Асық ойнаған ақсақал

Oinet.kz 15-04-2019 884

Screenshot_26.jpg

Жақында әйгілі француз актері Пьер Ришар 80 жасқа толды. Менің ол туралы мақалам осыдан бес жыл бұрын жазылып, кейін «Ділдің дерті» атты кітабыма енген еді. Киножұлдыздың мерейтойына орай сол мақаланы «Рейтингке» сәл ғана ықшамдап ұсынып отырмын.

П.Ришар түскен картиналарды қарап отырып, менің есіме оның сонау 1998 жылы Алматыға келген сапары түсті. Қазір тұрақты өтетін халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің тұңғыш ұйымдастырылуы еді ол... Атақты французды әуежайдан күтіп алудың өзіне адам көп жиналған-ды. Әрине, оларды ұйымдастырушылар мәртебелі мейманның жанына жолатпауға тырысып-ақ бақты. Мені таңдандырғаны – соған қарамастан актердің өзіне жасалған ілтипаттың бәрін жауапсыз қалдырмауға әрекеттенгені. Бұл – неше жерден әйгілі болса да, П.Ришардың адам ретінде өте қарапайым екенін аңғартатын жәйт еді. Әйтпесе әлдекімнің қол бұлғағанына жымия бас изеу, қолтаңба үшін бір жапырақ қағаз ұсынған жас қыздың өтінішін орындауға ұмтылу, тіпті «аса көңілді» біреулердің онымен амандасуға талпынуына күле жауап қату – кез келген киножұлдызға тән қасиеттер емес қой (бүгінгі кей «жұлдыздар» мұндай ықыластың біріне де пысқырмас). Ал оның Алматыға келген күні-ақ балалармен... асық ойнап (!) үлгергеніне не дейсіз? Яғни, жасы ұлғайғанымен өмірге деген құштарлығы жалындап тұрған актер тіршілікте де экрандағы күлкілі образына тән қылықтар танытуға кет әрі емес екен...

Расында да, аңғарғаным: онсыз да дудыраған шашы жел жұлқылаған селеудей ұйысып, «бетімен жібергендіктен» ұқыпсыздау өскен сақалы бет-әлпетінің ұсқынын кетіріп тұрғандай көрінгенімен, мсье Ришардың тұла бойында өз кейіпкерлерін қайталайтын әлдеқандай бір ұқсастық, көкшіл көзінде жас балаға ғана тән аңғалдық пен сенгіштік, елп ете қалар елгезектік бар секілді. «Қазақстан» мейманханасының конференц-залында өткен баспасөз мәслихатында бұл ойымызға одан бетер беки түстік. Өйткені, ол сан алуан сауалдарға шынайы ықыласпен, еркін жауап беріп отырды. 

Мәселен, «Ойнаған комедиялық кейіпкерлеріңізді өзіңіз қалай бағалайсыз?» деген сұраққа:

– Бір қарағанда, менің фильмдерім тек көрерменнің көңілін көтеруді ғана мақсат ететіндей көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Мен адамды күлдіре отырып ойлануға шақырамын. Сценаристерге де үнемі «күлкілі эпизодтар міндетті түрде ойлы көріністерге ұласып отыратын болсын» деймін. Кез келген адамда да қайғы болады, өйткені, бұл – өмір. Менің де кейде пессимизмге бой алдыратын сәттерім кездеседі. Бірақ менің ондай көңілсіздікпен батыл күресе алатын қаруым бар. Ол – күлкі. Яғни, кез келген уайымды әзіл-қалжыңмен, күлкімен жеңуге болады. Сіздердің мұңдарыңызды сейілтіп, ары қарайғы тіршілікке жігерлендіруге менің кейіпкерлерім де әсер еткен шығар деп үміттенемін, – деп жауап берді.

Кейін, ғаламтор арқылы актердің өмірбаянымен толық танысқан соң, оның, өз сөзімен айтқанда, «жетіскеннен комик болмағанын» да білдік. Ауқатты өнеркәсіпшінің ұлы болғандықтан әкесі мұны да бизнеспен айналысатын болар деп күткен екен. Алайда жастайынан өнерге іңкәр боп өскен Пьер бакалавр дипломына ие болған соң, Париждегі драмалық курсқа түседі. Шын фамилиясын (Дефей) «Ришар» деп ауыстырғаны да осы кез. Әйтсе де, жас актерді әуелде ешқандай театр жұмысқа алмайды, режиссерлер де киноға түсуге шақыра бермейді («Себебі, «кескін-келбетің басты рөлді ойнауға келмейді» десті. Реңімнің келісіп тұрмағанын өзім де білетінмін, сондықтан тым өңмеңдей бергем жоқ» депті ол бір естелігінде). Сөйтіп, біраз уақыт Морис Бежардың балет труппасында еңбек етеді (көрдіңіз бе, актердің комедиялық рөлдеріндегі айрықша пластика мен еркін қимыл-қозғалыстың түп-тамыры қайда жатыр?!), сосын Ұлттық халық театрында шеберлігін шыңдайды. Осы театрда ол Филипп Нуаремен танысады. Ришарды «комедия дертіне шалдықтырған» да сол екен. Сосын «ақыры түрің келіспеген деп драманың басты рөліне шақырмайды екен, онда комедия арқылы шығамын» деп шешкен актер содан бері тынбай осы бағытта еңбек еткен.

Ришар шығармашылығына тәнті көрермен ретінде мен оның бес туындысын ерекше атаймын. «Қара бәтеңкелі бойшаң бозбала/Высокий блондин в черном ботинке» (1972 жылы экранға шыққан) фильмінде ол өз ебедейсіздігінен үнемі елдің күлкісіне қалып жүретін кейіпкерін алғаш кинематографқа алып келді, яғни, өнерсүйер қауымға осы рөл арқылы танылды. «Ойыншық/Игрушка» (1976) атты картинада ол байдың ерке баласының ермегіне айналған бейшара журналистің бейнесін тамаша сомдап шықты. Мұндағы көптеген күлкілі көріністер актер ойнаған образдың ізгі сипатын өз көлеңкесінде қалдыра алған жоқ: ақырында «есірген тентектің» өзінің есін кіргізген адамды елжірей жақсы көріп, туған әкесінен артық санауы – сәл аңғалдау болғанымен, шынайы түйін еді. «Қолшатырмен егу/Укол зонтиком» (1980) болса – Ришардың трагикомедиялық талантын барынша ашқан сәтті фильм. Осыдан соң оның жан-жақты жампоз актер екенін мамандардың мойындамасқа лажы қалмады. Ал «Әкетайлар/Папаши» (1983) және «Қашқындар/Беглецы» (1986) атты туындыларға ол өзінің ежелгі досы һәм әріптесі Жерар Депардьемен бірге түсті. Аталған картиналар да комедия жанрында таспаланғанымен, лирикалық элементтерге аса бай. Екеуінде де Ришар кейіпкерінің әкелік сезіміне куә боласыз. Алайда жасы 17-дегі сомадай жігіттің «әкесі» екенін оқыстан естіген жанның әсері мен анасы дүниеден қайтқалы бір ауыз сөз айтпай, тілден қалған кішкентай қорғансыз қыздың әкесі һәм жалғыз жанашыры болу – екі түрлі жағдай екені анық. Дегенмен, П.Ришар екеуінің де үдесінен шыға білген. Ол сомдаған кейіпкерлердің жеке-жеке персонаж емес, бір-бірімен тағдыры жалғасып жатқан, өзара біте қайнасқан тұтас образға айналып кетуі де сондықтан.

...Актердің баяғы Алматыдағы баспасөз мәслихатына қайта оралайық. Осы жолдар авторының «Сіз киноға балалармен жиі түсесіз. Олармен жұмыс істеу қызық шығар?» деген сауалына ол былай жауап берген-ді:

– Әрі қызық, әрі қиын... Мәселен, «Қашқындардағы» кішкентай қыз естеріңізде ме? Ол алғашында камера алдында еш ойнаған да жоқ, өйткені, ойнауды білмейтін де. Тек өзінің кәдуілгі қалпымен жүріп-тұрды, және онысы өте шынайы шықты. Бірде продюсер оған «олай емес, былай ет» деп, актерлік техниканың қыр-сырын ұғындыруға тырысып еді, көп ұзамай бүлдіршіннің әрекетінде жасандылық пайда бола бастады. Ол камера алдындағы шынайы қимылынан айрылуға айналды. Мен дереу әлгіндей «дәріс оқуға» тыйым салдым. Ол бірте-бірте әу бастағы еркіндігіне ауысты. Білесіз бе, балаларда үлкендер әлдеқашан жоғалтқан жан тазалығы, адалдық бар, оларда біз ұмытқан пәк күлкі, саф сезім сақталған... Әлгі продюсер кейін менен: «Кішкентай қызға көп нәрсе үйреткен шығарсыз, оның болашағы қалай?» – деп сұрады. Мен оған: «Түк те үйреткем жоқ, қайта өзім одан біраз нәрсе үйренгендеймін», – дедім. Ол, сірә, қалжың деп ұқса керек, күлді де қойды, бірақ мен шынымды айтқан болатынмын.

Келесі сауал актерге Алматының қаншалықты ұнағаны туралы еді.

– Алматыға мен алғаш келіп тұрмын, – деген-ді ол. – Шынымды айтсам, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мүлде бөлек, әрі Франциядан тым шалғай жатқан сіздердің елдеріңіздің дәм-тұзы бұйырады деген ой қанша ұйықтасам да түсіме кірмеген еді... Қаланы дұрыстап аралай алмасам да, көлік терезесінен болсын, көшелерден талай жарқын жүзді, көрікті жандарды көрдім. Осы қонақ үйдегі бір еденші жуушы әйел мені көре сап, қолымды қысып, фильмдерім үшін көп-көп рахмет айтып, тіпті көзіне жас алды. Өзін шет мемлекеттерде де өте жақсы көретінін сезіну – актер үшін үлкен бақыт. Жалпы, мені көрген адамның әйтеуір күлімдеп шыға келетіні бар. Әрине, мұндай сәтте олардың есіне менің өзім емес, экрандағы «есалаңдарым» түсетінін де сеземін. Сонда да елдің ыстық ықыласы мені ерекше қуантады. Мен өзімді... Күн сияқты сезінемін. Өйткені, айттым ғой, мені көрген жанның жадырап сала бермейтіні кемде-кем! 

Тағы бір журналистің: «Сіз өз кейіпкерлеріңізге қаншалықты ұқсайсыз?» – деген сұрағына П.Ришардың жауабы мынадай болды:

– Көрермен қызық қой, кинодағы кейіпкеріңді көреді де, өзіңді де сондай деп ойлайды. Рас, өмір болған соң, кейде күлетін, кейде жылайтын жәйтке тап келетінің рас. «Экранда қандай ебедейсіз болсам, өмірде де сондаймын» демеймін, бірақ талай рет ыңғайсыз жағдайда қалғанмын...

* * *

Кейін Пьер Ришардың бір естелігін оқып отырып, оның Алматыда айтқан кейінгі сөзінің растығына көзім жетті. 

«Мен мүлгіген тыныштық орнаса бітті, қалғып кететін адаммын, – депті ол. – Бірде спектакль жүріп жатқанда, сахнада ұйықтап қалыппын. Сценарий бойынша ұйықтаған боп жатуым керек-тұғын, сосын біреу келіп оятуға тиіс еді. Қас қылғанда, қара басып шынымен ұйықтап кетіппін! Пьеса да өзі сондай іш пыстырарлық дүние еді... Содан әріптестерім мені оята алмай, әлекке түсіпті: бірі жұртқа байқатпай бір теуіп өтіпті, екіншісі жаныма кеп әдейі айғайлап сөйлепті. Бірақ мен сеспей қатсам керек, оның бірін де сезбеппін! Комедиялық кейіпкерлеріме үйреніп қалған жұрт мұның бәрін сценарий бойынша деп ұғып, күлкіден қырыла жаздапты.

Ертеңіне мені бәрібір жұмыстан шығарып жіберді. Алайда мен бұған өкінген де, ұялған да жоқпын. Қайта көрермен түгілі, актердің өзі қалғып кететіндей солғын қойылым жасағаны үшін режиссер ұялсын!».

Осы оқиға әйгілі француз комигінің бар болмысынан хабар беретіндей: шынайы, қарапайым, ашық және... сәл жаңғалақ...

Сәкен СЫБАНБАЙ

Мұрағаттан: 02.10.2014


Баламды қай тілде оқытсам екен?
Дүмшелерді дубляждан алыс қумай, тәржіменің сапасы жақсармайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу