Дүмшелерді дубляждан алыс қумай, тәржіменің сапасы жақсармайды

Oinet.kz 16-04-2019 889

Screenshot_2.jpg

Аударма мәселесі баспасөзде дүркін-дүркін қозғалып, кемшіліктері нақты мысалдарымен жазылып жүргелі қашан. Бірақ сол сындардан әлі ешқандай нәтиже көре алмай келеміз. Көркем туындының мазмұны мен көрерменнің одан алатын әсеріне нұқсан келтіріп, көңіл-күйді бұзатын сапасыз тәржімелер әрі қарай жалғасып жатыр.

«Гараж үшін таластың» әлегі

Соның бірі – таяуда «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Гараж» сатиралық комедиясы. 1979 жылы режиссер Эльдар Рязанов түсірген бұл фильм – қимыл-қозғалысы аз, тек сөз астарынан-ақ ой түюге құрылған күрделі дүние. Мұндай шығарманы қазақшалауды жалпы көркем аударма ісін жетік меңгерген, уытты сөзге икемі бар, басқа тілдегі тұрақты сөз тіркесінің түпкі мәнін дәл бере алар қазақша баламасын қателеспей таба білетін нағыз кәсіби маманға жүктеу орынды болар еді. Өкініштісі – «Гаражды» сондай білікті тәржімешінің аударғаны байқалмайды.

Мәселен, фильмдегі ғылыми-зерттеу институты жанынан құрылған «Фауна» гараж-құрылыс кооперативінің таң атқанша созылатын жиналысында үлескерлердің бірі Карпухин: «Мы здесь все боремся за место под солнцем… в виде гаража!» – деп айғай салады. Ал кооператив басқармасы басшыларының бірі Сидорин оған: «Место под солнцем на юге – в Сочи! Перерыв!» – деп, шулаған жұртты сәл тынышталуға шақырады.

Тәржіме авторы бұл диалогты былай аударыпты:

«Карпухин: Біз бәріміз мұнда күн астындағы жер үшін күресіп жатырмыз!

Сидорин: Күн астындағы жер ме? Түстіктегі ме? Сочидағы ма? Үзіліс!»

Біріншіден, мұндағы «күн астындағы жер» деген не сөз? Бұдан қазақ көрермені не ұға алады? «Күн астындағы Күнікей қызды» білеміз, «күн астындағы жерді» білмейміз. Қазақ тілінде мұндай сөз тіркесі жоқ. Ал орыс тіліндегі бұл фразеологизм қандай мағына береді? Тәржіме авторы бұл мәселеге аса бас қатырғысы келмеген секілді. Әлгі қанатты сөз орыс тілінде де шын мәніндегі «күн астындағы жерді» меңземейді. 2006 жылы шыққан «Орыс тілінің үлкен фразеологиялық сөздігінде» оның екі түпкі мағынасы келтіріледі: «1. Толыққанды өмір сүру мүмкіндігі... 2. Қоғамдық ортадағы лайықты орын». Осы мағыналарды ала отырып, кинодағы әлгі айғайды айтқызуға мәжбүрлейтін шиеленіскен ахуалмен салыстыра қойса, жаңағы қанатты сөзді қазақ түсінетіндей етіп аударудың жолы табылмас па еді?

35 жыл бұрын таспаланған фильмнің мазмұнын қайталап жату артық болар, бірақ мұндағы «место под солнцем» – жоғарыдағы жайлы орын да, майлы қызмет те, ғажайып жағажай да емес, 32 адамның енді салына бастайтын 28 гаражға таласы екенін еске сала кетейік. Демек, бірнеше адам гаражсыз қалмақ. Басқарма олардың ішіндегі ең қорғансыздарын тізімнен сызып тастайды. Ал гараж иеленетін таңдаулылардың ішінде бұл институтта мүлде жұмыс істеп көрмеген базар директоры, дипломат, әскери шенеунік секілді әлдебір «пысықайлар» да жүр (бәлкім, фильмдегі «блатные» деген сипаттаманы осылай аударуға болар ма еді, ал тәржіме авторы «бөтендер» деп келтіріпті). Еш кінәсіз, еш себепсіз тізімнен сызылған әлгі төрт байғұс әділетсіз шешімге қарсы шығып, өз хақылары үшін күреседі. Басқалары үшін шешімнің өзгермегені жақсы, өйткені, өздеріне бұйырып тұрған гараждан айрылып қалғылары келмейді ғой.

Демек, салғастыра айтқанда, бұл жердегі «место под солнцем» – «гараж үшін талас» екені мәлім емес пе? Ал ол дегеніңіз – ұлттық ұғымға салғанда, ұлтарақтай ғана жер. Яғни, әркімнің «бұйырар» деп үміттенген өз несібесі. Сонда бағанағы Карпухиннің айғайын «Мұнда әркім өзінің ұлтарақтай жері үшін жұлысып жатыр!» десе қайтер еді, мәселен?

Рас, бұлай етсек, Карпухин мен Сидориннің диалогы үйлеспей, бірі Айға, бір сайға қарап қалар еді. Бірі «ұлтарақтай жер» туралы айтса, екіншісі қайдағы бір «Сочиді» айтып, «лағып» тұрған боп шығады. Мұндайда кинотәржіме ісінің майталмандары баяғыда былай ететін: диалогтың бірінші сөйлемі бекіді ме – демек, енді екінші сөйлем соған қайтарылған жауап, содан туындаған сөз болып, жымдасып кетуі керек. Яғни, түпнұсқадағы екінші сөйлем әу бастағы өз мәнінен босатылып, аударылған алғашқы сөйлемнің жетегіне еруге тиіс. Егер, мысалы, біз Карпухиннің сөзін өзіміз ұсынған бағытта аударсақ, онда Сидориннің жауабын соған сайма-сай ету үшін Сочиді мүлде былай ысырып тастауға тура келеді. Сонда біздің ойымыздағы жаңа диалог шамамен былай шыққан болар еді:

«Карпухин: Мұнда әркім өзінің ұлтарақтай жері үшін жұлысып жатыр! 

Сидорин: Жұлысатын орынды тапқан екенсіңдер! Жетер! Үзіліс!»

Мұның бәрін «Шіркін, егер «Гараж» фильмін аудару бізге жүктелсе, сөйтер едік, бүйтер едік...» деп мақтану үшін жазып отырған жоқпыз. Бұ күнде «Сынауға келгенде бәрің шеберсіңдер, ал соның баламасын неге ұсынбайсыңдар?» деген де айыптаулар жиі естілетін болды. Соған жауап ретінде, әрі алуан нұсқаларды оқырманның да талқысына салу мақсатында өзіміз «бұрыс» деп шешкен әрбір аудармаға өз балама-ұсынысымызды қосымша пікір ретінде келтіріп отырмыз. Және «біздің нұсқамыз ғана – дұрыс!» демейміз. Біздікі – ой салу, түрткі ғана.

«Жақсылар» мен «онша еместер»

Аудармашының өзге де қателіктері аз емес. «Қателік» демекші, «грубая ошибка» дегенді ол «дөрекі қателік» деп аударыпты. Дұрысы – «өрескел қателік» екенін сауатты екі қазақтың бірі білсе керек. «Жиналыс шақырмайсыздар» дейді, бұл – тағы да калька, «Собрание не созовете» дегеннің дәлме-дәл «қотармасы». Қазақ тілінде жиналысты «шақырмайды», «ашады» немесе «жасайды». «Разобьетесь!» дегенді «Күліңіз де қалмайды!» дейді. Әдетте адамның өртеніп кеткенде ғана күлі де қалмайтын болар, кім білсін, ал биіктен құлағанда, бәлкім, «Талқаныңыз шығады!» деу жөн бе еді. «Ополоумили, что ли...» дегенді «Естеріңіз дұрыс па?» депті. Мағынасы жағынан ұқсағанымен, мұның нақты тәржімесі «Ақылдан адасқансыздар ма, немене...» болса керек.

Аудармашының сауатты сөз саптау жөнінен де шатасқан жерлері жетерлік. Мәселен, «кто лучше, кто хуже – пусть решает жребий» деген ұсынысты «кім жақсы, кім онша емес екенін жеребе арқылы шешейік» деп келтіріпті. Сонда «онша емес» деген не сөз? «Жақсы» сын есімінің антонимі сол ма? Ақыры жанжал 32 адамның 28-ін ғана тізімде қалдырудан туындаған екен – «Кім қалып, кім кететінін жеребе шешсін» дей салған жөн емес пе еді? «Вы хотели унизить меня, а унизили себя» деп келетін сөйлемді «Сіз мені жәбірлеймін деп, өзіңізді жәбірледіңіз» дей салыпты. Мұндағы етістіктің нақты аудармасы – «жәбірлеу» емес, «қорлау» екенін білмегені ме?

Ер адамның екінші бір жігітке «сүйіктім» деуі мүмкін бе? Қазір Батыс фильмдерінде жиі кездесіп жүрген әлгі «біртүрлі» кейіпкерлер болмаса, кәдімгі ер-азаматтар арасында тіпті мүмкін емес жағдай. Сонау 1979 жылы түсірілген кеңестік кинода ондай сөздің айтылуы – ашықауыз аңқаудың өзі сенбейтін өтірік. «Гараждың» кейінгі жылдары ғана тәржімеленген қазақша нұсқасында мұндай сұмдық бар. Егер орысшасын еске түсірмегенде, естен тануымыз ғажап емес еді. Сөйтсек, әлгі Сидориннің әлдебіреуге кекесінмен «Миленький...» деген сөзін (екі-үш рет кездеседі) тәржіме авторы «Сүйіктім...» деп «қазақшалапты»! Бұған не дерсіз? Мысқылдап тұрған кейіпкер қарсы алдындағы адамға «сүйіктім» дей ме? «Әй, шырағым...», егер бұл тым қазақы боп көрінсе, «Жарқыным...» деп, әрі қарай әңгімесін жалғаса, кейіпкер кекесіні мен ой мазмұны жарасымын тауып кетпес пе еді?

Тәржімеші фильмдегі сөздердің мағынасын мүлде басқа бағытқа жіберген мысалдар да баршылық. «Золотой мой, что-что, а право-то вы имеете» деген сөйлемнің нақты мәні – «Алтыным-ау, сіздің, басқа түгіңіз болмаса да, хақыңыз бар ғой» екеніне келісерсіздер. Ал аудармашы мұны «Алтыным, басқа-басқа, ал сіздің хақыңыз бар» депті. Яғни, 32 адамның 31-інің хақысы жоқ, тек әлгі «алтынымда» ғана бар боп шығады. Мағына мүлде өзгеріп кеткен! Ал «домашняя каторганың» – «үйдегі түрме» боп жүргеніне күлейсіз бе, жылайсыз ба? Қандай түрме? «Үйдің бітпейтін күйбеңі» емес пе ол? 

Қазақ тіліндегі «Гаражды» орта тұсынан бастап қана көргеніміз қандай жақсы болған, әйтпесе бұдан да көп сорақылық шығар ма еді, кім біледі... Бір жарым сағатқа жетер-жетпес фильмнің соңғы 40 минутын тамашалап бастап, әлгі «Сүйіктім...» деген сөзді естіген соң-ақ қойын дәптерді қолға ала салғанымыздың нәтижесі осы. Соның өзінде дәптер бетінде мұнда мысалға келтірілмеген он шақты қате аударма қалып қойды. Мейлі, оның бәрін тізе беріп қайтеміз. Тәржіменің сапасыз, олақ, орашолақ екені осы айтылған қателіктерден-ақ айқындалып тұрған шығар.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Мұрағаттан: 16.10.2014


Асық ойнаған ақсақал
Екпедан бас тартқан бір отбасының 6 баласы ауырып, 3-еуі өлген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу