Жигжидсурэн Чинбурэн: «Дәрігер Құдай емес!»

Oinet.kz 15-04-2018 1012

sNjV2DajEmQ.jpg

Моңғолиялық мамандар оңтүстікқазақстандық әріптестерімен бірігіп, облыстық онкологиялық диспансерінде бауыр обырына ота жасады. 

Бауыр – ағзаның басты сүзгісі. Бауырдың лимфа түзілудегі, қан ұюын реттеудегі және қанның тұрақты құрамын сақтаудағы маңызы зор. В12 және Д дәрумендерін құраушы болып саналатын бауырдың ауруға шалдығуы бүкіл ағзаның жағдайына кері әсер етеді. 

Бауыр – ағзадағы сыр бермейтін мүшелердің бірі. Мамандардың айтуынша тіпті бауырда үлкен көлемде ісік пайда болғанның өзінде ешқандай белгі бермейді екен. Сол себептен болар, бүгінде әлемде бауырдың қатерлі ісігі көбейіп тұр. 

Статистикалық деректерге қарағанда Қазақстанда жылына 900 адам бауырдың қатерлі ісігіне душар болса оның 100-ден астамы Оңтүсік Қазақстан облысында кездеседі.  Бірақ, науқастардың тек 45-50 пайызы емге көнеді екен. Яғни қатерлі дертпен ауыратындардың 30-35 пайызына химиятерапия қолданылса, 5 пайыздайына ота жасалады. Өкініштісі – бұл дертке шалдыққандардың жартысы ауру анықталған бір жылдың ішінде бақилық болады. Сондықтан бауыр обырын ерте анықтау және емдеуге мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. 

Осы орайда Моңғолияның Ұлттық қатерлі ісік орталығының директоры,  гепатолог Жигжидсурэн Чинбурэн бастаған бір топ дәрігерлер (Рамиш Асай, Мендхаргал Адилсайхан, Пуревбаатар Батирээдуй) күнгейлік дәрігерлерге «Бауырдың қатерлі ісігін емдеу» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Оңтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерде өткен жиынға жалпы тәжірибелік дәрігерлер, гастроэнтеролог, инфекционист, гепатологтар мен онкологтар қатысты. Жергілікті әріптестермен тығыз байланыс орнатқан профессор Чинбурэннің айтуынша Моңғолияда да аталған дертке шалдыққандардың қатары көбейе түскен. 

– Шымкентке осымен сегізінші мәрте келуім. Егер қатерлі ісік ерте сатысында анықталса, науқастардың 90 пайызы сауығып кету мүмкіндігіне ие. Бір өкініштісі – аты жаман ауруды алғашқы сатысында анықтау мүмкін емес.  Мұндайда  науқастың өмірін қымбат химиялық дәрілермен ұзартудан басқа амал қалмайды. Жағдайды қиындата түсетін тағы бір жәйт – бауырында ісік пайда болған науқастардың көпшілігінен С гепатиті анықталып жатады. Сондықтан қосарлы ем жүргізуге мәжбүрміз. Елімізде В,С гепатитін жұқтырғандардың саны едәуір көп. Бұл бауырдың қатерлі ісігінің көбеюіне де кесірін тигізіп отыр. Моңғолия онкологтарына бауырдың қатерлі ісігін емдеу жаңалық емес. Барлығы тегін жүргізіледі. Ал шетелде бір отаның құны 30-50 мың еуроны құрайды. Өкінішке қарай бауырында онкологиялық дерт анықталған науқастардың өмірінің ұзақтығы 5 жылдан аспайды. Оған қоса мұндай мүмкіндік науқастардың 20 пайызында ғана кездеседі. Қазір біздің мемлекет бауыр обырын ерте анықтауға көп көңіл бөлуде. Әсіресе гепатиттің В,С түрлері анықталған науқастардың бауырында ісік бар-жоқтығын міндетті түрде тексеру қажет. Бұл аурудың алдын-алуға көп көмек болар еді, – дейді ол. 

Онколог Моңғолияда донор мәселесінің дұрыс жолға қойылғанын айтты. 

– Мемлекетімізде туыстық донор мен қатар мәйіттік донор да дамып келеді. Егер азамат немесе азаматша «бақилық болған жағдайда ағзаларымды беруге қарсымын» деп жазып кетсе, ол адам донор бола алмайды. Керісінше тұрғын егер мұндай хат қалдырмаса, медицина мамандары қайтыс болғаннан кейін оның жарамды органдарын ала алады. Бізде отбасылар көп балалы болып келеді. Жанұя мүшесінің бірі ауырып қалса жақын туыстары бауыр, бүйректерін беруге дайын тұрады. Моңғолиядағы бауыр трансплантологиясының 70 пайызы туыстық донор арқылы жасалуда, – дейді білікті дәрігер. 

Шеберлік сыныбы барысында профессор Чинбурэн  әріптестеріне трансплантологияның кейбір қырларын аша түсті. Оның айтуынша мұндай күрделі отаға жалғыз хирург-трансплатолгтың біліктілігі аздық етеді. Ота кезінде мықты команданың болуы маңызды. Ол хирургтың көмекшісінен бастап анестезиолог, мейірбикеге дейін тиянақты болуы шарт. Отаны жасау қиын емес. Қиыны – отадан кейінгі ем-шара. Науқас ағза алмастыру процесінен кейін өте әлсіз болады. Оның оңалып кетуі анестезиологтың білімі мен біліктілігіне байланысты екен.

Шетелдік дәрігер Оңтүстікке жасаған бірнеше сапарында 40-қа жуық ота жасапты. Облыстағы онкологиялық диспансер мамандарымен бірлесіп қаншама науқасқа үміт сыйлап, дертінен айықтырған. Алайда мұнан  алдыңғы  сапарында  Жигжидсурэн ота үстелінде науқастың ішін ашып отаға жарамайтындықтан қайта жапты. Мұның себебін дәрігер былай түсіндірді: «Мұндай жағдайлар жұмыс тәжірибемде өте көп  болды. Негізінде бауырдың кейбір аурулары диагностика кезінде де анықталмайды. Бұл 100 науқастың 2-3-еуінде кездесетін жағдай. Бауырдың осындай асқынуларын тек ота кезінде байқай аламыз. Сондықтан  операцияны тоқтатуға тура келеді. Кейде науқасқа, туыстарына ота жасауға болмайтынын айтып түсіндіреміз. Бір ай бұрын ғана Моңғолияның атақты палуанынан бауырдың қатерлі ісігі анықталды. Емдеуге жарамайтындықтан оған операция жасаудан бас тарттым. Сонда да туыстары оны Токио қаласындағы атақты клиникалардың біріне алып барды. Ондағы дәрігерлер науқастың ішін ашып емдеуге болмағасын қайта жапты. Мен адамдарға дәрігердің Құдай еместігін айтқым келеді. Кейде ақ халаттылардың өзі дерттің алдында дәрменсіз және біз де қателесеміз».  

Шетелдік әріптестермен кездесу барысында онкологиялық диспансердің бас дәрігері Сәкен Қатбаев Чинбурэннің 15 шақты науқасты тексеріп шығатынын айтты. Сондай-ақ екі күннің ішінде хирург 5-6 ауруға операция жасамақ. 

Бауыр қатерлі ісігін емдеу онкологияда қиын саланың бірі болғанымен Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық – 2016-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында емдеу ісінде жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Бауыр қатерлі ісігіне химиялық препараттарды артериялық қан тамырлары арқылы тікелей жіберу еліміз бойынша алғаш рет 2011 жылы облыстық онкологиялық диспансерінде жүзеге асты. Ал 2013 жылдан бастап бауыр қатерлі ісігі хирургиялық жолмен емделуде. 

Дәрігерлеріміз Моңғолия Ұлттық қатерлі ісік орталығымен қатар жапондық, австриялық, француздық мамандармен де тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бауыр қатерлі ісігімен ауырған адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып, өлім көрсеткіші 2,5 есеге азайған. Мәселен осыдан 10 шақты жыл бұрын  бауыр рагына шалдыққандардың 90 пайызы бір жылдың ішінде өмір сүруін тоқтаса, қазір өмір сүру ұзақтығы өскен. Тіптен айығып кететіндер де жоқ емес. Әрине, оның барлығы дерттің асқынбауына тікелей қатысты. 

Сондай-ақ диспансерде науқастарды емдеуде жаңа таргеттік химиялық препараттар енгізілді. Ол науқастың бойындағы қатерлі ісік жасушаларын ғана өлтіріп, сау жасушаларға зияны тимейді. Ал бұрын химиялық терапия кезінде барлық жасушаларға бірдей әсер ететін ауыр дәрілер салынатын еді. Аурухана мамандары соңғы жылдары Еуропа пен Азияның жетекші мемлекеттерінде біліктілігін арттыруда. Осының арқасында жергілікті ақ халаттылар республиканың өзге өңірлерінде шеберлік сыныптарын өткізіп жүр. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, облыста қатерлі дертке шалдыққан 13 мың 115 науқас есепте тұрады. Соңғы үш жылда 410 науқас бауыр обырына шалдыққан. Кез-келген обырды алғашқы сатысында емдеуге болады дейді мамандар. Осы ретте күнгейлік дәрігерлер тұрғындарды жыл сайын скринингтік тексеруден өтуге шақырды. Айта кетейік, ТМД елдері бойынша тек Қазақстанда ғана қатерлі ісікке шалдыққандар 100 пайыз тегін емделеді.  

Что происходит с организмом, когда мы перестаем принимать витамины и минералы?
Вячеслав Локшин: «С помощью высоких технологий можно родить и в 60 лет»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу