Филология. Реферат. Антиобраз жəне қаламгер тұғырнамасы

Oinet.kz 12-09-2020 721

Қоғам — постиндустриалды, мəдениет — постмодерн. Ал əдебиет қайда бет бұрып бара жатыр?

Үшінші жаңа мыңжылдыққа аяқ басу — бір құбылыстың басы, екінші бір құбылыстың соңы болуы бек мүмкін. Ақпарат ағымы тасқындаған заманда, ғасырлар тоғысында таным дағдарысы белең алды. Жаңа мəдениет көкжиегін көксеген жаңаша көзқарас ізденіске бастап, осы тұста тың талғам қалыптасуы уақыт заңдылығы десек те болады. Тың ізденіс əдебиетте жемісін қалай беріп жатыр? Бұл — бүгінде сөз өнеріндегі жауабын күтіп тұрған өзекті мəселе. Біз бұл жобамызда жазушы Мадина Омарова шығармашылығы арқылы өз жауабымызды беруге тырыстық. Бірден көзге шалынатыны, М.Омарованың кейіпкерлерінің күрделілігі, қайшылықты болмысы. Автордың көркем шығармаға арқау еткен идеясының образға айналуы, яғни қаһармандар əлемі жас жазушының қазақ прозасына алып келген өзгеше демі іспеттес. Қоғамдық мəселеден гөрі, кейіпкер болмысына терең үңілу, шынайы табиғатын таныту жаңа заман еншісіндегі жаңаша автор тұлғасын елестетеді.

Қазақ прозасында соңғы жылдардағы əдеби тенденциялардың бірі ретінде белең алған экзистенциализм ағымын Мадина да айналып өтпейді. Бұны біз қаһарман мен авторлық позиция арақатынасына терең үңілгенде байқай түсеміз. Ақиқатқа адам болмысын тану арқылы жетуге ұмтылыс, өмір сүрудің мəні — өзіңді өзің тануда деген сынды қағиданы басшылыққа алып өмір сүретін замандастарының қазіргі қазақ қоғамындағы трагедиялы табиғатын образдардың өз əлемінен аспай жататын өзінше реалистік психологиясы арқылы жеткізеді. Қаламгер туындыларынан сан алуан кейіпкер галереясын көруге болады. Өзінің əрекетіне есеп бермейтін абсурд қаһарман, өзін шексіз сүйетін нарцистік психология, шектен тыс эгоист, өзін-өзі таба алмай адасқан, сезімнен ада тас жүректер т.б. Мистикалық əңгімелердегі елес адамдар да өзіндік айтары бар дара персонаждар. Адам жанын, батыстан жеткен капиталистік қоғам тəрбиелеген замандастардың жан дүниесін оның əлемге көзқарасы, айналамен байланысы, өмір сүруге деген құштарлығының дəрежесі, өмір мəнін түсінудегі парасат-пайымына қарай беруге тырысқан. Осы алуан психологияның басын қосатын бір ұқсастық бар. Ол қандай үндестік? Оған шығармаларды талдау барысында мүлтіксіз көз жеткіземіз.

Қазіргі əдебиетті бұрынғы кеңестік сыңаржақты үрдіспен тақырыбына қарай жүйелеу тар шеңбер екендігін, себебі көркемсөз өнерін белгілі бір қасаң тақырып қазығына матаудың бұрыстығын уақыт өзі дəлелдеп отыр. Ендеше тұтас бір дəуір əдебиетінің даму тенденцияларын айқындайтын тақырыптың өзектілігінен де бұрын оның көркемдік сапасы болмақ. Ал көркемдікдің өлшемі — кейіпкер мінезінің даралығы мен шынайылық сипаты, адам жанының диалектикасын ашуда екендігін ескере отырып, біз бұл еңбекте қаламгер шығармашылығын жаңаша көзқарас талабына сай зерттеп, зерделемекпіз.

Қаһармандардың қиын да күрделі психологиясы, ақылға сыйымсыз əрекеттері қазақ ұлты ғана емес, жалпы адамзат жанында өтпелі де қауіпті, соңы белгісіз бір үдерістің өтіп жатқанын аңғартқандай.

М.Омарова туындыларында кейіпкер бей-берекеттігі, өзі бір жеке əлем жасап алып, басқаға сұлқ қарайтын болмысымен дараланып тұрады. Сүйкімсіз, сұрқай образдар табиғатына терең үңілген сайын олар үшін жалпы адамзаттық игі идея, бүкілқоғамдық құндылықтардың «ештеңеге» татымайтынына куə бола түсеміз. Сана ағымын жіті қолданған автор субъектінің ішкі жан-дүниесін барынша ашып, көздеген көркемдік концепциясын сол «жағымсыз» кейіпкер психикасына салмақ сала отырып жеткізеді. Қалыптасқан проза үлгісіндегідей əр түрлі образдар тай-таласқа түсу арқылы кімнің «жағымды», ал кімнің оған қарама-қайшы образ екені танылып жатпайды. «Экономикалық жəне рухани дағдарысқа ұшыраған елдің өмір сүру принципі өзгеше мəнге ие болғандықтан, əрбір адам өзінше тіршілік етуге ұмтылған, мəселені жеке-дара шешуге тырысқан «өзімшіл» сананың күшейуіне ықпал етті. Нəтижесінде мың құбылып, күнде өзгерген заман ырқы ұлт психологиясына айтарлықтай жарықшақ, сызат түсіріп, қырық құбылған индивид характер тудырғаны ақиқат. Қоғамдағы адам баласының ала-құла мінезі мен əрқилы іс-əрекеті түрлі оқиғаның тууына, бұрын қазақ арасында болмаған жағдайлардың орын алуына дейін көрініс берді» [1]. Кейіпкерлер бастарынан өткен шындықты «өзінше» дұрыс бағамен жай ғана баяндайды. Ешкімнің ақылы оларға қажет емес. Оларды сан қилы əлеуметтік қайшылықтарға толы қоғамның зардабы тəрбиелеген. Жоқ- жітік, əлеуметтік теңсіздік «қатайтып» жіберген бұл кейіпкерлер өзгелер жан түршігетін жағдайларды маса шаққан құрлы елемейді. Əрі өзінің бұл əрекеті дұрыс еместігіне де басы ауырмайды. Антиқаһарман — өз бойында адамшылық пен пендешілікті қабат сыйғызған адам образы. Кейбір шығармаларда қатыгез, немқұрайлы, тіпті сүлесоқ, жауыздықтан тайсалмайтын болса, енді бір шығармаларда мұңды, жан дүниесі ізгі болса да қоршаған ортасы оны түсінбейтін, өзі де алға ұмтылмайтын қайшылықты кейіпкер екенін ескерсек [2], автордың «Ана ғұмыр» мөлтек романындағы Гүлзираштың алғашқылардың сапына жататынын мойындаймыз. Оны өзі де ашық айтады. «Əжем қайтыс болғаннан кейін, мен өзімнің туған анамның қолына интернат көріп, жетім қалған мені асырап алуға ниет білдірген барлық туыс-туғанның қолынан өтіп, бір-ақ оралдым. Осындай қилы ғұмырды бастан кешкен соң ба, мен аздап, жұмсартып айтқанда, еркіндеу едім». Əжесі қайтыс болған сəттен ол балалығын жоғалтады. Алаңсыздық орнын басқан мұң, əлдебір көмескі бақытсыздық жетелеген қара қызды шын мəнісінде, туыстары емес, қатыгез өмір тəрбиелеген. Сондықтан да ол «бірбеткей, өзімшіл, қатігез, ақымақ». Іштен оқып туғандай, жалпы психологиясы дұрыс қалыптасқан мейірімді, ұқыпты, жұғымды қыздарды ол жан-тəнімен жек көреді. Тіпті өз анасы да жерініп, «сұқсырдай сумақай, жұртқа жұғымы жоқ, сүйкімсіз сұмырай» деген баға берген. Оған жасыған кейіпкер жоқ

. Қиналмастан:«Негізі мен шешемді адам екен демейтінмін», — дейді жайбарақат. Өзіне лайықты зат алдыру үшін ғана шешесіне ілесуі шектен тыс эгоизмін көрсетсе керек. «Адам адамға қасқыр» деген капиталистік қоғамның қасаң қағидасын бала күнінен құлаққа ілген. «Үйдің іші астан-кестең. Төбелес, қағылған-соғылған ойын. Əлі келетіні əлжуазын сабап, бажылдатып жатады. Темекінің де дəмін сол кезде таттық. Тіпті ішіп те көрдік.» Кері кеткен өміріне қапаланған анасының жан айқайын сезіп, оны «қатты аяса да» селт етпейді. «Жанына жалау» тұтқысы келген ана үмітін əпсəтте аяққа басып, «Бірақ мен өзімнің сол кездері басқа емес, сондай болғаным үшін өкінбеймін. Маған əлі күнге дейін Тимур секілді балалар ұнамайды. Суқаным сүймейді оларды» деп тұрған сезім иесінен сескене бастайсың. Балалық шағы батпақты болған кейіпкердің кейінгі өмірі де күліп жарытпайды. Еті əбден өлген, қорқынышты, жиіркенішті əрекеттер дағды боп сүйекке сіңеді. Өз тілімен сөйлетсек: «Мен махаббатқа сенбеймін... Жасамай жүрген ұрлық па... Мен қорқынышты фильмдерді ұнатамын. Маған қарабайыр, өмірдің өзіндей анайы қорқыныш керек. Жақсы жазылған қорқынышты кітап болса оқимын». Ол бір сəт өзінің абсурд образ екенін де таныта кетеді: «Сөйлесем — аузымнан сандырақ шығады». Өз сезіміне ие болмай, көңілі қалағанды тантып, жанындағыларға психологиялық шабуыл жасап отырады. Тіпті өзіне «жынданған» енесін көргенде «іштей масайрап, əкесінің құны түгел қайтпаса да, қайта бастағандай, əлдебір рахат күйге енеді». Қаһарманның «анти» болу себебі, ол үшін өмір тек қорқыныштан тұрады. Басқа ештеңе емес. Сондықтан да өзін іштей осындай қарама-қайшылыққа дайындап өскен ол, бəріне сүлесоқ қарау арқылы өзін-өзі қорғайды. Маңдайынан бес елі соры арылмаған бейбақ екенін біле тұра, жасымайды, келеңсіздікті ойлап жүйкесін тоздырмайды. Тіпті жақсылыққа ұмтылыс та танытпайды. Көше қаңғыбастарынан кешірім сұрап жүретін жаны нəзік Жəдігер қоғам алдында рухани қорғансыздығын сезіп, Гүлзираштың замана запыранына жиіркенбес батылдығын пана тұтады. Өзінікінен басқаны мойындамайтын, өзі түсінбейтін, ақылы жетпейтін нəрсені бар деп білмейтін кемшілігі — оны өз танымындағы қорқынышты қоғамнан құтқарар асыл қасиеттері. Бір қарағанда, қасіреті тəрізді. Жүрегін жауып, санасын соқыр қып қойған. Бірақ Гүлзираш өзі ойлағандай тым сүйкімсіз жаратылыс емес. Автор кейіпкерді бүкпесіз сөйлету арқылы əрі даттап, əрі ақтап отырған. Əжесінің ыстық махаббатын аз уақыт болса да сезініп өскен бұл қыз рухани мүгедек емес. Дəстүрлі түсінігіміздегідей жағымсыз образға жатқыза алмайсыз. Балалықтың бал күнін кешіп жүрген бүлдіршінге əжесінің қазасы бар ғұмырына созылып кете барған сорды қоса ала келді. Өмірдің негативті жақтары ғана көзіне шалынатын ол əжеге деген сағынышын суретке түсіргісі келді. Солғын түстермен. АҚ, ҚАРА. Бұл оның өзімшіл санасында қалыптасқан өмір жолақтары еді. «Алпамыс», «Қобыланды батыр» сынды халық ауыз əдебиетімен сусындап, рухани азық алып өскен. Бала күнінде өлең жазған. Əлбетте, жаны жақсылықты қалар, сезімтал жандар өлең жазуға құштар болып келетіні аян дүние.

Қыста да, жазда да

Тұра берші, көп гүлдер.

Қарабайыр шумақтарда философия жасырынып тұр. Пəктіктің, нəзіктіктің символы — гүлдің қысы-жазы солмауын қалайды. Демек, оның жаны ізгілікке құштар. Адам баласының əу баста негізінің таза екенін алға тартқан автор қара қыз жан дүниесінің жылдар өте жұтаңдауының себебін қоғамдық шындықтарды баяндату барысында көз алдыңа əкеледі. Адам мен қоғам арасындағы бітіспес тартыс. Адам қоғамды қалыптастыра ма? Жоқ, қоғам адамды тəрбиелей ме?

Адам деп есептемейтін анасының тауқымет азабын бұл да тартады. Жай ғана емес, қатты аяйды, бірақ іштей.

Зұлым, тасжүрек боп көрінген қаһарманның өзі бір сəт сол адам баласының зұлымдығынан жериді. «Мен бұл кісіні жек көремін. Мен жалпы бұларды отбасымен жаратпаймын. Кенеттен ауылдан бірақ шықсам ғой.» Өйткені бұл маскүнемдер жанұясы еді. Тексіз еді. Ол жусанның иісін аңсайды. «Бұл өмірде жусанға жететін не бар. Тіпті өсіп тұрысының өзінде жылу, ошақтан шыққан түтіндей тіршілік бар». Автор осы бір деталь арқылы сезімге селт етпес қаһарманының туған жерге, ауылға деген ыстық сағынышын жеткізеді. Ошақтан шыққан түтінге теңеуіне қарап, бауырлары, анасы, күйеуі, енесіне мейірім танытпай, қатыгездігімен дараланып жүрсе де көкейінде сүттей ұйыған біртұтас отбасына аңсарын да аңдатып өтеді. Тамырын жайған жусан — керегесі кеңге кеткен өміршең шаңырақты аңсаған жасырын күйзелісін көрсетеді.

Рухани жарастық таппай санасы тұйықталған Гүлзираш қоғамды жатсынады. Аптап ыстығы есінен тандырып, мұрнынан қан ағызатын ауылынан басқа мекенді қабылдамайды. Басқа жердің бəрі бөтен. Ол да бөтен.

Бауырларынан қамқорлығын аямаған қолғанат қара қызды ол өзіне қарама-қарсы, шындық ауылынан барынша алыс кейіпкер етіп алады. Мұндай қайырымды жандарды суқаны сүймейтінін айтқан ол өз-өзіне қарсы шығады. Этюдтегі қара қыз тəрізді мейірім иесі болғысы келсе де, ішкі қайшылық тежейді, қатыгез қоғам қалыптастырған қиқар болмыс жібермейді. Əйтсе де, түп негізінде қамқорлық, бауырмалдық сезімі бұғып жатқанын жасыра алмай қалады. Əрекетсіз болса да, бауырларына аузынан жырып беріп, тынымсыз қолқабыс жасап, мейіріммен қарауды ойлап қоятынына шүкіршілік еткендейсің.

Қоғамда көп ешкім бас ауырта бермейтін бомждар тағдырының алаңдатуының өзі-ақ оның қоғам жасап берген «темір сауыттың» ар жағында астар боп жатқан ізгі жаратылысын аңғартып өтеді. Əрі- беріден соң антиқаһарман тағдырға сенетін иман иесі екенін танытады. «Мені не деп қарғайды, менің қандай кінəм бар. Оны Алла көрмей тұр ма?» Өзінің жазықсыз екенін дəлелдеп, əділдік іздейді. Қанша қыршаңқы бола тұрса да, өтірік айтпайтындығын, жалған ақталудан аулақ бірбеткейлігін бала күнінде анасы таяқтың астына алғанда, əрекетінің бұрыстығын үнсіз мойындауынан байқаймыз. Баласы Алкенге деген махаббаты да шексіз. Өзі көрген тағдыр тауқыметін мына қытымыр өмірден əлі бейхабар баласының тартқанын ана жүрегі қаламайды.

Рухани дағдарысқа ұшыраған кейіпкердің эпилогтағы толғанысы оқырманға тың ой тастайды.

Шығарма бойында кездескен бар сұрақтың жауабын табамыз.

«Мен əжем туралы ойлаймын. Ол кісі мен үшін Ұлы жұмбақ. Тылсымына бойлай алар емеспін. Бəлкім, күндердің бір күні кездесерміз, сонда ұғармын əлденені». Өзін-өзі жатсынған, тарихи тамырынан ажырап бара жатқан антиқаһармандар үшін қай жағынан алсаң да тұнығы лайланбаған Əжелер табиғаты тылсым болып қалуы заңдылық еді.

Жаңа заман қаһармандарының күрделі бір қыры «Коньяк қосылған кофе» драмасында терең ашылған. Мораль тенденциясын алдыңғы кезекке шығара отырып, автор адам проблемасын шешу жолында тың ізденістерге барған. Кейіпкерлердің қоғамдағы орны айқын. Бірі сырт қарағанда жұп- жұмыр, сүттей ұйыған «үлгілі» отбасы. Əке де, шеше де — тəрбие негізін қалаушы педагог. Ал Шəменнің қандай ортада өскені шығарма шырқау шегіне жеткенде ғана ашылады. Қоңыз теріп жанын бағып жүрсе де ірілігін бермейтін тектілікті аңсаған кейуананың да, сол ескінің көзімен ымыраға бір келмейтін келінінің де ə дегеннен Шəменнің болмысына көңілдері толмайды. Сүйегін танымай отырған Шəмен рухани жұтаң, қазақилықтан ада, əке тəрбиесін көрмеген тексіздігін танытып алады. Бірақ анадан да жарытып тəрбие алмағанын көргенде адасу үшін, басын тасқа соғу үшін келген сорлы ұрпақ па деген ойға еріксіз келесің. Қатыгез тағдырдың құрбандығына айналған кейіпкерлер арасындағы қайшылық Батыр тəрбиесіне келгенде асқына түседі. Білімін өмір қажеттілігіне ұштастыра алмаған ғалым-əке өз əлемінен аса алмаған. Бала тағдыры алаңдатып жатқан əке жоқ. Ана да, əке де бақыттың бағасын материалдық байлықпен шектеп қойған. Ал баланың жан дүниесі назардан тысқары қалған. Бал арасы тəрізді таңды таңға ұрып тынымсыз атқарған еңбектерінің нəтижесі кім үшін екенін де ойламаған. Қызметі алдыңғы орынға шыққан ананың аялы алақанын аңсап өскен Батырдың трагедиясы тірі жетімдігінде еді. Шəменнің тілімен айтсақ, ол да,«күйеуімен ажырасып, бала-шағаларының алдында ішіп те, құсып та жататын» қарындастары да жабайы мысықша өскен. Бұл — бүгінде бүкіл қоғам трагедиясы. Əуезов негізін салған жетімдер тақырыбы қазіргі сəтте тірі жетімдер проблемасына ауысқан. Отбасы мүшелері мұрнын шүйірген Шəменге жігіт бір сəт қызыға қарайды. Өйткені олар шүйіркелесіп, сыр бөліседі. Көңілдесін қызымен қосыла санап отырған анадан ол жиіркенбейді, қызғаныштан жылайды. Жаны қиналады. Танымал Раскольниковтің «О, милые и несправедливые сердца!» деп қиналатыны бар еді [3]. Батыр да күйзеледі. Өзін тек қатардан озық болуын ғана қалап, жан дүниесіне туған бола тұра кіре алмаған əке-шешесін «Мен де өзімнің əке-шешемді жақсы көремін ғой, Шəмен. Бірақ кешіре алмаймын» деп бақытсыз балалығы үшін, бар бола тұра жоқ болған тірліктері үшін жазғырады. Ал «Мен əкемнің кім екенін де білмеймін, шешемнің өзі де білмейді. Сұрай қалсам, шатасып екі-үш кісінің атын айтады» деп жымиятын Шəмен қорлық тірлік кешіп жүрсе де, анасымен қиындықты бір бөлісіп, құшақ жылуын сезініп өскендіктен де өзін бақытты санайды. Тіпті неше түрлі сұмдықты көрсеткен анасының кезекті бір көңілдесінің айуандығын жасырып қалады. Онсыз да жырым-жырым ана көңіліне салмақ түсіргісі келмейді. Анасы — оның «жүрегі.» Күмəн мен қорқыныш, қорлық тəрбиелеген Шəменнің күрделі, жұтаң рухани əлемін, ішкі сезімін автор арнайы бейнелеу тəсілдеріне жүгінбей-ақ, əрекеті арқылы көрсетуге мəн берген. «Сен адам өлтіріп көріп пе едің? Алқызыл ыстық қан алақаныңды жуып, жүрегіңде мұз боп қатып жатқан кесек кекке нұрша құйылған сəтті бастан кешіп пе едің. Қан, тек қан ғана жуа алатын, тазарта алатын кек болады өмірде...». Оқырман жан- дүниесіне əсер етуде Мадина осылай келеді. Қантөгісті аңсап тұрған Шəмен кім? Енді жауап іздейміз. Өз қызын өз əкесінен қызғанған ананың қылығын қалай түсінеміз? Құндыз неге ғайыптан жоғалып кетеді? Күмəншіл кейіпкерлермен бірге оқырман да күдіктене бастайды. Бəлкім, шынымен Батыр... Оқырман жауап таппай дал болады.

Адам, Қоғам, оның əлеуметтік қырларын танытуда жазушы кейіпкер басындағы жатсыну процесін жиі сөз етеді. «Бақсының моласындай одағай, сайғақ жүрісті» Құндыздан Батыр жанына жақындық, ұқсастық табады. «Мен де өмір бойы сенделумен келемін». Əлемдік əдебиетпен арна тауып жатқан төл шығармаларымызда 70–80-жылдар прозасынан бастау алған экзистенциалистік таным концепциясы — жатсыну процесі осындай философиялық ой тастайды. Батыр өзін-өзі танымаққа қадам жасайды. Нəтижесінде адамдарды жатсынатынын түсінеді. Өзіне «құлақ естіп, көз көрмеген» айып тағылғанда, əйелінің жетімдер үйінен шыққан анасымен көрген естеліктерін естігенде жаны түршігеді. «Анасын көріп қызын ал...». Маңдайы тасқа соғылғанда ғана қайран əже ақылы есіне түседі.

  • ...Қазір өлесің. Жүрек талмасынан өлгендей боласың.

...Енді айтшы, кетіп бара жатып шындықты айтшы, мен қателескен жоқпын ғой?

  • Қателестің. Сен қателестің. Шəмен.

Күмəн мен күдіктің соңына өліммен нүкте қойылады. Бірақ шындық қайда? Образдардың ішкі психологиясын шыншыл беруде диалогтар роль атқарып тұр. Шəменнің бірінші күйеуі де жүрек талмасынан қайтыс болған. Сонда Батырды «ауру» деп жазғырған Шəменнің өзі дертке шалдыққан болып шығады. Кейіпкерлерінің жұмбақ болмысы, психологиялық пайымдаулар арқылы өмір шындығы осылай берілген.

Жас қаламгер қазақ прозасында интеллектуалдық дамудың үрдісі жүріп, жаңа құндылықтармен толығып жатқанын анықтай түскендей. Модернистік поэтиканың сана ағымы, фантастикалық бейнелеу, түс, т.б. түрлерін пайдаланған. Характерлердегі сапалық өзгешеліктер жаңа философиялық таным, дүниетану жаңа стильдік бедерлер, көркемдік ерекшеліктермен берілген. Осы орайда прозаға серпін жасап жүрген жазушы Дидар Амантайдың мына өз ұстанымының жандылығын ескере кеткен дұрыс: «Байлауы жоқ қызыл сөз қуған лингвистикалық орамдарды мейілінше азайта отырып, сюжеттік желіге құрылған уақиғалы сөйлемдерді көбірек жазу. Прозаның дамуы əрдайым оқиғаға құрылуы керек. Құрылған сөйлем сізге нақты жауапты алға тартпайтын, сауалы мол сөйлем ретінде құрылуы тиіс. Сөйлемнің үйлесімділікке, үндестікке құрылып, бірнеше мағына бергені əрі оқиғаны суреттегені, ойды хикаятпен бейнелегені жөн» [4]. Постмодернизмде бірыңғай стиль жоқ, сондықтан жарып шыққан постмодернистік стиль болмайды. Қысқа да нұсқалық, қарабайыр емес, қарапайым суреттеу, оқырманды бірден оқиғаға тарту арқылы қызығушылығын арттыру бұл ағыммен қатар келгенін де уақыт көрсетіп жатыр. Бірақ постмодернистік əдебиеттің дəстүрге қарама-қайшы келіп жататынын ескерсек, қаламгердің шығармашылығына қарап, нақты шешім қабылдау əлі ертерек екенін, оның осы екі ағым арасында ізденісте жүргенін аңғарамыз. «Дəстүр мен жаңашылдықта еркін жүзетін, классика мен постмодернді бірдей меңгерген постреализм — Адам тіршілігінің маңызы туралы мəселе қояды жəне көзге көрінетін «бей-берекеттен» өзінің ғана əлемін» жасайтын кейіпкер арқылы шешеді» [5].

Біз бұл зерттеу мақаламызда қазақ əдебиетіне жаңа сөз болып қосылған жас прозашы Мадина Омарова шығармашылығының ерекшелігін кейіпкер болмысы арқылы аша отырып, жалпы прозамызда өтіп жатқан үдерістерді зерделеу, сараптау, сол арқылы қоғамдық-əлеуметтік үдерістерге шығу мақсатын көздеуге тырыстық. Көптеген қызғылықты үдерістер жүріп жатқанына көз жеткіздік.

«Жалпы, əдебиет дегеніңіз — адамның жан сағынышы, мөлдірлік, тазалық екенін ойлағанда, əйел қаламгерлердің өмірдің небір құбылыс, қалтарыстарын нəзік сезінетінін, сол арқылы үлкен мəселелерге шығатынын көреміз» (Ə.Бөпежанова) [4]. Өзінің бейтарап кейіпкері арқылы автор тұлғасының сан қырлылығы, адам жанын түсінудегі терең суреткерлігі, сыртқы əлемнің замандастарының ішкі жан дүниесіне жасап жатқан төңкерісін бар болмысымен сезіне алғандығы бүгінде проза саласының жаңаша дамудағы бет алысын көрсетеді. Рухани кеселге шалдыққан қаһармандар арқылы қоғамның қасіретін көз алдыңа əкеледі.

Сан алуан образдарға куə болдық. Бүгінгі Өмірді — айна, қатесіз танытып жатқан шығармаларынан түйетініміз, бар туындыда бір ғана қаһарман — уақыт деп түйеміз.

Қазақ прозасында постмодернизм үлгісі дəстүрлі поэтикалық құралдарды толық алмастырған жоқ, екеуі қатар дамып келе жатқанына аталған еңбекте көз жеткіземіз.

Əдебиеттер тізімі

  1. Оразбек М. Абсурд, немесе антиқаһарман // Қазақ əдебиеті. — 2006. — № 5. — 3 ақп. — 8-б.

  2. Оразбек М. Көркем прозадағы шығармашылық тұлға мен авторлық позицияның арақатынасы: Филол. ғыл. канд....автореф. (1980–2000 жылдар əдебиеті бойынша). — 12-б.

  3. Достоевский Ф.М. Преступление и наказание. — М.: Худ. лит., 1970. — С.

  4. Интернет материалдары. Massagan. kom, googel.

  5. Омарова М. Ана ғұмыр. Проза. — Алматы: Жалын, 2009. — 4-б.

Филология. Реферат. М.Мақатаев лирикасындағы фразеологизмдердің қолданысы
Филология. Реферат. Фразеологиялық энантиосемия
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу