Әкем мені кешірер ме екен?

Oinet.kz 03-06-2023 2844

Бір әке төсек тартып жатып, балаларына соңғы өсиетін айтты: «Жан балаларым, мен сендерді қолымнан келгенше адал еңбекпен, маңдай теріммен өсіруге тырыстым. Сендерге де менің осы жолыммен жүріңдер, адал болыңдар, ешкімнің ақысын жемеңдер! Сонда жүздерің жарық болады!»

Screenshot_1.jpg

Сол кезде ұлдарының бірі тұрып: 

«Әкешім, біз, әлбетте, сізді өте құрметтейміз. Бірақ сіз адал боламын деп жүріп, өлер кезіңізде артыңызға көк тиын да қалдыра алмай бара жатырсыз! 

Ал сіздер жемқор, ішкіш, жегіш деп айтатын адамдар ұлдары мен қыздарын үлде мен бүлдеге орап қойған. Ал біз өмір бойы мына тар үйден шыға алмай келеміз! Осы ма адалдықтың ақыры? 

Енді бізге де соны үйретіп жатырсыз. Рұқсат етсеңіз, біз енді өміріміздің жоспарын өзіміз жасайық! Бізді дұрыс түсініңіз!» Онсыз да қиналып жатқан әкеге бұл сөздер оңай тиген жоқ. Сонша жыл бағып-қаққан перзентінен осындай сөз естимін деп ойлаған да жоқ еді. 

Жүрегінің әр жерінен шым-шым етіп шаншып жатқанын ғана сезді. Көп кешікпей асқар тау әке мәңгілікке көз жұмып, алыс сапарға аттанып кетті. Қазаның арты күтілді, ас берілді,  баяғы қоңыр күндер өз кезегімен өте берді. Үш жылдан кейін әлгі баласы үлкен компаниялардың біріне жұмысқа орналасу үшін әңгімелесуге келді. Комиссия мүшелері әр кандидатпен жеке-жеке сөйлесіп, сынақтан өткізіп жатты. Кезек келгенде, ол өзін таныстыра бастады. Әкесінің кім екенін айтқанда, комиссия төрағасы бір түрлі күй кешіп, түрі өзгеріп, кандидаттың сөзін бөліп жіберді:

- Сонда сіздің әкеңіз менің бұрынғы бастығым болғаны ғой...

Комиссия төрағасы қасындағы әріптестеріне қарап: 

Құрметті әріптестер! Бұл кісінің әкесіне мен қарыздармын. Ол кісі кезінде мені жұмысқа қабылдап, білгенін үйретіп, бүгінгі жағдайға келуіме мол септігін тигізіп еді. Ол үшін менен ешқашан сый-сыяпат сұраған емес. Мен ондай таза адам көрген емеспін. Мынау жігітте  де дәл сондай тазалық барына мен кәміл сенемін. Сондықтан бұл кандидатты жұмысқа қабылданды деп есептесек, қалай қарайсыздар?

Алқа мүшелері қарсы болмай, әкенің абыройымен баласы жұмысқа қабылданып кетті. Өзінің жеке кабинеті, қызметтік көлігі, жоғары жалақы, бәрі де шешілді. Бірнеше жылдан кейін бұл қызметінен де жоғарылап, халықаралық компанияға басшы болып кетті.  Содан бір күні журналистер бұл жігіттен сұхбат алып жатып: «Сіздің осы жетістіктеріңіздің басты құпиясы неде?» деген сұрақ қойды. Жігіт бұл сұраққа жанары суланып отырып жауап берді:

- Мені бұл жағдайға әкелген менің әкем болатын. Ол кісі өзі кедейлеу кісі болғанымен, жан жүрегі өте бай адам еді. 

- Сіз неге жылап отырсыз? 

- Әкем төсек тартып жатқанда, ауыр сөздер айтып ренжіткен жағдайым бар еді. Оның мен секілді адал болыңдар деген өсиетінен бас тартып едім. Сол қателігімді әкем кешірер ме екен, өз қабірінде жаны рахаттанып жатар ма екен деп көп ойлаймын. Сол ойым еске түсіп кетті.

- Енді қазір сол өсиетті орындауға дайынсыз ба?

- Әлбетте, дайынмын. Қазір мен үшін әкемнен абыройлы ешкім жоқ. Ол кісі мен Құдайдан кейінгі екінші адам болып саналады. 

Сосын біраз ойланып отырды да, сөзін былай деп түйіндеді: Адамның өзіне жақсы атақ жасауы оңай шаруа емес екен. Ондай ат тым кешігіп келеді. Бірақ ондай жақсы ат сен өлсең де, өлмей, артыңда мәңгілікке қалады екен? Әділдік, адалдықпен, Құдайдан қорқып, халқын сыйлап өмір сүрген адамда мал байлығы болмаса да, жан байлығы молынан болады екен. Соған көзім анық жетеді.

Перзенттерімізге жақсы  мұра қалдырайық, ағайын!».

Құрметпен, Асылбек Әуезханұлы

Мазақ па, жоқ құрмет пе? - Жақындары 87 жастағы әженің сілікпесін шығарды
Өзбек шалдың жазасы ауыр болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу