Жынның әйелін босандырған семейлі акушер әже
16-11-2024
Бала кезімізде біздің ауылға үй аралап жүретін дуаналар (монтаны) көп келуші еді. Солардың кейбірі балаларға ем жасап, адамның алдағы өміріне болжам айтатын. Ал базбірі қандай да бір тылсым күшпен арбап, кісілердің үйдегі алтын бұйымдарын, ақшасын алып кететін.
Ең қызығы үй иесі алтын бұйымдар мен ақшасын өз еркімен монтанының қолына ұстатады. Монтанының қолына барын қалай ұстата салғанына кейін өзі түсінік таба алмайды. Адамдардың пайымдауынша, монтаны кісіні дуалап, өз еркіне бағындырып қояды екен (кім білген, дегенмен, бір сиқыры бары анық). Бірақ ондай қаскөйлік жасағандар ауылға қайта келмейтін (оның себебі түсінікті ғой). Сол монтанылардың бірінің айтқан болжамы бірнеше жыл өткенде дәлме-дәл келгенін естігенде таң қалдым.
Ол кезде мен 8 сыныпта оқитын бозбаламын. Тамақты іргелес көршіміз Смайыл атаның үйімен бір дастарханнан ішетінбіз. Өйткені, Смайыл атаның баласы Сапархан аға дүкенші еді. Ол кісі үнемі ішіп мас болып жүретін болған соң дүкенде күнімен әйелі сауда жасайтын. Сондықтан анам үйде тамақ жасайды да екі үйдің бала-шағасы бірге тамақ ішетінбіз. Сондай күндердің бірінде үйге монтаны келді. Анам оған бөлек дастархан жайып, ас-шайын берді. Сол кезде түскі үзіліске дүкенді жауып, ас ішуге Сапархан ағаның әйелі Сұлушаш апай да келді.
Ас ішіп болған соң, монттаны Сұлушаш апайға «алда сенің отбасыңды бір қатер күтіп тұр» деді де, сөзін сол жерден доғарды. Ондай сөзді естіген Сұлушаш апай монтаныға «ашып айт, қандай қатер, не істеуім керек?» деп сұрақ жаудырды. Монтанының да күткені сол болса керек «қолыңдағы алтын жүзікті үш сомдық ақшаға орап, менің қолыма ұстат, сосын бәрін айтам» деді. Сұлушаш апай ойланып қалып еді монтаны «алтын жүзігіңді қайтарып берем» деген соң тез көнді. Монтаны алтын жүзікті үш сомдық ақшаға орап, оң қол алақанына салып уысына алды да, Сұлушаш апайға «менің қолымның сыртынан сен қысып ұстап тұр» деді.
«9 күннен кейін ұрлық болады. Дүкенге немесе үйіңе ұры түседі. Сондықтан қымбат баға заттарың мен ақшаңды басқа жаққа тығып ұста. Ұрыларға қарсы шығушы болмаңдар, қарсы шыққан адамды мерт қылады» деді. Соны айтты да уысын жайып, үш сом ақшаның орамын ашып еді алтын жүзік жоқ. Монтаны болса, «алтын жүзіктің жоқ болып кеткені дұрыс болды, ұрылардан отбасыңа келер қатер болмайды, жоғалған жүзік қатердің алдын алады» деп қарап отыр. «Қатерді қайтарады» дегенге иланды ма, әйтеуір, Сұлушаш апай жүзігін қайта сұрамады. Сонымен дуана өз жөніне кетті де, екі үй ұрылар келетін тоғызыншы күнді күттік.
Монтаны «ұры үйге немесе дүкенге түседі» деген соң Сұлушаш апай бағалы заттар мен ақшасын біздің үйге әкеліп қойды. Сұлушаш апай мен апам ер кісілерге айтпауға ұйғарды. Өйткені олар ұрыны ұстаймыз деп бір пәлеге ұрынып қалуы мүмкін. Сонымен айтылған тоғызыншы күн де жетті. Сапархан аға әдетінше достарымен ішіп жүрген. Смайыл ата мен балалар біздің үйге келіп түнеді. Үлкендер түнімен ұйықтамапты. Балалар түн ортасы ауа ұйықтап қалдық. Таң ата қатты шыққан дауыстан ояндық. Сөйтсек, түнде Сапархан ағаның үйіне ұры түсіпті. Қолға ілінген заттарды алып шығып бара жатқанда ішімдікке тойып алған Сапархан аға келіп қалады. Ұрылардың бірі оны қатты бірдеңемен ұрып, басын жарып, есінен тандырып кетіпті. Таң атқанада Сұлушаш апай мен апам барып қараса, есік алдында естен танып жатқан Сапархан ағаны көреді. Екеуі біздің үйге сүйреп әкелген беті екен. Құдай сақтап, Сапархан аға аман қалды.
Арада 15-20 күн өткенде баяғы дуана тағы келді. Сұлушаш апай ризашылығын білдіріп, тағы пал ашып беруін сұрады. Сұлушаш апайдың жомарттығын сезді ме бұл жолы алтын жүзіксіз пал ашты. Сұлушаш апайдың білгісі келетіні «Сапархан аға қашан арақты қояды, қалай қойдыруға болады? Арақ ішіп жүріп өліп қалмай ма?» деген секілді сұрақтарға жауап алу. Уысына қызыл 10 сомдық ақшаны ұстаған дуана сәл уақыт көзін жұмып отырды да, сөз бастады. «Күйеуің арақты қоймайды. Бірақ саған аса зәбір көрсетпейді. Арақтан өлмейді. Ұрының соққысының зардабынан қайтыс болады. Бірақ жуық арада емес. 17 жылдан кейін. Басын емдетсін» деді. Монтанының бұл айтқанына сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Бірақ ол ұрының Сапархан ағаны басынан зақымдағанын қайдан білді? Түсініксіз...
Сұлушаш апай дуананың айтқанын Сапархан ағаға айтқан екен ол кісі «монтанының сандырағына сеніп жүрсің бе?» деп күлкіге айналдырыпты. ...Арада біраз жыл өткенде Сапархан ағаның үйі көрші ауылға көшіп кетті. Сол ауылдағы үлкен дүкенге сатушы болды. Ол кезде мен институтты бітіріп, ауылға келіп жұмыс істеп жүргем. Монтанының айтқаны да естен шыққан. Бір күні Сапархан аға қайтыс болыпты деп естідік. Ол кезде әкем де, анам да о дүниелік болып кеткен еді. Сондықтан көңіл айтуға ауыл адамдарымен бірге барып қайттым.
Соңғы жылдары Сапархан аға үнемі «басым ауырады» деп жүрген екен. Кейін білдік, Сапархан аға монтаны айтқандай тура 17 жылдан кейін қайтыс болыпты. Монтанының айтқаны Сұлушаш апайдың есінде екен. Тіпті ай-күніне дейін тура келіпті. Мұны естігенде, мен де есіме түсірдім. Ай-күні есімде жоқ, бірақ расымен де 17 жыл болған екен. Мезгіл де жаз болатын. Сонда бұл сәйкестік пе әлде дуананың бойында адамның алдағы өмірін білетін көріпкелдік қасиет болған ба? Сенбейін десем, бір емес, екі рет айтқаны дәлме-дәл келді. Сонда бұл қалай болғаны? Көріпкелдік деген қасиеттің шынымен де болғаны ма? Бұл қындай тылсым күш?
Мамыр Айтбаев, Жетісай өңірі