан о дүниеге (бақи дүние) өтеді, яки тән өткінші, жан мәңгі. Абай осы өлеңде «Интернатта оқып жүр» («Ғылым таппай мақтанба» осы өлеңнің жалғасы) адам жаны мен тәніне керек бес түрлі жақсы қасиеттерді атап айтады. Олар: талап, еңбек, терең ой, канағат және рақым. Енді ойлап көріңіздер, талап пен еңбек бұл дүниеде тән үшін керек, алайда оның жеткен нәтижесі жан қоштауын туғызады. Келесі терең ой бұ дүниеге де, о дүниеге де, тән үшін де, жан үшін де керек. Себебі терең ойдың жемісі бұ дүниеде тәнді ракатка бөлейтін дүниелік ғылымдағы нәтижеге жеткізсе, жанды екі дүниеде де махаббатпен жаратқан Жаратушыны махаббатпен тану жолында рақатқа бөлейді. Ал қанағат пен рақым екі дүниеде де жанды кемелдендіріп, Жаратушының мейіріміне бастайды. Міне осы себептен де Абай:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп, 

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тіліңді алмас

Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын

Ұста, жетсін бұйрығың, – деген. Яғни «бес асыл іс» бұ дүниенің де, о дүниенің де басты керегі деп отыр.

Филология ғылымдарының кандидаты,

 М.О.Әуезов атындағы ОҚУ доценті,

Арысбаев Әбдіжалил. 

Ленин - 15 ұлттың басын қосып дүниені дүр сілкіндерген тұлға
Өзің өзгерсең - өмір де өзгереді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×