Медеу Сәрсеке, жазушы: «Қайнар синдромы» 1957 жылы анықталған...»

Oinet.kz 14-12-2017 2162

Ертіс алқабындағы 2,5 миллион халықтың 1949–89 жылдардағы ядролық жарылыстардағы радиациядан зардап шеккенін нақты айғақтармен дәлелденді. Сол ядролық жарылыстардың ауыртпалығы мен адам ағзасы үшін қандай қауіп төндіргені жалы медицина мамандары айтқанымен, оқырманға қолына қалам ұстаған тұлға жеткізген мәліметтер жақындау сияқты көрінеді. Осы ретте «Семей қасіреті» атты деректі-көркем еңбектің авторының да айтары мол...  

Screenshot_6.jpg

– Білуімізше, Семей полигонының зардабын тікелей шеккен жандардың бірісіз...

– Семей полигонының жарылыстары астында 37 жыл өмір сүрген, соның салдарынан соңғы жеті жылда екі мәрте ота жасатып, өзіме төнген ажалдан  аман құтылған пендемін. 1995 жылдан беріде 2-ші топтағы мүгедекпін. Оған қоса Дегелең мен Балапан аймағынан қыр еліне дамылсыз тараған зиянды нуклидтерден айықпас ауруға ұшыраған  жерлестерімді, бозбала  жігіттердің  өзіне-өзі  қол жұмсаған қасіретін, анасы құрсағынан шалажансар туған мүгедек бүлдіршіндерді жиі көрдім. Сонымен бірге, осы жергілікті басшылардың, республика  билеушілерінің осы зауалға жаны ауырғанын, мәймөңкелеудің қажеті қанша, кейбірінің бір күндік мансабын ойлап, түк көрмегенсіп бейтарап болғанын да көңілге түйген қаламгермін. 

2012 жыл мен үшін ерекше ауыр әрі шерлі болды: мамыр айында 52 жыл отасқан бәйбішем алты-ақ тәулік ауырып, кенеттен опат болды; қазанда өзім де полигон таратқан сырқатқа екінші мәрте ұшырап; оң жақ бүйрегім қатерлі ісікке шалынғанын семейлік дәрігерлер шүбәсіз анықтады. Амал қанша, 78 жастың шебінен өтерде «наркоздан оянбасам ешкім кінәлі емес» деген қолхат жазып, ота үстеліне жаттым. Дәм-тұзым таусылмапты. Ақыл-есімді жинауым артық-кемі жоқ 18 тәулікке созылды. Алматыдағы онкология институтының бүйрек бөлімінде жатып, бұл енді желтоқсанның аяқ шені, «Семей қасіреті» кітабын жазуға бекіндім. 

1989 жылдың ақпан айынан беріде, яғни полигонды жабу  жолындағы  бүкілхалықтық күрес басталған екі жылда, одан соң 1991 жылы Абыралы ауданын қайта құруға арналған ұзақ айқаста менің қолыма полигон туралы неше алуан ресми деректер түскен-ді; оған қоса атомдық тарсылдар астында болған ұзақ  жылдарда көрген-білген, бастан кешкен оқиғалар да жадымда сайрап тұрған-ды... Сол жылдарда қаншама қимас жолдастарым мен жақындарым сексен қайда, қырық-елу жасында жер жастанды. Бәрін де жусатқан радиация тозаңы.

– Сіз полигонмен текетірес Қазақстан зиялылары тарапынан 1957 жылы басталды дейсіз. Мұның анық-қанығы қандай?

–Өлкелік патология институтының  директоры, патолог-ғалым, Екінші  дүниежүзілік  соғыста әскери госпитальды басқарған капитан-дәрігер Бакия  Атшабаров деген кісі өткен. Ертіс жағалауындағы елдің төтенше ауыртпалыққа  тап болғанын, нақты күнәһар – ядролық жарылыстар таратқан радиация нөсері екенін жүрек  ділімен ұққан сол азамат 1957 жылдың бас кезінде Қазақ КСР ҒА-ның президенті Қ.И.Сәтбаевқа барып, полигон төңірегіндегі қазақ ауылдарын мықтап шалған жаңа қатер туралы ресми мәлімдеген. Сол іске академияның вице-президенті, ғалым-дәрігер А.П.Полосухин және Денсаулық сақтау минис-трі С.Р.Қарынбаев та қостаушы болған. Нәтижесінде сол көктемде ҒА-сы мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірнеше мамандық иелерінен құралған, құрамында 150 адам бар ғылыми экспедиция Семей облысына бірнеше автомобильмен аттанған. Басшысы – Атшабаров, орынбасарлығына министрліктің бас радиологы С.Балмұханов тағайындалған. Сол экспедиция Абай ауданының Қайнар, Саржал, Қасқабұлақ, Қарауыл мекендерін, Бесқарағай ауданының Ескі Долон мен Жаңа Долон ауылдарын, Новопокров (Жаңасемей) ауданының Знаменко (Қарасу) селосының  және теріскей-батыстағы Қу ауданының полигонға ұрымтал орналасқан ауылдарының тұрғындары мен бағымдағы малының  қаны мен сүйегін, кейбір мекендердің итіне дейін, жайылымын, ішетін суын, күдікті жағдайда жер қойнына да бойлап, жан-жақты зерттеген. Салыстырма есеп үшін полигоннан едәуір қашық Шұбартау, Балқаш бойынан және Баянауыл аудандарының бірнеше елді мекеннің адамдары мен малын қосымша тексерген. Сол жұмыс үш жыл бойы жаз айларында жүрген. Нәтижесінде Б.Атшабаров «Қайнар синдромы» деп атаған жаңа аурудың 15-16 түрлі белгілерін анықтаған. 10 мыңға таяу адамды жан-жақты тексеріп, солардың 6 мыңы  радиациямен зақымданғаны  жайында  қорытынды жасап, қиын ахуалды әуелі академия төралқасына, соңынан Қазақстан үкіметіне мәлімдеген. Республика басшылары қатерлі жағдаятқа ерекше шошып, әскери мамандарды шақырып, екі мәрте арнайы талқылаған. Алайда, полигон басшыларын сол қатерге мойындата алмаған. 

– 1992 жылы ҚР-ның үкімет комиссиясы анықтаған ресми дерек бар. Сол құжатта Семей, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының полигонға ұрымтал аймақтарынан 1,5 миллион адам радиация сәулесіне  шалынғаны нақты көрсетілген, бір ғана Семей қаласы бойынша 200 мың адам, яки 60 пайыз тұрғыны ауру делінген. Бұл дерек қаншалықты рас? 

– Бұл күмәнсіз тарихи дерек. Тек сол тізімге 1992 жылға дейін, яки 42 жылда жер жастанған марқұмдардың саны кірген жоқ. Олардың нақты санын айту да қиын. Өйткені, 1991 жылға дейін обыр дертінен, ақ қан ауыруынан опат болғандардың бәрі-бәрін денсаулық сақтау бөлімдері жылдық есебінде кіргізбей, басқадай сырқаттардан қайтыс болды деп көрсеткен. Сол жұмысты КГБ қадағалады. Семей шәрінен бертінде жасалған тізімге іліккен шерменделердің бірі – мен. Сол турасында 02-001916 санды куәлігім бар, мүгедектік құжатымда да ядролық полигоннан зардап шегуші екендігім жазылған...

Ең алғашқы атом бомбасы 1949 жылдың 29 тамызында, туып-өскен ата мекенім Абыралының Дегелең тауына ұрымтал жазықта сыналған – сол кезде мен 7-сыныптың шәкіртімін; кітабымның «Мамыражай жаз еді» деп аталған 5-тарауында Қайнар орта мектебін 1953 жылы алтын медальмен тәмамдаған екі бозбаланың Алматыға жете алмай, 5 тамыздан бастап жаппай босуға түскен аудан жұртымен бірге жүз шақырым қиырдағы Күйік бұлағының  жағасында екі апта бойы күнсіп жатқаны сипатталған. Сол екеудің бірі – мен. 12 тамыздың ертеңгілігінде түстік қиырдан жарқ еткен «екінші күнді» көріп, кең аспанды тұмшалаған «саңырауқұлаққа» таңдана қараған үрейлісәтті қалайша ұмытасың? Ол болса Кеңес Одағы жарған ең алғашқы термоядролық бомба...

– Атомдық  және ядролық  жарылыстар Семей атырабында 42 жыл бойы сыналды. Кейбір жарияланымдарда солар туралы әр түрлі сандар айтылады.

– Арнайы актімен бекіген жиынтық есеп мынадай: Дегелең тауы мен соған ұрымтал Балапан жотасында барлығы 470 атомдық және ядролық жарылыстар жасалған; 90-ы ауада, 26-сы жер бетінде, 354-і жер астында жарылған; бәр-бәрінің жиынтық қуаты – 2500 килотонна (Жапон елінің екі қаласына тасталып, бірден және кейінгі жылдарда 400 мыңнан аса адамды жер жастандырған екі бомбаның қуаты 20-22 килотонна шамасында). Енді сіз осыншама алапат қуаттан біздің даланың қандай апатқа тап болғанын оймен шамалаңыз. Сұмдық емес пе? Соларға қоса Семей полигонында химиялық улы заттармен зарядталған бомбаларды 175 рет жарған. Мысалы, 1961 жылы атомдық және ядролық бомбалар да 68 мәрте  сыналған. Бір ғана қыркүйек айында ядролық жарылыс 15 рет, күн аралата жасалған... Сорақы қылмыс демеске шараң қанша, сол жарылыстардың бәрі де өзімбілемі мол, тежеусіз дарақы Хрущевтің «қайткен  күнде  американдықтардан басым түсіп, әкесін танытамыз...» – деген талабымен жүзеге асқан. 

– Сол кездегі Семей облысы, Абай аудны халқының 1953 жыл-дағы радиация астында  жыл  бойы болғанын айтасыз. Сонда қалай, полигондағы медициналық бақылау қызметі сол жайтты білмеген бе?

– Білген, бірақ олардың  бастықтары сол жылғы 12 тамызда жер бетінде жарылған сутегі бомбасы туралы Мәскеуге жолдаған рапортта: «Радиациялық ахуал қалыпты, ешқандай ауытқу болған жоқ» деп мәлімдеген. Ал бомбаны жасаушы, сол үшін де қырық жасында академик және Еңбек Ері атанғанА.Д.Сахаров «Естеліктер» кітабының 176-бетінде: «Әскерилер ондаған мың жергілікті тұрғындарды жүздеген шақырым қашыққа көшірді. Жарылыстан соң 10-15 күннен кейін солардың дені ежелгі мекендеріне қайтарылды. Тек қана Қарауыл елді мекенінің тұрғындары ғана 1954 жылы бұрынғы жұртына оралды. Өйткені, Қарауыл және Шыңғыстау атырабындағы ауылдардың қоныстарын жайлаған радиация шоғыры 200-250 рентгеннен жыл бойы төмендемей тұрақты сақталған...» – деген. Шындығында, бұл – жаңсақ ақпар. Қарауылдықтар мен сол мекеннің төңірегіндегі барлық шаруа-шылықтардың мал-жаны Шыңғыстаудың теріскейіндегі Бақанас өзенінің бойында және Аягөз қалашығына таяу Сергиополь елді мекенінің іргесіне тігілген жүздеген палаткаларды паналап, қарамы он мыңға таяу жан жиырма шақты күннен соң бұрынғы мекендеріне қайтып оралып, демек радиация тозаңын жыл бойы жұтқан. Сахаров жалған сөзге сірә да баспайтын ақжүрек адам, меніңше, әскери мамандар сол жағдаятты ғалымнан жасырып, өздері ойдан шығарған ақпарға сендірген. Демек, күллі аудан халқын радиация шоғырының астында жыл бойы ұстап, адам организмінің, сол маңаттағы жан-жануардың радиацияға төзімділігіне сынақ жасаған. Нәтижесі сұмдық: Қайнар мен Саржал ауылдарына қарағанда (сол мекендердегі радиация шоғыры 150-160 рентгеннен аспаған, Долон елді мекенінде 180 шамасы), ал қарауылдықтар және Әтей, Медеу, Тоқтамыс, Бірлік және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары жоғарыда нақты көрсетілген радиация шоғырын көбірек жұтып, кесапаты мол ауруларға ұшыраған...

– Әңгімеңізге рахмет!       

Әңгімелескен Қ.СІМӘДІЛ

Артық салмақтан құтылудың жаңа тәсілі
Адамдар жүрек-қан тамырлар ауруларына не үшін шалдығады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу