Бауыржан Момышұлы жазбасынан үзінді

Oinet.kz 05-08-2019 1991

Screenshot_11.jpg

-  «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», - дейді халық даналығы.

- Жіп қылдан тұрады, дене тканьнан құралады.

- Даналық өткеннің тәжірибесін қорытатын, қазіргі жағдайды зерделі талдайтын және болашақты көре білетін творчестволық ойдың қаймағынан тұрады. 

- Кірпішсіз сарай сала алмайсың. 

- Ұшқынсыз от тұтанбас. 

- Мейірім болмаса, сүйе де алмайсың.

- Ашу-ызасыз жек көру мүмкін емес.

- Мәжбүр етпей, мойын ұсынбас, мейірім болмай, жақсы көре де, беріле де алмайсың.

- Бұйрық - алғыр басшының ой-арманы.

- Әскерсіз - қолбасшы қауқарсыз, басшысыз - әскер әлсіз. 

- Сын - ерді шыңдайды, қорқақты қинайды.

- Азаматқа - өмірден де ар қымбат, өлімнен ұят күшті. 

- Қорқақ - дөрекі әрі ақымақ. 

- Мейірімсіздердің жаны нәзік емес, оларға құдық та түпсіз терең. 

- Батырға сырдың суы сирағынан келмейді, қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет.

- Атқа мініп жүре алмайтынға жуас ат та асау, жебе де қысқа, тартпа да бос, ердің үсті де қолайсыз, тізгін де ұзын көрінеді - барлық сылтауды жайып салады. 

- Шошқа бағушы арғымақты тұрқына қарап ажырата алмайды, оған қашар да - ат. 

- Құм ішіндегі дәнді қырағы көз ғана шалады. 

- Кебекті ұннан елеп айырады, су көмір арқылы таза сүзіледі.  

- Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады.

- Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады.

- Басқаны «жақсыға» білгенше, өзіңді «орташаға» біл.

- Ақылгөйлік кейде өнегесіздікке тірейді.

- Тәртіп кейде тәртіпсіздікті тудырады.

- Тер төккенше тыраштану - кейде жалқаулыққа пара-пар...

- Тым ерекше құштарлық - бейжайлықпен бірдей дерлік. Тым адалдық - жалғандықпен пара-пар. 

- Егер өткенді үнемі еске түсіріп тұратын ақ нәрсеге жамалған жамаудай көзге бадырайып тұрғаннан гөрі, дұрысы бүлінген дүниені бүлдіріп тастаған жөн. 

- Жарықты бөгде затпен бітегеннен гөрі, сынғанды сындырып тастаған жақсы.

- Егер тігісі сөгілмей жыртылса, оны қалдықпен жамағаннан гөрі мүлдем жыртып тастаған жөн. 

- Бетіне түкіріп, қайтып сүйгеннен гөрі, мүлдем безіп кеткен жақсы. 

- Екіжүзділіктің балын татқаннан, әділдіктің ащы уын ішкен артық. 

- Қарттықтың әдемілігінен көңіл қайтқанша, махаббаттың арманынан ләззат алған дұрыс.

- Өтіріктің қанатын қомдағанша, ауыртпалықтың жүгінен бүгілген артық.

- Мақтаныш - ерлік анасы.

- Айбарлы адам жасық жанға дос емес...

- Өзін сыйламаған - басқаны сыйлауға қабілетсіз.

- Барлық халық барлық ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті.

- Өзінің ұлтын сыйламаған - ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ, арамза, тексіз әрі қаңғыбас. 

- Соғысуға кедергі келтіретін ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта соғысуға көмектесетін ұлттық дәстүрлер бар: ұрлық, опасыздық - бұл ұлттық дәстүрлер емес, ұлттың ішінде көр кеуделік. 

- Ұлттық мақтаныш - сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң.

- Солдаттың ерлігін ұрлау - адам бейнесіндегі хайуанның ең сорақы қылмысы. 

- Өзінің пікірін бәріне бірдей үзілді-кесілді, соңғы пікір деп санау - бұл өз күшің мен қабілетіңді қатал асыра бағалаушылық. 

- Көрген нәрседен бәрі хабардар болуға тиіс: егер жұрт әңгімелерді естіп хабардар болмаса, онда шындықты шын әңгімеден естіп білуге тиіс, өйткені халық барлық пайдалы деп тапқан нәрселер ауыздан ауызға беріліп, ұрпақтан-ұрпаққа таралып, әділдік іс үшін қанын селдей төккен жүздеген мың адамдардың ерлік ісі жалпының игілігіне айналуға тиіс.

- Саналыларға - пайдалы сабақ, адам кейпінде табиғат немқұрайды, жеңіл ойлы етіп жаратқан делқұлыларға - көңіл көтерушілік, мұндайларға тіпті өздері басынан кешкен ауыртпалықтың өзі ешбір әсер, із қалдыра алмайды, саналы ойлауға итермейді, ондайлар ғасырдың сұмдық қасіретін тани алмайды, оларға барлық жақсы нәрселер дарымайды, болат сауытқа тиіп, тайып кейін серпілген жебедей ешқандай із, әсер, белгі қалмайды.

- Тағдыр мені адамзаттың жан түршігерлік қайғы-қасіретінің куәгері болуға жазса да, ақ қағаздың бетіне болат қаламсаптың ұшымен қисынды сөзді маржандай етіп тізе алатындай өнерім болмаса да жай себеппен, менің қолым жауға сілтер қылыштың сабын ұстауға, пистолеттің шүріппесі мен жауынгердің атының тізгінін ұстауға үйренген қолыма - қаламсап та, уставтың өктем бұйрығына үйреніп қалған тілім де ырық берер емес. Бірақ та сараңдардың санатында (өлер алдында бар байлығын босқа далаға шашқан Қарынбай сияқты) қалмас үшін, өлгендердің рухы, зардап шеккен, адал солдаттарымның алдында - үн-түнсіз қалмауға, бастан кешкендерді тілсіз қағаз бетіне түсіруді өзіме парыз санаймын, өйткені ол: «ерлік елеусіз қалмасын, олжа - елге, атақ - ерге сауға» деген әділеттілік қағидасын еске салатын, шындық оқиға куәгерінің тілі болсын. Бұл қарапайымдау өңделінбеген, олақтау, сұрыпталынбаған тартуым болсын, сөз өнерінің шеберіне кітап жазуы үшін, құрылыс материалына жарарлық сыйым болсын (бұл абзацтың астын сызып көрсетемін). Тұрғызылған ғимаратқа жабдықтаушының аты ешқашан да қойылмайтынын біле тұра, мен жабдықтаушы атануға ризамын және егер ол менің атымды, сөзімді еске алуды ыңғайсыз санап, атақты адам айтқандай етіп, (мұны өзім де жиі естимін) соның аузынан толғанысты ойлар түрінде айтқызса, ренжімеймін. (Бұл абзацты да ерекше сызып көрсетемін). Бұл хатымда, қаншалықты ойдағыдай болғанын білмеймін, бірақ қолжазбаларымның оқырмандарына, осы материалдар бойынша жұмыс істейтіндерге жан-жақты ескертуге талаптандым. Қолжазбаларымда кейде фамилияларын атамай астарлы сөзбен мысалдар келтіремін. Бұл хатты сіздерге оқып берген себебім, сіздердің кейбіреулеріңіз менің материалдарыммен жұмыс істейтін ниет білдіріп отырғандықтан.

Достық туралы тақпақтар
Аксиома деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу